Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуге міндеттіміз. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп қалыптасып, әрбір елдің ұлттық мақтанышына айналған. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Қазақ тілінің құдіретін қанша сөзбен айтсақ та, оны жеткізу мүмкін емес. Кезінде талай ғалым, жазушы, зерттеушілер осы қазақ тілінің қандай көркем тіл екенін айтқан еді. Тіл тұғырының биікке көтерілгені - халық мәртебесінің жоғарылауы. Өз тіліңнің қадірін біліп, байлығым деп санасаң жеке мемлекет ішінде тіл мәселесі көтерілмес еді. Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз, мемлекеттік тіліміз – ұлтымыздың көкке ұстар тірегі.
Егемендік алып, тәуелсіздік тәжін кигелі ширек ғасырға таяу уақыт өтіп, еліміз түпкілікті жаңару үдерісін бастан өткерді. Біз төл тарихымызды қастерлеп, тәуелсіздігімізді нығайтып, әлемдегі алпауыт елдердің санатына енуді мақсат еттік. Ғасырлар қойнауынан сондай анық, таза күйінде бізге жеткен қастерлі мұрамыздың бірі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы, мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, өткені мен болашағының айқын көрінісі мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Бойымызға анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді ардақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – басты парызымыз. Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден-ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап қастерлейді. Қазақ тілі ерте кезден-ақ оралымды, ырғақты, аса қуатты, бай тіл. Ол жан дүниеміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің айғағы іспетті. Тіл болашағының жарқын болуы саналы да қуатты жастардың қолында. Әр халықтың тағдырына жауапты қазіргі жас буын еліміздің болашағының иесі екендігін естен шығармағанымыз жөн. Себебі, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпақпен кеңеймек.
Тіл тағдыры - ел тағдыры. Демек, бұл бір адамға ғана қатысты емес, барлық қоғамға қатысты. Әр халықта тіл сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы ғана емес, өзге елдердің алдында дәрежесін айқындап, тарихынан хабар беретін, еңсесін биік көтеріп, болашағына болжам жасайтын қастерлі де қасиетті тұғырлы қаруы екені мәлім. Жоғарыда тілге тиек еткендей, халқымыз тәуелсіздігін алғалы ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, кейбір азаматтарымыздың тілді мойындаса да игеруге асықпайтындығы, сол ежелгі таптауырын болған қағидаттардан арыла алмай жүрген жайы да жоқ емес. Ал болашағымыз қазақ тілінде екендігін ескерсек, тіл төңірегіндегі кемшіліктерді түзеу, әрбір елім дейтін азамат үшін атүсті қарап, айналып өтуге келмейтін мәселе екендігі даусыз.
«Қазақ тілі – рухани байлығымыздың қайнар бұлағы» деп бекер айтылмайды. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін өзіміз білуіміз, насихаттаумыз керек. Ана тілі ана сүтіндей өте қасиетті. Қазіргі жастардың бірқатары ана тілін білмейді, құрметтемейді. Ал кейбіреулері бірінші орынға шет тілдерін қойып, қазақ тілі қазағымыздың байлығы екенін түсінбейді. Әр адамның азаматтық қасиетті салт-дәстүрін сақтаумен, өзінің туған жерін, атамекенін сүюмен, өзінің ана тілін білумен өлшенбек. Біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейтіп, тілге деген жанашырлық сезімінің болуынан көрініс табады. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың негізіндей болған туған тіліміз тұғырлы, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін баршамыз тіл мерейінің жоғарылауы үшін әрекет ету қажеттілігі туындап отыр. Туған тіліміздің мерейі үстем болсын! Менің елім ‑ көп ұлтты Қазақстан. Қанша ұлттың баласы бір анадан туғандай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қазақстанда ұлттар арасында татулық пен бірлік, ынтымақтастық пен достық орнағаны — бәріміз үшін мақтаныш. Мен әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің құдіретіне әрдайым сенемін. Тіліміз — бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы. Әрбір адам баласы өз тілін құрметтеуге міндетті! Сонымен қатар өзге тілді де білген артық етпейді. Менің ойымша, егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, таным көкжиегі кеңейеді. Сондықтан мен өз замандастарымды «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге шақырамын.
Гүлназ Көпжан, аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы