БАҚЫТТЫ БАЛА ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМДА ӨСЕДІ

Арақ ішіп алған ер адам көшедегі кішкентай қыздарға «жылы сөз» айтып, дүкеннен тәтті алып беруге шақырып, қолынан ұстаған. Күдіктінің айтуынша, өзінде тек ұл ғана болған соң қыз баланы еркелеткенді жақсы көреді-мыс. Бұл жерде оның балажандығы ұстағанына ата-аналардың сенгісі жоқ.

ҚЫРЫҚТАҒЫ «ҚЫЛЫҚТЫ» ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Өткен аптада аудандық әкімдік ғимаратының мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында күдікке ілінген осындай ересек адамның күрделі мәселесі қаралды. Комиссия мүшелерін күн тәртібімен таныстырған комиссия төрайымы, аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жағдайды саралап барып, ақ-қарасын айыруға тырысты. Иә, алғашқы мәселеде ащы суға сылқия тойған әкенің бөгде қыздарға жақындап, оларға ұятты сөздер айтқаны сөз болды. Аталған жайт биылғы жылдың 27 маусымында орын алған. Қаламыздағы көпқабатты ықшамауданның бір үйінің алдындағы аулада сол күні кішкентай бөбектер ойнап жүреді. Анасының айтуы бойынша, ол жерде кәмелетке толмаған 2-3 қыз болған. Бір кезде жасы қырыққа таяған азамат балаларға жақындап, суретке түсіріп, ақша ұсынады.

Комиссия отырысына екі жақтың да өкілдері келіп, мән-жайды түсіндіріп бақты. Ата-аналардың дерегіне сүйінсек, Т. есімді азамат қыздардың жанына отырып: «Мен сендерді өзіммен бірге алып кетем, мені әйелім үйге кіргізбейді, сендерді жақсы көрем»,-деп еркелеткен көрінеді. Бір кезде қалтасынан ұялы телефонын шығарып, фотосуретке түсіре бастаған. Сол жерде А. есімді қыз баланың інісі жақындағанда оны итеріп жіберіп, ол дауысы қатты шығып жылаған. Бүлдіршіннің айқайлаған үнін естіген анасының келе жатқанын көрген ересек адам ол жерден тез арада бой тасалап, қашып кетеді. Т. болса өз сөзінде ата-аналардың көп сөзін жоққа шығарды. Ол: «Менің мас болғаным рас. Оны жоққа шығармаймын. Нағашыма барып, арақтан дәм таттық. Шыққаннан кейін, үйдің алдынан кішкентай қыздарды көрдім. Өзім баяғыдан балажанмын. Менде қыз бала жоқ болғасын, ерекше жақсы көремін. Оларды еркелетіп, қастарына барғаным да өтірік емес. Бірақ, менің ешқандай да арам ойым болған жоқ»,-деді өз сөзінде.

Бұл істе эмоциялық күй әр алуан болды. Бір жақта ата-аналар жанұшыра бүлдіршінін қорғап, өз сөзін айтып, шыр-пыры шығып жатса, екінші жағына бұл оқиғаны естіп отырған біздің де санамыз сан-саққа бөлінді. Бұл ретте іспен таныстырған ювеналды полиция бөлімінің аға инспекторы Ерлан Бекмұрзаевқа да комиссия ескерту беріп, аталған жайттың толық зерттелмегендігін айтты. Комиссия мүшелеріне егжей-тегжейлі мән-жай зерттелмегесін, шешім шығару да оңайға соқпады. Дегенмен, комиссия шешімімен оқиғаға себепкер азамат Т. жайсыз жанұя тізіміне алынып, 10 тәулікке қамауға алуға ұйғарым жасалды.

Иә, соңғы жылдары елімізде зорлық- зомбылыққа қарсы заң күшейтілсе де, арам ойлылар өзінің теріс әрекетін жасауды тоқтатар емес. Оған шіліңгір шілдеде болған Сарыағаштағы оқиға дәлел бола алады. Әрине, бұл жерде Т-ны айыптаудан аулақпыз. Бірақ, істеген іс-әрекеті күмәнді ойларға жетелейді.

«ЕКІ ТҮЙЕ СҮЙКЕНСЕ...»

Күн тәртібіндегі екінші мәселедегі жағдай одан әрі шиеленісті болды. Ересек адамдардың арасындағы түсініспеушілік отбасындағы кішкентай балаларға зиянын тигізіп отыр. Екі тарап та арнайы адвокатпен келіп, өз позициясын қорғап бақты. Проблеманың түп-төркіні ақшаға келіп тіреліп тұр.

Ерлі-зайыптылар бастапқыда тату-тәтті ғұмыр кешкенімен, артынан аралары суи бастаған. Сол сәтте ер азаматтың жұбайы С. өзінің туыстарының көмегімен үй алады. Бірақ, әйелі «күшік күйеу» атанып жүрер деген себеппен, пәтерді күйеуі Д.-ның атына жазады. Алайда, өткен жылдың күзінде олар заң бойынша ажырасады. Бірақ, мүлікті бөлісу үшін сотқа әлі де арыз бермеген. Себебін «мемлекеттік бажға төлейтін қаражатым болған жоқ» деп түсіндірді. Сөйтіп жүргенде, көктемгі су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз болып қалып, «үй иесі» үкіметтен бөлінген қаржылай көмекті өз шотына аудартып алады. Және зардап шеккендерге берілетін 369 мың теңгені де қалтасына басады. Ашынған әйелі: «Осы уақытқа дейін мені ойламаса да, балалары үшін бар жағдайды жасауға болатын еді ғой. Өзінің ізінен ерген ұл-қызына тек қана бір-ақ рет келді. Онда да бір қорап балмұздақ әкелгені бар. Алиментті соңғы айларда ғана ең төменгі мөлшермен төлеп отыр. Қазіргі кезде әркімнің босағасын жағалап, балалармен қаңғып жүрмін. Маған да тезірек балаларымның өз баспанасында өмір сүргені керек»,-деп күйінеді. Ал әкелері болса: «Мен балалардан бас тартпаймын. Өзімнің қаным, тек бұрынғы жұбайым жақындатпайды. Ешқашан үкіметтен түскен қаржыны бермеймін деп айтқан емеспін. Оларға баспана алып берейін деп ұсыныс бергенмін. Бірақ, келіспеді. Ендігі кезек сот арқылы заң бойынша барлығын бөлісетін боламыз. Мен келісімге келуден қашпаймын»,-деп өзінің ойын нақты айтты.

Екі тарапты естігеннен кейін төрайым Гүлнафис Аязберікқызы да, комиссия мүшелері де бұл істі сот арқылы шешуге ұйғарым жасады. Бірақ, ересектер арасындағы жанжал жасөспірім балаларға зиян тигізбеуі тиіс екендігін қатаң ескертті. Жиынға қатысушылар бірауыздан мынадай шешімге келді: әкесі тасқын судан зиян шеккендерге берілетін 369 мың теңгені әйеліне қайтарады және мүлікті бөлу жөніндегі сот процесі аяқталғанша материалдық көмек ақшаны алған Д. балаларды баспанамен қамтуға міндеттеледі.

Қос тарап та бұл шешімге қанағаттанып, комиссия ұйғарымына риза болды. Әрине, ол тез арада орындалса құба құп. Бұдан шығатын қорытынды: «Екі түйе сүйкенсе, екі ортада шыбын өледі» дегендей, ересектердің кінәсінен біздің қоғамда ел ертеңі – бүлдіршіндер зардап шегетіні өкінішті. Сондықтан мұндай даулы мәселеде балалар құқығы да бірінші кезекке қойылуы тиіс.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT