Бала тәрбиесі басты назарда болса...

ТАЯУДА АУДАН ӘКІМДІГІ ЖАНЫНДАҒЫ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ ОТЫРЫСЫ БОЛДЫ. ӘКІМДІКТІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТКЕН МАҢЫЗДЫ ЖИЫНҒА АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ӘНУАР ШӘКІРОВ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТІП, ЖҮРГІЗІП ОТЫРДЫ. КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНДА ҮШ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ҚАРАЛЫП, ТАЛҚЫЛАНДЫ.

Алғашқысы Құлсары қаласының тұрғыны Ж.М есімді азаматтың балаларын өзіне қайтарып беру жөніндегі жазған арызына байланысты болды.

Былтырғы жылдың тамыз айында құлсарылық жасөспірім полиция бөлімінің 102 байланыс нөміріне қоңырау шалып, өзін әкесінің ұрғаны жөнінде хабарлама түсіріп, көмек сұрайды. Хабарламаны алған бойда жергілікті полиция қызметкерлері, аудандық емхананың психологтары, комиссия мүшелері тиісті мекен-жайға дереу жетеді.

Кейін белгілі болғанындай, жасөспірімнің әкесі Ж.М қаладағы ықшамауданның бірінде екі баласымен, ұлы және қызымен тұрып келген. Ал әйелі отбасын тастап, ауылдық округтердің бірінде тұратын өзге ер-азаматпен азаматтық некеде басқосқан көрінеді. Бір қызығы арыз иесі де өз балаларының анасымен мүлдем заңды некеге отырмаған болып шықты. Шешелерінің ішкілікке салынып, теріс жолға түсіп кеткенін айтып шағымданған ол өз арызында әйелге қиын кезеңде көмектескенін, балаларды өзі өсіріп-жетілдіргенін, олардың қауіпсіздігіне, болашағына алаңдайтынын жазып көрсеткен. Дегенмен, комиссия мүшелері жеткеншіктердің әкесімен бірге тұрғысы келмейтінін анықтады. Тіпті, балалар өздерін баққан әкесінен гөрі аналарына жақын болып шыққан. Анасы өз бүлдіршіндерінің туған күндерінде, өзге де мерекелерде сыйлығын ала келіп, құттықтамақ, көрмек ниетте болған, бірақ әкелері үйге кіргізбей, қуып жіберген. Хабарлама түскен уақытта көрсетілген мекен-жайға барған комиссия мүшелері де олардың тұрып жатқан үйіне зорға кірген. Көзге оғаштау көрінетін темір есікті үйдің іші тас қараңғы, қапырық дейді. Төрт сағатқа жуық мәселенің ақ-қарасын анықтауға тырысқан комиссия мүшелері әкенің бір жақты пікірін тыңдап қана қоймай, оқиға орнына ұл-қыздың анасын да шақыртқан. Сол жерде балалар көптен көрмеген аналарымен жылап қауышып, әкелерімен бірге тұрғысы келмейтінін ашық айтқан. Қазіргі таңда ұл бала Ақтөбе қаласындағы колледждің бірінде білім алуда. Ал қызы Қосшағылдағы мектеп-интернатта тәрбиеленуде.

Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Комиссия отырысындағы өзекті мәселеге арқау болған бұл отбасының тағдыры да шым-шытырық.
Арыз иесі Ж.М өзінің азаматтық некеде бірге тұрған бұрынғы әйелімен еліміздегі емдеу-сауықтыру орынының бірінде танысқан. Болашақ жары көрші ауданның тумасы болып шығады. Таныстық соңы сүйіспеншілікке ұласып, әйел жүкті болады. Бірақ, бойына біткен шарананы туған әкесінен жасырады. Оған араларындағы жас айырмашылығы да себепші болса керек. Біршама уақыт өткен соң Ж.М әйелдің әлдеқашан босанып, баласының әкесіз өсіп жатқанын танысынан естіп, іздеп тауып, өзінің тегін береді. Бірақ, заңды некеге отырмайды. Екі ортада жүріп, қалыпты қарым-қатынасын жалғастырады. Арада бірнеше жыл өткен соң әйелдің тағы да аяғы ауыр болады. Бірақ, сәбидің әкесі басқа адам екенін азаматтық некедегі күйеуінен жасырмайды. Ол әйелді кешіріп, өмірге келген қыз бала ұлына серік болсын, бірге өссін деген ниетпен оған да өзінің тегін беруге келісім береді.
Комиссия отырысында мәселенің мән-жайы осылай баяндалды. Өзінің бұрыс жолға түсіп кеткенін әйел де мойындаған сыңайлы. Қазіргі күйеуімен де азаматтық некеде. Ондағы үйінде ол күйеуінің туған бауыры бар үшеуі бірге тұрады. Ал арыз иесі Ж.М болса, «екі ер адам қатар тұратын бөтен үйде қызының болашағына нұқсан келе ме?» деген қаупінің жоқ еместігін жасырмады.

Мәселені ой елегінен өткізіп, жан-жақты сараптаған комиссия мүшелері қыз баланы интернатта қалдыру жөнінде шешім қабылдады. Ал үлкен ұлы - студент. Тек каникул кезеңінде ғана аналарының жанында болуға мүмкіндігі бар...
Келесі мәселе жасөспірімдер С мен А-ға қатысты болды.

Жақын уақытта жергілікті «Құлсары Зелло»-ның Инстаграмм әлеуметтік желі парақшасына белгісіз автор жоғарыда есімдері көрсетілген екі баланың «Беркад» базарының көлік тұрағында өткен-кеткен адамнан ақша сұрап жүрген түрлерін бейнежазбаға түсіріп салған. Анықтай келе екі баланың да қаладағы 1-ықшамауданның тұрғындары екені анықталды. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер бұған дейін де «Технодом», «Лидер» сауда үйінің алдында тұрған көлік жүргізушілерінен, жаяу адамдардан қайыр сұраған. Аталған мәселе бойынша полиция қызметкерлері олардың ата-аналарымен байланыс орнатқан. Алайда, аналары «Жұмыстамын. Үйде болмаймын» деп жауапкершіліктен жалтарған. Қазіргі таңда комиссия мүшелерінің ұсынысымен олардың ата-аналары мен балаларға қатысты тиісті шаралар қолданылуда.

Соңғы мәселе Орталық базардағы «Беркад» сауда үйінің дүңгіршігінен киім ұрлаған жасөспірімдерге қатысты еді. Баяндамашының сөзінше, А.Н, Н.Қ, Е.О, Н.Т есімді кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер 18 қаңтар күні бір дана шалбарды қолды еткен. Дүңгіршек иесі полиция бөліміне сатылымдағы киімінің ұрланғаны жөнінде хабарлама түсіреді. Дүңгіршек ішіне орнатылған бейне бақылау камерасы арқылы ұйымдасқан түрде ұрлық жасаған төрт оқушы бала анықталады. Кінәлілер кінәсін мойындап, шалбар иесіне қайтарылды. Зат иесі кешірім берді, ешкімнің үстінен шағым түсірмеді. Қазіргі таңда ұрлық жасаған жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына ескерту беріліп, заңды шаралар алыну үстінде.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521