Балаларға таптырмас «Базарлық»

Болат Дәулетов – балаларға арналған тартымды, тағылымды өлеңдерімен танылып жүрген талантты қаламгеріміздің бірі.

Кезінде жарық көрген «Мейірім», «Шуағым», «Тағылым», «Сыр мен Жыр» жинақтары жас жеткіншектердің бойына адамгершіліктің, сыйластық пен достық қасиеттердің сезімін сыйлаған еді. Ал:

Көңіл – жүйрік, сезім – нәр,

Жүрегімді тулатқан.

Жолдарыңда сөзім бар,

Біржапырақ шумақтар, - деп өзі жазғандай, қолымыздағы «Базарлық» атты жаңа жинағындағы «Шумақтар» мен «Қос шумақтар» балалар санасына қонымды, ұйқастары тасқа таңба басқандай, өзіндік үйлесімге құрылған өлең жолдары деп таныдық.

Таңдайлары тақ-тақ,

Алатын тез жаттап.

Бала сүйіп оқитын,

Әдемі сөз тақпақ... екендігін әдемілеп, бала тілімен тартымды жеткізуі – автордың өзіне тән қолтаңбасын дәлелдесе керек. Айталық:

Білесің бе, кім жақсы?

Ақылды ұл мен қыз жақсы.

Дүниеқор мың жаннан,

Қайырымды бір жақсы.

Немесе: Мен-мендік жаман қалмаған,

Пасықтық жаман арбаған.

Білмеген, жаман, білем деп,

Білгеннің тілін алмаған.

Ата-бабамыздан қалған түсінігі ұшан-теңіз, тілегі дариядай өшпес ұғымды бір шумаққа сыйғызып,түсінікті жазу автордың шеберлігі дер едік. Жалпы, балаларға арнап өлең жазу қиынның да қиыны екендігі бәрімізге аян. Болат – сол қиындықтан қаймықпай келе жатқан ақындардың бірі. Оның өзге әріптестеріне ұқсамайтын ерекше жазу стилі бар. Қазақтың қара сөзіне құрылған терең ойлы ақылы мен нақылының тағылымын жалғыз шумаққа сыйғызып, жеткіншектерге жеткізу, әрине, шеберлікті қажет етеді. Бұл да - ақынның өлеңге жеңіл-желпі қарамай ойланып-толғанатындығының, ұғынықты ұйқастар тауып, көп ізденетіндігінің айғағы.

«Базарлықтағы» өлеңдердің баршасы балаларды үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға, туған жерін, өскен елін сүюге, шындықтың түзу жолын ұстап, өтіріктен қашық жүруге, кітап оқып, білімді болуға шақырады.

Кітап сырын толғайды,

Жасап саған кісілік.

Жаман кітап болмайды,

Оқу керек түсініп.

Немесе: Ешқашан да шошымаң,

Ұйқың қанса осыдан.

Ең қызығы ертемен,

Тұрып кітап оқыған.

Осындай көркем сөзге құрылған,

жұғысты жолдарды «Базарлық» кітабынан көптеп оқуға болады. Оқушыларға:

Айтқандарын тоқысаң,

Ұстаз сенім артады.

Сабақ жақсы оқысаң,

Сөмкең жеңіл тартады.

Сондай-ақ, Талаптар көп төрелі,

Тілектер көп сөрелі.

Жақсы оқыған баланы,

Бәрі жақсы көреді, - деп ақын келер ұрпақтың кемел болуына үгіттейді.

Біз «Базарлықтың» бірінші бөліміндегі шағын шумақтарды ғана тілге тиек еттік. Егер кітапты одан әрі парақтайтын болсақ, мағынасы астарлы, ойы жүйрік, көңілге қонымды, танымдық жыр жолдарымен жүздесе аламыз. Сондай-ақ, «Ойна, ойла, балақай!» бөліміндегі жұмбақтар аса қызықты желіге құрылғандығымен ерекшеленеді. Авторға қаламың мұқалмасын, шығармашылығың жұқармасын, жас желектей оқырмандарың өсе берсін деп тілек білдірейік, қадірлі оқырман!

Әлібек АСҚАРОВ,

жазушы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT