Балабақшаға қадам басқан әр бүлдіршін мен оның ата-анасы үшін бастапқы күндер мен айлар күйзеліс кезеңі болатынын бәріміз жақсы білеміз. Әлеммен енді ғана танысып жатқан кішкентай баланың отбасынан алшақ әрі жат жерде жүруге үйренісуі үлкен жұмысты талап етеді. Ал әрбір үйдің бір-бір еркесінің қас-қабағына қарап, ас-ауқатын аузына тосып, жаялығын ауыстырып, жағдайын жасайтын, олармен балаша сөйлесетін, сәбидің тілімен өмірге қадам жасауды үйрететін ол – тәрбиеші.
Өкінішке орай, осынау маман иесі көп жағдайда ескерусіз қалып жатады. Сондықтан біз нәзік жандылардың мерекесі қарсаңында мектепке дейінгі мекемеде еңбек етіп жүрген жылыойлық тәрбиешілер туралы да жазғанды жөн көрдік.
Иә, өмірде өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған және сол кәсібіне адалдық танытып, беріліп жұмыс жасайтын адамды аз кездестіреміз. Ал біз сөз еткелі отырған тәрбиешіні ұжымдастары «Өз мамандығын жанындай жақсы көретін жан» деп бағалайды. Өзі тәлім-тәрбие беріп отырған әр бүлдіршіннің есімін еркелетіп атап, құшағына қысып,туған баласындай қарайтын педагогты, расында, өз ісіне адал жан демеске лаж жоқ. Сондай мейірімді тәрбиеші-педагогтың бірі де бірегейі – Жазира Саламатқызы.
Тәрбиеші мамандығын сонау балалық шақта-ақ таңдап қойған оқушы Жазира сол кездің өзінде мақсатына адал болды. Арман қуып, еліміздің бас қаласы – Астанаға оқуға түседі. Өзі армандаған мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мамандығында білім алып, қолына дипломын алған жас маман қаладағы «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасына қызметке орналасты. Бүгінгі күнге дейін балаларға саналы тәрбие беру ісімен айналысып келеді.
Ғылымға негізделген әдіс-тәсілмен берілетін тәлім-тәрбие ісі көбінесе балабақшадан басталып, білімнің алғашқы дәні мектепке дейінгі мекемеде егіледі. Жазира Саламатқызы мектепке дейінгі ұйымдардағы жұмыстың басты бағыты – оқу тәрбие процесін жүйелі жоспарлау, жаңа инновациялық технологияларды ендіре отырып балаларды дамытудың тиімді жолдарын қарастыруда шеберлік танытып келеді. Педагогикалық үрдістің тиімділігі тәрбиешілердің өз ісін сапалы орындауымен анықталады. Сондықтан да тәрбиеші мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту, тәрбие және дамыту әдістемелері жағынан білікті болуы керек. Тәрбиеші өз жұмысын ғылыми негізде теориялық тұрғыда сауатты жүргізе білсе, онда практикада жүйелілік, бірізділік қалыптасып, нәтижесі табысты болмақ.
Осы жағынан алғанда біздің кейіпкеріміз барлық талаптарға жауап береді. Оған Жазираның «Тағылым» республикалық ғылыми-әдістемелік журналы ұйымдастырған «Үздік педагогикалық мақала» республикалық конкурсының «Үздік сабақ» номинациясы бойынша 2-орын иегері және «Балаларға базарлық» республикалық байқауда кітап бұрышын ұйымдастыруда заманауи тәсіл ұсынғаны үшін 2-дәрежелі дипломмен марапатталуы дәлел. Күні кеше ол «Заманауи шығармашыл тәрбиеші – 2024» байқауында да 2-орынды иеленсе, аудандық «Цифрлық қоғамдағы білім берудің жаңа талаптары мен мүмкіндіктері: заманауи трендтер мен инновациялық тәжірибелер» тақырыбындағы білім беру қызметкерлеріне арналған педагогикалық оқулардың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ өзі қызмет ететін «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасында өткен «Үздік жас маман – 2023» байқауында 1-орынды иеленген білікті педагог.
Әр баланың бойынан қандай іске қабілетті, қандай өнерге бейімді екенін, жалпы икемділігін байқау балабақша тәрбиешісінің ізденісіне, байқампаздығына байланысты. Бұл сөзімізді балабақша тәрбиешісінің іс-әрекеті мен сөзі дәлелдей түсті. Ол конкурстарға дайындаған тәрбиеленушілері үнемі жетістіктерге жетіп жатады. Мәнерлеп оқу, сурет салу секілді байқауларға қатысқан балалар жеңімпаз атанған. Бала жанының кілтін тауып келе жатқан тәрбиеші бүгінде тәжірибелі маман, ұжымында сыйлы, әрбір іс-шараның бел ортасында жүретін белсенді жан.
-Қасымда маған сенім артатын балабақша меңгерушісі Нұрлықыз Азанқызы, өзім тәрбие беретін «Балдәурен» тобының тағы бір тәрбиешісі Зәуре Жұмабаева секілді апайлар мен ауызбіршілігі зор ұжымдастарым барда кез-келген жұмыстың нәтижесі көрінеді. Осындай тамаша ортада еңбек етіп жүргеніме қуанамын. Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кез сол кілт жүруі керек, – дейді тағы да Жазира Саламатқызы.
Ол балабақшада елдің баласының тәрбиешісі болса, үйде қос перзентін тәрбиелеп отырған аяулы ана, ата-енесіне қызмет жасап отырған үлгілі келін.
Дарынды ұрпақ, дара азамат, талантты қоғамның бастауы да балабақша екені сөзсіз. Сол тұлғаның дұрыс қанаттануы мен биікке өрлеуі балабақша қызметкерлеріне тікелей байланысты. Ұлы ақынымыз М.Жұмабаев «Мен дәрігерден гөрі тәрбиешілердің көп болғанын қалаймын, себебі дәрігер денеңді сауықтырса, тәрбиеші өне бойыңды сауықтырады» деген екен. Олай болса, өскелең ұрпақты саналы азамат етіп қалыптастыруда мектепке дейінгі тәрбие саласындағы барша тәрбиешілердің еңбегі ерен екені даусыз.
П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ