Аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы өтті
Жаңа жыл – әлемдегі ең қуанышқа толы ғажайып мерекенің бірі. Жаңа жылдан үлкен де, кіші де тек жақсылық күтеді. Ерекше естеліктерімен есте қалған ескі жылдың артта қалып, өзгеріске толы тағы бір жылдың енуінің өзі де - бір ерекше құбылыс. 25 желтоқсан күні «Grand Hall» мейрамханасында аудан әкімінің қайырымдылық шыршасы өтті. Оған аз қамтылған және көпбалалы отбасы қатарына жататын мектеп оқушылары қатысты.
Мерекелік кеш барысында 260-қа жуық мектеп оқушысына арналып дастархан жайылды. Шара ертегі кейіпкерлерінің образын сомдаушы әртістердің қызықты қойылымымен басталды. Балаларға арналған көңілді кеште аудан әкімі Азамат Бекет сөз сөйлеп, ыстық ықыласын жеткізді.
Ол: «Қымбатты жаңа жыл кешіне қатысушы балалар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Сендер - егемен елде, қасиетті Кең Жылыой өлкесінде өсіп келе жатырған ұрпақсыңдар. Мен сендердің болашақтарыңнан үлкен үміт күтемін, елдің қамын ойлайтын өнегелі ұрпақ болыңдар», - дей отырып, балаларға арналған сыйлықтарды өз қолымен табыстады.
Дәл осы сәтте балалар да аудан басшысы Азамат Бауыржанұлына ризашылықтарын білдіріп, мектеп оқушылары атынан алғысхат пен өз қолдарынан жасалған ерекше сыйлықты табыс етті.
Бұл көріністі тамашалау арқылы жас ұрпақтың да, халқы үшін аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарға қарап бой түзеп, өмір жолдарында оларды өздеріне үлгі ететінін анық байқауға болады.
Ешбір жаңажылдық шырша кеші Аяз ата мен Ақшақарсыз өтпейтіні белгілі. Аталаған қайырымдылық шыршасында да бүлдіршіндер Аяз атаға өз өнерлерін көрсетіп, сыйлықтарын да алып үлгерді. Сонымен қатар қуанышқа толы шарада ауданның мақтаныштарына айналған «Би-би» би ансамблі ерекше өнер көрсетті.
Балалар да шыршаны айнала жүріп ән шырқап, би биледі. Кештің соңында шараға қатысушы қонақтар Тышқан жылын жылы лебізбен қарсы алды.
Ш.Хамитова