Ажырасудың ақыры – жартылай жетімдер

ажырасудың ақыры

Бәрінен де бұрын үш перзенттің тағдыры не болмақ?!

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде ажырасу деректерінің көбейіп кеткендігі соншалық, заңды некесін бұзуға талап білдірген ерлі-зайыптылар сот табалдырығын күн сайын дерлік аттап жатады. Әрине, олардың барлығын «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында судья-медиатор татуластыруға тырысады. Бұрын оған бір ай уақыт беріліп, өз еркіне қоя берсе, қазір кәсіби және кәсіби емес медиаторлар мен билер кеңесінің араласуымен кейбір жұбайлар шаңырағын шайқалтпай, жанұясын сақтап қалуда. Өкінішке орай, өзгелері өпіремдікке салынып, келісімге келмейді. Міне, осындай отбасын ұстап қала алмаған бұрынғы ерлі-зайыптыларға қатысты таяуда аудандық сотта бір азаматтық іс қаралды. Ол - ортақ дүние-мүлікті бөлу туралы.

Олар 2013 жылдың қазанында отау құрған еді. Биылғы күзде шаңырақ көтергендеріне жеті жыл толуы керек-ті. Бірақ жастардың жұбайлық өмірі оған жете алмады. Биылғы көктемде заңды түрде ажырасты. Алты жыл жарымның ішінде ортақ некеден үш перзент дүниеге келді. Екі қыз, бір ұл.

Ері мен әйелі аудан орталығынан онша қашық емес ауылда тұрды. Осыдан екі жыл бұрын ортақ баспаналы болып, кейін жүк көлігін де алып, жеке шаруашылықтарын жүргізе бастады. Алайда айрандай ұйыған отбасына тіл тиді ме, әлде көз тиді ме, кім білген, ақыры шаңырағы ортасына түсті. Сот шешімімен үш баласы анасының қолында қалып, ортақ мүлік бөлінді. Соңғы сот процесінде қаралған азаматтық іске себепкер болған мәселе де осы дүние-мүліктен әркімнің өз үлесін алу жайы болатын. Сотқа талап арызбен жүгінген бұрынғы келіншегі көлемі 0,117 га жер телімінде орналасқан жалпы алаңы 52,8 шаршы метр, тұрғын алаңы 15,9 шаршы метр болатын тұрғын үйді 3 700 000 теңгеге және жүк тіркемесімен бірге «Камаз-5410» маркалы автокөлігін 1 800 000 теңгеге сатып алғанын мәлімдеді. Сондықтан талап қоюшы ретінде талаптың мөлшерін ұлғайтып нақтылап, сатып алынған кезеңдегі нарықтық бағасына сәйкес, ортақ меншіктегі тұрғын үй және жүк көлігі мен тіркеме жауапкермен бірге ортақ некеде болған кезінде иеленгенін, дүниеге келген үш балалары өзінің тәрбиесінде болғандықтан өзінің тұрғын үйдегі, автокөліктегі үлесін 60 пайыз деп есептейтінін көрсетті. Сондықтан пәтер мен автокөліктен тиесілі ақшалай үлесі 3300000 теңгені және сот шығыстарын бұрынғы күйеуінен өндіріп беруді сұрады.

Бірақ жауапкер ретінде сотқа тартылған күйеуі басты сот отырысында бұрынғы келіншегімен келіспеді. Талап арызына қарсы пікір жолдап, талап қоюшымен некеде тұрған кезде үй мен жүк көлігі болғанын мойындайтынын, бірақ бұл мүліктер ата-анасының қаражатына сатып алынғанын, бөліске түсіруге қарсы екенін көрсетті.

Келіншектің арызындағы жайттарды оның өкілі де қуаттады. Ол жауапкердің әке ретінде балаларына сегіз ай бойына алимент төлемегенін, талапкердің тұратын нақты баспанасы да жоқ екенін, даулы тұрғын үй мен жүк автокөлігі тараптар ортақ некеде болған кезде алынғанын, аталған мүліктер ешқандай кепілге қойылмаған деген пікірін білдіріп, талап арызды толық қанағаттандыруды сұрады.

Бұл жерде Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 221-бабының 1,2-бөліктеріне сәйкес, ортақ меншiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығару қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлiкке деген құқығындағы үлесi алдын ала анықталған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкiн. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару кезiнде, егер заң актiлерiмен немесе қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерi тең деп танылады.

Ал «Неке (ерлі -зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 33-бабының 1,3-бөліктеріне сәйкес, ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкіне құқық некеде болған кезеңінде үй шаруашылығын жүргiзудi, балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған немесе басқа да дәлелдi себептермен жеке табысы болмаған жұбайға да тиесiлi болады. Кодекстің 38-бабының 1,2-бөліктеріне сәйкес, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.

Жауапкер сот отырысында талап қоюшымен ортақ меншіктегі тұрғын үй мен жүк автокөлігін жауапкермен ортақ некеде болған кезде сатып алынғанын жоққа шығармады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалының Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Жылыой ауданының бөлімінен берілген анықтамада үйге меншік иелері болып сатып алу-сату келісім шарты негізінде бұрынғы ерлі-зайыптылардың екеуі де көрсетілген. Сондықтан тұрғын үй және «Камаз 5410» автокөлігі жүк тіркемесімен олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады және ол бөлінуге жатады деп таныды сот.

Аудандық соттың шешімімен талап қоюшы келіншектің жауапкер бұрынғы күйеуіне ортақ мүліктен үлесін ақшалай түрде өндіру туралы талап қою арызы қанағаттандырылды. Сондықтан жауапкерден талап қоюшының пайдасына 3 300 000 теңге ақшалай түрдегі үлесі мен 33000 теңге төленген мемлекеттік баж алымы өндірілетін болды. Ал тұрғын үй мен жүк автокөлігі жауапкердің меншігіне берілді.

Осылайша ажырасудың ақыры алты жыл жарым жинаған ортақ дүние-мүлікті бөлісумен аяқталды. Әрине, «Дүние - қолдың кірі» ғой. Бәрінен де бұрын үш перзенттің тағдыры не болмақ?! Жартылай жетім атанып, жәутеңдеген жанарлар анасымен бірге әкелік қамқорлықты да аңсайтыны анық. Олай болса, «Ажырасамыз» деп сот табалдырығын аттаған ерлі-зайыптылар, ең алдымен, бала тағдырына жаны ашығаны жөн.

А.Абдіғалиева,

аудандық соттың бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521