Бай болғаны үшін итжеккенге айдалған

Сол дәуірдің бай-қожаларына тән ол да екі әйел алған кісі екен...

Зұлмат заманда жазықсыз жапа шеккен жандардың бірі – Сүйіндік Құлтумаұлы. Ол талантты сазгер, күйші Тоқсанбай Құлтумиевтің әкесі.

Немересі Ғинаят Құлтумиевтің айтуынша, атасы Сүйіндік Қазан төңкерісіне дейін осы өңірдегі белді байлардың бірі болған екен. Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген асыра сілтеуі кезінде коллективтендіруді сыныққа сылтау қылған шолақ белсенділер оның бар малын тартып алып, өзін итжеккенге айдайды. Сөйтіп сол кездегі өзі секілді бай-молдалармен бірге түрмеге қамалып, Ресейдің Орынбор облысында жазасын өтейді. Бірақ темір тордың арғы жағында жүріп жақсы жағынан көзге түскен Сүйіндік 1933 жылдардың шамасында босатылып, аман-есен еліне оралады.

Бірақ бүкіл қазақ халқын қынадай қырған ашаршылық Құлтумаұлы Сүйіндіктің отбасын да айналып өтпейді. Сол дәуірдің бай-қожаларына тән ол да екі әйел алған кісі екен. Аштықтың кесірінен тоқалы қайтыс болады да, бәйбішесі Бұрыш пен Тоқсанбай, Қызыл, Оқу атты ұл-қыздарын аман сақтап қалады. Сүйіндік ақсақал елге оралған соң аудан орталығы Қосшағыл поселкесінде тұрып, еңбек етті. Ұлы Отан соғысы басталғанда қан майданға аттанып, Сталинград шайқасында қаза тапты.

Тектінің тұяғы Сүйіндік Құлтумиев дәулескер күйші де болған. Ол қоңыр домбыраны қолға алып, малдас құрып күй тартқанда бір орнында отыра алмай арқаланып, төрден есікке қарай жылжып кетеді дейді көзкөргендер. Шежіреші қарт Жанаш Нұрмаханның айтуынша, ол Мәскеу қаласында өткен Қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігі І декадасына қатысқан. Осы қасиеті ұлы Тоқсанбайға дарып, ол дара дарын иесі атанғаны аян. Ал 1958 жылы дәл осындай декадаға Т.Құлтумиев те барып, өнер керсеткені белгілі.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521