БАБАЛАР САЛҒАН САРА СОҚПАҚ

Отан қорғаушылар күні - «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы» заңында көрсетілген тоғыз ресми мерекенің бірі. Атаулы күннің қоғамдықсаяси мәні зор. «Бұл күн не себепті 7 мамырда атап өтіледі?» деген сауалға келсек, 1992 жылы Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойған сәттен басталады.

Иә, еліміздің армиясы құрылған 32 жылдың ішінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзінің даму тарихында бірқатар кезеңдерді бастан кешірді:

1992 жылы – ҚР Қарулы Күштерінің құрылып, бірінші қорғаныс министрі тағайындалды, әскери ант қабылдау және Шығыс әскери округін құру басталды. 1993-1998 жылдары – мемлекеттік шекара, әскери міндет және қызмет туралы заңдар қабылданып, әскери доктрина бекітіліп, қарулы күштердің түрлері, шекара қызметі құрылды. 1999-2002 жылдары – реформалар, кадрлық өзгерістер және екінші әскери доктрина бекітілді. 2003-2013 жылдары – әскери қуатты күшейту жүргізіліп, әскери күштердің негізгі үш түрге көшуі басталды, әскерилердің жаңа түрі мен жаңа басқару органдарын құру, жаңа әскери доктрина және жаңа әскери техниканы сатып алу және оны өндіру жұмыстары басталды. 2014- 2016 жылдары – қорғаныс қуатын күшейту, кадрлық ауыс-түйістер және аумақтық әскерлерді құру жүргізілді. 2017-2020 жылдары – ҚР ҚК дамыту стратегиясы кезеңкезеңімен жүзеге асырылып, 2021 жылдан бастап ҚР Қарулы Күштері нығая түсті. Ол түрлі халықаралық жобаларға қатысып, елде бейбітшілігін сақтауға өз үлесін қосып келеді. 2022 жылы "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің арнайы операциялар күштері қолбасшылығын құру туралы" Жарлыққа қол қойылды.

Міне, осындай айбынды Қарулы күштер сапында жылыойлық жігіттер де өз борышын өтеп жүр. Айталық, аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы Тұрлан Сәденовтің айтуынша, өткен 2023 жылғы көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқаны аудан аумағында да қызу жүргізілді. Соның нәтижесінде бір жыл ішінде еліміздің сарбаздар сапына барлығы 164 бозбала аттанған екен. Олар күні бүгін түрлі әскери құрылымдарда өзінің азаматтық борышын атқарып жүр. Атап айтқанда, 35 жігіт еліміздің шекарасын қас қақпай күзетіп тұрса, 57 жылыойлық ұлттық ұлан сапында жауынгерлік міндетін адал атқаруда. Өзге сарбаз атанған бозбалалар еліміз Қарулы күштерінің Мемлекеттік күзеті мен төтенше жағдай қызметінде және өзге де әскери құрылымдарда қызмет атқарып жүр. Олар - бабалар салған сара соқпақпен сап түзеп, ерлік дәстүрін жалғап келе жатқан жаужүрек жауынгерлер.

Қазіргі таңда 17 жылыойлық жігіт Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп, туған жерге табан тіреді. Келе жатқан айтулы мереке, міне, осындай туған еліне қалқан бола білген «тепсе темір үзер» азаматтардың мейрамы.

Иә, бүгінде Отан қорғаушылар күні қазақстандықтар үшін, соның ішінде жылыойлықтар үшін де маңызды, айтулы және сүйікті мереке, ал Қарулы күштер бейбіт күннің символына айналды. Мереке күнін ҚР Қорғаныс министрлігінің құрылымындағы барлық құрылымдар мен мекеме өкілдері атап өтеді. Қазақстанда жыл сайын Отан қорғаушылар күніне арналған ресми және мәдени іс-шаралар өтеді. 2014 жылғы елімізде әскери шеру өтіп, оған 56 әуе техникасы, 250 жауынгерлік машина және 2500 сарбаз қатысты. 2015 жылы Отан қорғаушылар күні Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келді. Президент Екінші дүниежүзілік соғыстағы ардагерлердің ерлігі қазақстандықтардың жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Сонымен бірге сол шарада Жеңіс туының көшірмесі Мәскеуден еліміздің Астанасына жеткізілді.

2017 жылы Қазақстан Республикасы армиясының 25 жылдығы аталып өтті. Салтанатты шеруге 400 жауынгерлік машина мен 5000 сарбаз қатысты. 2018 жылы әскерді киберқауіптерге қарсы күрес бөлімшесін нығайту туралы шешім қабылданды. Айтулы шара "Отар" әскери базасында салтанатты түрде атап өтілді. 2019 жылдың 7 мамырында соңғы әскери шеру өтті.

Қазақстан Республикасында 7 мамыр – демалыс күні, бұл туралы 2022 жылдың «ҚР-дағы мерекелік және демалыс күндерінің өндірістік күнтізбесінде» айтылған. Биыл 7 мамыр сейсенбіге сәйкес келіп тұр. Сондықтан 4 мамырдың демалысы 8 мамырға ауыстырылып, қазақстандықтар үш күн қатарынан демалатын болады.

2022 жылы пандемияға байланысты 7 және 9 мамырға орай Қазақстанда әскери шеруөтпеді. Бірақ еліміз бойынша 50-ден астам түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның барлығы әскери патриотизмді нығайтып, әскери мамандықтың ел алдындағы беделін арттыруға бағытталды. Отан қорғаушылар күнінің ел тұрғындарының патриоттық сезімін арттырып, әскери қызметтің ролін күшейтуде маңызы зор.

Сол себепті республика армиясы нығайып, Қазақстан аспаны мәңгілік ашық болсын деп тілейміз!

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521