Кітап оқу жастарды білімге баулып қана қоймайды, рухани жан-дүниесін байытып, ойын ұшқырлап, қиялына қанат бітіреді. Сондықтан бүгінгідей газеттен гаджет озған заманда өскелең ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын ояту – бүгінгі аға буынның басты міндеті. «Kitap Time – 2024» III жалпы республикалық кітап фестивалі, міне, осы мақсатты көздейді. Сол арқылы кітапхана бұрынғыдай жастардың көп қатынайтын рухани ордасына айналуы тиіс. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІⅤ отырысында сөйлеген сөзінде:
«Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген болатын. «Kitap Time – 2024» III жалпы республикалық кітап фестивалі аясында аудандық №1 қалалық кітапханада өткен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалық көңілдің пернесін дөп басқан» атты портреттік кеші жас оқырмандарды тарта білді. Онда қазақ прозасына өзгеше өрнек әкелген қазақтың дарынды жазушысының есімі мен шығармалары ұлықталды.
Иә, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аманатталып келген ұлттық сана-сезімді өшірмеу, тарихты ұлықтау, салт-дәстүрді насихаттау және ел мәдениетін көтеруде әдебиеттің алатын орны ерекше. Шара да осындай қазақ прозасындағы шығармалар халықтың тарихи тағдырымен тығыз байланысты екенін балаларға түсіндіру мақсатында «Бір ел – бір кітап» акциясын негізге алып өткізілген еді.
2024 жылы 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін Бердібек Соқпақбаевқа арналған портреттік кешті №1 қалалық кітапхана меңгерушісі Нұрсұлу Бердібекова ашып, жас оқырмандарға жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы сыр шертті. Шара барысында Бердібек Соқпақбаев туралы ақын-жазушылардың пікірлері бейнебаян арқылы экраннан көрсетіліп, кітапханадағы «Жас оқырман» клубының мүшелері Аида Ғалымжан, Кәусар Нартайқызы, Нұрдос Есенбай, Дарын Мерген және Бекжан Болатұлы бастаған бір топ әдебиетсүйер жас оқырман жазушының «Менің атым Қожа» кинофильмінен қойылым көрсетті. Нұрсұлу Бердібекова шараға қатысушыларды «Шырынын алып шындықтың» атты кітап көрмесімен және «Бердібек Соқпақбаев» атты лэпбугімен таныстырып, жас оқырмандарға сөзжұмбақтар ұйымдастырды.
Фестиваль соңында кітапханамен үнемі тығыз байланыста болып, барлық мәдени іс-шараларда белсенділік танытып жүрген «Жас оқырман» клубының мүшелері алғысхатпен марапатталып, №1 қалалық кітапхана атынан сыйлықтарға ие болды.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ