Отсыз тіршілік жоқ екені белгілі.
Балалардың сіріңке секілді тұтанғыш заттарды дұрыс пайдалана білмеуінің салдарынан туындайтын қайғылы оқиғалар көбінесе мектеп жасындағы оқушылар арасында жиі кездесіп жатады. Отсыз тіршілік жоқ екені белгілі. Десе де, оттың пайдасымен қатар кей жағдайда адам өміріне орасан зор қауіп төндіретін кездері де болады. Адамдар өздерінің ұқыпсыздығы мен сауатсыздығынан кейде өрттің қалай күш алып кеткендігін аңғармай да қалады. Сондықтан өрттің басталғаннан кейінгі емес, басталғанға дейінгі қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн.
Балалардың өрт қауіпсіздігін сақтауын балабақша мен бастауыш сыныптардан қалыптастыру керек. Оларға түсіндіру жұмыстары ойын-сабақ ретінде жүргізілуі тиіс.
Балаларға, өрт туындаған кездегі қауіпсіздік ережелері туралы білімдерін қалыптастыруды, қауіп төнген кезде өздерін қорғай білуді, өз өмірлері үшін өздері жауапты екендерін ұғындыру өте маңызды. Кішкентай балалардың отпен ойнауының себебінен шығатын өртке бола, өрт сөндірушілердің өз өмірлерін қиятындай қауіп-қатерге бас тігетінін оқушыларға бейнежазба, суреттер арқылы көрсетіп, түсіндіру қажет.
Әрбір ата-ананың балаларға үй жағдайында өрт болғызбаудың ең қарапайым ережелерін түсіндіруі аса маңызды болып саналады. Сіріңкемен ойнамау. Газ қондырғысын ашық қалдырмау. Тұрмыстық техника құралдарының (үтік, телевизор, компьютер және т.б.) тоққа қосылып қалмауын қадағалау. Өрттің шыққанын білгенде не істеу керек?
Өрттің ауқымы кішкентай болса, крандағы сумен немесе қалың дымқыл матамен өшіру; Өрт ауқымды болса, 101 нөміріне шұғыл хабарласу. Мекен-жайдың нақты орналасқан орнын, өрттің туу себебін баяндау. Өрт шығып жатырған ғимараттағы немесе үйдегі барлық тоқ көздерін ажырату, газ құбырларын жабу. Өрт шыққан орынды тастап, далаға шығу. Жоғарыда көрсетілген ережелерді үлкендер білгенімен, ойын баласы біле бермейді. Ата-ана балаларын қараусыз қалдырмауы тиіс. От жағуға арналған сіріңке, оттықтарды балалардың қолы жетпейтін, көзден таса жерде сақтауы қажет. Балаларға төтенше жағайлар жөніндегі қызметтің нөмірлерін жаттату немесе жазып қалдыру керек.
Өрт сөндірушілер – 101;
Полиция – 102;
Жедел жәрдем – 103;
Газ қызметі – 104;
Ең маңыздысы - қауіпсіздік ережелерінің мына түрлерін есте сақтау.
Сіріңке балаға ойыншық емес;
Үйде үлкендер болмаса, электр құралдарын қоспа;
Сіріңкені қалтаға салып жүрме;
Өрт шыққан жағдайда үлкендерге хабарлас;
Өрт кезінде шкафқа немесе көрпенің астына тығылма;
Далада жүргенде кенеттен киім өртенсе, топыраққа аунап сөндір.
З.Шындалиев,
аға лейтенант