Бұл жолғы сайлау халықтың тікелей дауыс беруімен өтеді.
Елімізде осыған дейін де ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау бойынша эксперимент түрінде реформалар өтті. Бірақ оның тетіктері жетілмегендіктен, осал тұстары көп болды. Оған республикадағы сайлау заңнамасының олқы тұстары, басқа да факторлар әсер етті.
Қазіргі сайлау процесін еліміздегі сайлауға қатысты заңнамаларға енгізілген соңғы өзгерістермен, жыл басындағы Парламент Мəжілісі депутаттарын сайлаудағы оңды нəтижелермен байланыстырған дұрыс. Атап айтсақ, «көппартиялылық» элементтерінің жүзеге аса бастауы, партиялар үшін өту шегін шегеру сияқты өзгерістер жергілікті жердегі сайлауға өзінің оң əсерін тигізді. Сондай-ақ, саяси партиялармен қатар, өзін-өзі ұсынушылардың сайлауға қатысуы, сайлау бюллетеніне «бəріне қарсымын» тармағының қосылуы сияқты өзгерістерді айта кеткен жөн. Сондықтан, бұл сайлаудың алдыңғылармен салыстырғанда біраз прогрестік сипатқа ие екенін байқаймыз. Əңгіме осы оң өзгерістердің қаншалықты объективті қолданыс табуына келіп тіреледі. Жалпы сайлау жүйесі қашанда демократиялық институттар дамуының маңызды көрінісі ретінде саналады. Соның ішінде, жергілікті жердегі сайлаулар сол жер тұрғындарының жергілікті билікке қатысты ұстанымын білдіретін, саяси таңдауын жүзеге асырудың конституциялық құқығы болып табылады.
Ең бастысы, ол сайлаулар – жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асырудың ең оңтайлы жолының бірі. Бұл жолғы сайлау халықтың тікелей дауыс беруімен өтеді. Демек, халықта кандидаттардың арасынан өз көңілінен шығатын, сенім артатын жергілікті басшыны таңдау құқығы бар. Бұл жерде, əрине, адал əрі объективті сайлау болса, халықтың көпшілігінің сенімін алған үміткердің бағы жанып, соның негізінде 4 жыл мерзімге əкімдік қызметке тағайындалады. Мұндағы мақсат – билік пен халықтың арасын жергілікті сайлаушылардың өздері таңдаған басшы арқылы нығайту. Сол үшін дауыс берген халық та, мемлекеттік қызметкер ретінде жоғары басшылық та одан нəтижелі жұмысты талап ете алады. Яғни, болашақ əкімнің жауапкершілігі де жоғарылай түседі. Əрине, саяси дода, бəсеке болған жерде оның көптеген көлеңкелі жақтары кездесуі ықтимал. Түбінде талас туғызуы мүмкін келеңсіз тұстарын да естен шығармаған жөн. Оған сайлау процесіне жергілікті немесе жоғары тұрған биліктің араласуы, əкімшілік ресурстардың қолданылуы, билік партиясының өз мəртебесін ұтымды пайдалануы, болмаса белгілі бір ықпалды топтардың өз мүддесі үшін сайлауда белсенділігімен ерекшеленуі, сонымен қатар жергілікті менталитеттен туындайтын түрлі факторларды да жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Жалпы сайлаудың əділ өтуі негативтік жағдайлардың барынша аз болуымен байланысты жəне билікте өзіне сыни талаптардың азаюына кепіл бола алар еді. Сайлаушылардан да белгілі бір дəрежеде жауапкершілік талап етіледі. Мысалы, олардың қоғамдық, саяси санасы деңгейінің жоғары болуы, сайлауға жауаптылықпен қатысуы, алдарына айқын жəне орындалатындай мақсат-мүдде қоя білуі, жергілікті жерге, оның проблемаларына деген жанашырлық көзқарас танытуы тəрізді ортақ мүдделер. Осындай талап үміткерлерге де қойылады. Дегенмен, жаңаша сипатта, жаңа форматта өткізілгелі отырған алғашқы сайлау болғандықтан, оның тиімді тұстары мен ұтымды жақтары басымдау болар деген үміт те зор.
Жалпы елде демократия институттарын дамыту тұрғысынан келетін болсақ, бұл көппартиялылық жүйенің өрістеуіне, саяси күштердің халық арасындағы абырой-беделінің артуына, өздерінің қатарын белгілі бір позициясы, ұстанымы бар белсенді де іскер, бастамашыл азаматтармен толықтырып, нығайтуына жол ашары даусыз.
Өмірбек БЕКЕЖАН,
философия ғылымдарының докторы,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі