Өткен апта жылыойлықтар үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Соның ең бастысы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының қасиетті Жұма күні ауданға арнайылап іссапармен келуі еді. Еліміздің Бас мүфтиі Жем ауылдық округінің орталығы Тұрғызба ауылындағы мешіттің ауласынан бой көтерген құран жаттау және сауат ашу орталығының ашылу салтанатына қатысты.
Бас мүфтимен бірге ауданымызға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы, аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Жасұлан Қағазғалиевтер және басқалар болды. Ашылу салтанатына аудан мен Тұрғызба ауылының жамағаты қатысып, жақсы жаңалықтың куәгері атанды. Шара Құран аяттарын оқумен басталып, барша мұсылмандар рухына дұға бағышталды.
Жұртшылық алдында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы тұрғызбалықтарды шын жүректен құттықтап, орталық жұмысына береке, ауыл халқына амандық тіледі:
-Бабаларымыз «Азаны бар ауыл азбайды» деген екен. Ауылыңыздағы игі бастамаға құт-береке тілеймін. Қай жерде Құран оқылса, сол жерде береке болады. Ал бұл жерде діни сауат ашып, Құран жаттауға мүмкіндік бар. Әйгілі Қабылиса жырау «Бақыт, қайда барасың?» деген толғауында:
- Шариғат сөзін тыңдаған,
О дүниені ойлаған,
Аллалы үйге барамын...
Үйінде тұрған Құраны,
Расулалла ұраны
Тəртіпті үйге барамын, - деген екен. Демек, ата-бабамызда Құран-Кәрімге деген құрмет пен құлшыныс күшті болған. Ондай қасиетті жерге бақ пен береке орнайтынын жете түсінген.
Қазақ жеріне Ислам діні 750 жылы орнады деген тарихи дерек бар. Міне, содан бері қазақ халқы дініміз бен дәстүрімізді берік ұстанып келеді. Еліміз сан ғасырлар бойына талай тағдырдың тауқыметін тартып, зұлмат замандарды бастан өткерді. Ауыртпалық арқасына аяздай батса да, ата-бабамыз асыл дінімізді аман сақтап қалды. Жаратқанның жолында жүрген білімді ұрпақтың арқасында әлі де жасай береріміз хақ, Алладан соны тілейміз. Осы орталықта қызмет етіп, шәкірттерге Құран оқуды, жаттауды үйрететін ұстаздарға Алла жар болсын! Әрбір ісін шынайы ықыласпен орындап, мол сауапқа кенелуді жазсын. Орталықтың ашылуына атсалысқан барша арда азаматтарға тек жақсылық тілеймін,- деді Н.Тағанұлы.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен ауыл ақсақалы Сафи Дәрішев орталықтың алқызыл лентасын қиды. Жамағатпен бірге жаңа ғимараттың ішін көріп, риза болған ол орталық жұмысына тағы да сәттілік тіледі.
Айта кету керек, қос қабатты ғимарат 30 шәкіртке арнап салынды. Бірінші қабатында ас бөлме және әйел адамдардың сынып бөлмесі орналасқан. Екінші қабатта ер-азаматтар үшін 3 сынып және ұстазға арналған бөлме бар. Орталық Тұрғызба ауылы мен ауданның жанашыр жамағатының күшімен бой көтерді.
Түс әлетінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітінде болып, жамағатқа жұма уағызын айтты. Бас мүфти өз насихатында бауырмалдық, ихсан және сауда-саттықтағы әділдік пен әдеп жөніндегі мәселелерге кеңірек тоқталды.
-«Ихсан» сөзінің тілдік мағынасы «жақсылық», «игілік» деген ұғымды, шариғаттағы мағынасы бір істі қолға алғанда оны «ең әдемі, ең кемел түрде жасау» дегенді білдіреді. Ихсан – адам жүрегін түрлі рухани дерттен тазартып, сол арқылы мінез-құлқын көркемдеп, әр амалын кемелдікке жеткізетін ілім. Соның ішінде адалдық пен әділдік – нағыз мұсылманның бойынан табылуы тиіс сипат. Ал саудадағы адалдық көрінісінің бірі – алдау-арбау сияқты екі адамның арасына өшпенділік салатын істерден сақтану. Жаратушы Алла-тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек» – деп ескертті,- деді Наурызбай қажы.
Бас мүфти жамағатпен бірге Жұма намазын оқып, соңынан ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.
Ербол ҚОШАҚАНОВ