Азық-түлік бағасына бақылау күшейді

Ауданда бірнеше әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нысандарына бақылау жүргізілді. Тауарлар арасындағы тұрақтылықты көздейтін іс-шараны арнайы мониторинг тобы өткізіп, мұны аудан әкімі орынбасары Ерлан Нұрлановтың өзі бақылады. Алғашында олар №3 ықшам ауданда орналасқан «Ярмарка» сауда орталығына барып, негізгі азық-түлік тауарларының бағасын салыстырды. Бағаға бақылау ҚР Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362 бұйрығымен бекітілген тізімге енгізілген өнімдер бойынша жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, қаңтар айының алғашқы аптасынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31-ге дейін артқаны белгілі.

 Осыған байланысты аудандағы ірі сауда орындарында бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл арқылы арнайы мониторингтік топ кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар өнімдерді белгіленген шекті бағадан асырмай сатуды ескертуде. Соған байланысты бақылау тобы жуырда ауданда «Ярмарка» сауда дүкенінен бөлек, «Аружан», «Мариям», «Алма», «Медина», «Сұлтан» азық-түлік және жеміс-жидек дүкендерін аралады. Олардың басшыларына жаңа қаулыны таныстырып, негізгі тағамдардың шекті бағадан аспауын қатаң ескертті.

Иә, бұған дейін негізгі азық-түлік санатына ұн, нан, жармалар мен көкөністер кірсе, енді жаңа тізбеге піскен және мұздатылған балық түрлері, тауық еті мен тұтас тауық, сүт, айран, қаймақ, сүзбе, қатты және жартылай қатты ірімшік, сары май, I сұрыпты жұмыртқа, қапталмаған қара шай және ас тұзы енгізілді. Бұл туралы аудан әкімі орынбасары Ерлан Нұрланов: 

- Негізінен, мониторинг топ құрамында қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық ұйымдардан депутаттар бар. Одан бөлек «Amanat» партиясының төрағасы және өзім бармын. Бұл топ аптасына 2 рет тұрақты сауда орындарын аралап, иелеріне тағамдардың шекті бағадан аспауы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл ретте 2025 жылдың сәуір айында облыстық сауда департаментінің басшылары келіп, солармен бірлесіп, осы аудандағы дүкендерге мониторинг жұмыстарын жүргіздік. Бізде халыққа ұсынатын ең басты 19 тағам түрі бар ғой. Солар жыл басында 31-ге өскенін естідіңіздер. Ол облыс әкімінің қаулысымен бекітіледі,-дейді өз сөзінде.

Бұдан бөлек ол 2025 жылы кәсіпкерлер тарапынан негізсіз баға өсіру дерегі тіркелмегенін тілге тиек етті. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруіне қарамастан, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауына негіз жоқ. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы орган тарапынан сауда саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында арнайы салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілген. Бүгінде жергілікті өнім өндірушілер саны артып келеді. Десек те олардың тауарлары сауда орындарына қойылуы үшін «Қазақстанда жасалған» ұлттық стандартының таңбасы болуы шарт. Аудан әкімінің орынбасары бұл туралы да ойын білдіріп:

- Қаламыздағы «Ярмарка» сауда нүктесінде «Қазақстанда жасалған» өнімдерге арналған арнайы сөре бар. Сол жерге елімізде жасалған өнімдер қойылып, ол қатарға жылыойлық кәсіпкерлердің де тауарлары қойылатын болады. Қазіргі таңда кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жақын күндері жергілікті өнімдердің сұранысқа ие болуына көмектесетін боламыз,-дейді жақсы жаңалығымен қуантып. Айта кетейік, өткен жылы ауданда облысқа қарасты жеті аудан кәсіпкерлерінің жәрмеңкесі төрт рет өткізілді. Ал жергілікті кәсіпкерлер жәрмеңкесі әр аптаның сенбі күні тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT