Баға бақылауға көне ме?

КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕРДІ АЙТПАҒАННЫҢ ӨЗІНДЕ, ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ ТҰТЫНАТЫН КҮНДЕЛІКТІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАҒАМДАРЫНЫҢ ЖЫЛ ӨТКЕН САЙЫН ҚЫМБАТТАП БАРА ЖАТҚАНЫ ЖАСЫРЫН ЕМЕС. ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫҒА ҚОСЫЛЫП ТҰРАТЫН ӨСІММЕН БІРГЕ ЖЕЛДЕЙ ЖАРЫСЫП, АЛҒА ОЗЫП КЕТЕТІН БАҒА БАҒАМЫ КЕЙ КЕЗДЕРДЕ БАС БЕРМЕЙ КЕТЕДІ. МҰНЫҢ БАРЛЫҒЫ ТҮПТЕП КЕЛГЕНДЕ ЕЛДЕГІ ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ ДЕҢГЕЙГЕ ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТЫ. БІРАҚ ҚАЛАЙ ДЕСЕК ТЕ, ҚЫМБАТШЫЛЫҚ, ЕҢ АЛДЫМЕН, ҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫНА САЛМАҚ САЛАТЫНЫ АНЫҚ. СОНДЫҚТАН МЕМЛЕКЕТ ЖЫЛМА-ЖЫЛ БАҒАНЫҢ «ҚЫЗУЫН» ӨЛШЕП, ТҰРҒЫНДАРҒА БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ҚАЖЕТТІ ТАУАРЛАРДЫҢ ҚҰНЫНЫҢ ҚЫМБАТТАМАУЫН ҚАДАҒАЛАП ТҰРСА ДЕЙМІЗ.

Әрине, оны жергілікті жерде аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі жүзеге асырса, аудан әкімдігі жанындағы қоғамдық келісім кеңесі де жіті бақылауда ұстайды. Таяуда аталған кеңес төрағасы Нұрдәулет Ақназаров пен облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің аудандағы сарапшысы Айнагүл Сыдықованың ұйымдастыруымен тауарлар сапасы мен азық-түлік бағаларының негізсіз өсуін бақылау мақсатында мониторингтік топтың құрылып, рейдтік шараның өтуі – дәл соның айғағы.

Топ құрамында А.Сыдықовамен бірге аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Анаргүл Жанаева, аудандық санитариялық-бақылау басқармасының бөлім басшысы Жанар Төлеуішова, Жастар ресурстық орталығының маманы Айымгүл Мұханбетияровалар болып, Құлсары қаласындағы Орталық «Беркад» базар маңындағы көтерме сауда дүкендерін аралады. Мақсат: тауарлар сапасын қадағалап, азық-түлік бағаларын бағамдап, негізсіз өсуіне жол бермеу. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық – түлік тағамының мемлекет белгілеген шекті бағадан асып кетпеуін де қадағалау қажет болды.

Көтерме сауда дүкендері - расында да қарапайым халықтың көп қатынайтын орындарының бірі. Сауда нүктелері сол күні де келушілерге лық толы болды. Жұмыс күніне қарамастан, қолы бос жұрт қалтасы көтергенінше қалаған тағам түрлерін сатып алып жатыр. Есіктен енгеннен – ақ ұн мен секер, күріштің бағасы жазылған қағазға көзіміз түсті. Жоғары сортты 50 кг-дық ұн бір жерде 10200 теңге болса, басқа дүкенде 10500 теңгені, 25 кг-дық пен 10 килолық тиісінше 5200, 2200 теңге екен. Ал 25 кг-дық секер 8000 теңге, екінші жерде 8500 теңге, күріштің 25 кг-ы 8000 теңге деп, ал көрші сауда нүктесінде 8500 теңге деп түзетіліпті. Ал жұмыртқаның ең арзаны бір жерде 33 теңгеден сатылса, өзге сауда орындарындағы бағасы 38-40 теңге аралығын құрайды. Ал шемішкі майлардың литрі 740-800 теңгенің о жақ, бұ жағында.

-Біз базар маңындағы осындай сауда орындарын аралап, күнделікті бағаны бақылап, жазып отырамыз. Қазіргі бағамға қарағанда, өткен жылдың соңғы тоқсанында бекітілген шекті бағадан айтарлықтай ауытқушылық жоқ. Олай дейтін себебім, жыл сайын азық-түлік құнының көтерілуі – заңды құбылыс. Тек қана көкөніс пен жеміс-жидекте ғана өсіңкілік бар, - дейді кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Анаргүл Жұмақызы.

Топ мүшелері ет пен жеміс-жидек сататын дүкендерде де болды. Саудагерлер «Таң атқаннан күн батқанша 15-20 теңге үшін жанталасып жүргенін» айтып шағымданып қоя берді. Ет сатушы апай болса: «Жұрт жергілікті жердің малының етін арық деп арзанға алмайды. Сондықтан Атыраудан әкеліп, сиыр етін 2300 теңгеден сатып отырмыз» деп ақталды.

Өкінішке орай, биылғы І тоқсанға арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тағамдарының мемлекет белгілеген шекті бағасы әлі бекітілмепті. Сондықтан мониторингтік топ мүшелеріне қазіргі бағаны өткен жылғы соңғы айлардағы бағаммен салыстырып, қорытынды жасауына тура келді. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы аймақта қауіпті індет өршіп тұрған қазіргі уақытта бірден санитарлық талаптардың сақталуына баса мән берді. Расында да, кей сауда орындарында антисептик жоқ, сатушы мен келушілер маскасыз сауда жасап жүрді. Сондықтан Ж.Төлеуішоваға дүкен иелеріне ауызша ескерту беруіне тура келді.

Е.ҚОШАҚАНОВ,
арнаулы тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT