ҚАЗІР ТОЙ ТОЙЛАП, САЙРАНДАЙТЫН УАҚЫТ ЕМЕС

Карантин ережелеріне көптеген адамдар пысқырып та қарамауда.

Жер бетіне «COVID-19» атты қауіпті індет таралғалы мұқым әлемді үрей мен қорқыныш биледі. Ел басшылары қаймананың қамы үшін қолдан келген әрекеттің бәрін қолданып жатыр. Соның ішінде Атырау облысы да ірі мегаполистер Астана мен Алматы тәрізді қызыл аймаққа қайта-қайта кірді. Атап айтсақ, өткен жылғы 25 мамырдан бастап әлі күнге дейін шектеулер күшін сақтауда. Бір ғана 29 сәуірдегі дерек бойынша, Атырау облысында коронавирус жұқтырған 110 адам тіркеліп, 1160 адам амбулаторлық жағдайда емделген екен. Ал ауданымызда 13 адам індетпен күресті. Статистикалық мәліметтер осылай дейді. Дегенмен қазіргі халықтың әрекетіне қарасақ, бұл сандарға мән беретін тұрғындар аз. Себебі, күнделікті той-думан тыйылмай тұр. Карантин ережелеріне көптеген адамдар пысқырып та қарамауда. Бұған кім кінәлі? Себебі мен салдары қандай?

Салған жерден біржақты халықты кінәлау қателік болар. Себебіне үңілсек, індетпен бірінші рет бетпе-бет келген халыққа түсіндіретін Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің салғырттығы, жауапты адамдардың жалпақ жұртпен ашық диалогқа шықпауы.

Дегенмен, бұл індетке бейжай қарауға болмайды. Өйткені алты құрлыққа көз салсаңыз, дем жетпей демігіп жатқандар миллионнан астам. Жұттан қырылғандай, жер-жерде адамдар жантәсілім етіп жатқан Үндістандағы жағдай адам шошырлық. Кезіндегі АҚШ-тағы қырғын тіптен бөлек. Ол кезеңдерде мәйіттің көптігі соншалық, оларды көлікке тиеді.

Айта берсек, әлемдегі жағдай әрқилы. Алысқа бармай-ақ, былтырғы жаздағы өзіміздің ауданда болған қиын кезеңді еске алалық: қаншама жақынымыздан, ауылдасымыздан айрылдық. Түсінгенге тағылым бар. Түйіндей келгенде, қайтадан сары аймаққа ендік деп жайбарақаттыққа салынбай, карантин талаптарын сақтайық, денсаулығымызға көңіл бөлейік дегім келеді. Денсаулық- Алладан аманат. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Қазір той тойлап, ән салатын уақыт емес. Сондықтан «Сақтықта саулық бар, саулық болса бәрі де бар» екендігін естен еш шығармайық.

Ерназ АХМЕТКӘРІМОВ,

Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521