АЗАП АЛАҢЫНА АЙНАЛҒАН АЛАШ ДАЛАСЫ

* 29 тамыз – Семей ядролық полигонының жабылған күні «Атом», «ядро» деген сөзді естісек, он екі мүшеміз тітіркеніп кететіні жасырын емес. Себебі, адамзат тарихында жер- мен-жексен етіп қана қоймай, сол аумақты бірнеше ғасырға дейін тіршілік көзі үшін жарамсыз қылып тастаған ауыр атом бомбасының соққылары мен апаттары аз емес. Оның бәрі осы атомға тікелей байланысты.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Хиросима мен Нагасакиге тасталған алғашқы атом бомбасынан бастап, тарих беттерінде қара әріппен жазылып, қаралы күн саналып кеткен даталар көп. Өткен ғасырда жабылған Семей полигонының зардабы жергілікті халыққа күні бүгінге дейін тиіп жатыр. Ал, Чернобыльдегі апат әлі күнге уын толық таратпады. Тіпті кей ғалымдардың пайымдауынша, 30 шақырым радиустағы жер адамзат үшін мәңгі қауіпті болып қалмақ. Сол себепті, қабылданған ең оңды шешім Семей полигонының жабылып, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы болды. Ғасырдан ғасырға жалғасқан індеттің нүктесін қойып, жарқын болашаққа жасампаз қадам жасалды. Дегенмен, КСРО кезінде бастау алған бұл қасірет халыққа өз кесапатын тигізіп келеді.

Иә, 1949 жылдың 29 тамызында Семей өңірінде жерден 38 метр биіктікте қуаты 20 килотоннаны құрайтын алғашқы атом бомбасы сынақтан өтті. Таңғы 7-де жасалған бірінші жарылыстан шамамен 900-ге жуық адам зардап шекті. Бұл шамамен 100- 250 рентген мөлшерінде радиация қабылдағанмен тең еді.

Жалпы Семей ядролық сынақ полигоны – 18,5 мың шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақ. Сынақ кезінде КСРО Қарулы күштері министрлігінің № 2 оқу полигоны деп аталған. "Семей полигонының жабылғанына 30 жыл. Ядролық сынақ алаңдарының бүгінгі жағдайы" атты мақаладағы деректерге қарағанда, Семей полигоны бірнеше аймаққа бөлінген: Курчатов қаласында орналасқан әкімшілік-тұрмыстық аумақ. Ол кезде "М" алаңы немесе "Москва-400" деп аталған. Зертхана қалашығы және радиусы 10 шақырымға жететін "Сынақ даласы". Соңғысының "Дегелең", "Балапан", "Телкем" секілді бөлімдері болған. Олардың бірінде жануарларға сынақ жүргізілген.

Тurkystan.kz ұсынған архивтік мәліметтерде Семей полигонының зардабы тым ауыр болғанын көреміз: 1963 жылдар аралығында аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдады. Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткен. Оның 88-і –– ауада, 30-ы –– жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде. Одан 1,5 миллион адам зардап шекті. Бұдан кейінгі 25 жыл жерасты жарылысынан адамдар түрлі ауруға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалап келеді. Бұл аурудың тұқым қуалайтыны ғылыми түрде дәлелденіп, қасіреті 300 жылға дейін жетуі мүмкін деген болжам жасалып отыр. Сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан 2,5 есе асып түсті. Жергілікті халық өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырады. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Семей полигонына жақын аудандарда жетілуінде әртүрлі ауытқу, тәндік және естік кемшілігі бар сәбилер дүниеге келді. Аурудың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Семейдегі ядролық сынақтан соңғы жылдары әр 100 мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққан жанның саны 960-тан 1 624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3 105-тен 4 612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3 692-ге көбейген.

Сынақтан адамдар ғана емес, жер де азап шекті. Жылма-жыл радионуклидтердің жинала беруі жердің құнарлығын азайтады. Жерде орасан зор микроэлементтер: темір, мыс, магний және басқа металдар әртүрлі дәнді дақылдар адам организміне сіңеді. 1970 жылға дейін зарядтар салынған штольнялар мен скважиналардың түптері, шығар ауызы дұрыстап бетон қақпақпен жабылмаған. Соның кесірінен улы инертті газдар, ауыр металдар, басқа да радиациялық заттар жер бетіне жайылды. Сынақ кезінде бөлініп шыққан зиянды ауыр металл изотоптарының ең қауіптілері – "Стронций-90", "Плутоний-238", "Цезий-137". Стронцийдің ұсақ микробөлшекке айналып, қоршаған ортаға зиянсыз күйге енуі үшін 56 жыл керек.

Мамандардың айтуынша, Семей жеріндегі жарылыстардың қуаты Нагасаки мен Хиросимаға түскен бомбадан 2 жарым мың есе күшті болды. Зардабын Семей полигонына жақын аудандардан бөлек, Павлодар, Қарағанды облыстары да тарт- ты. Аймақта мүгедек, кемтар, жарымжан болып туған балалар көбейді. Ресми деректерде полигон кесірінен 1 миллионнан астам, кейбір деректерде 1,5 миллионға жуық адамның зардап шеккені туралы айтылады. Алайда бұл соңғы статистика емес. Себебі, адам бойындағы ауытқулар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді.

Иә, 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросима жарылды. Ақыры "Невада - Семей" қозғалысын құрған халық 1989 жылдан бастап бір ауыздан "Ядролық қаруға жол жоқ!", "Сынақтар тоқтатылсын" деп қарсылық білдірді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралдары жазды. Бұқараның бас көтеруінің нәтижесінде Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Ақыры 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны жабылды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде полигон аумағында ешкім тұрмайды, себебі онда тұруға тыйым салынған.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521