Астанада өтіп жатқан Қазақстанның XI Азаматтық форумының екінші күнінде 100 азамат марапатқа ие болды. Олардың қатарында атыраулықтар да бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Марапат иелеріне қайырымдылық саласындағы құрметті атақ дайындау шегінде арнайы белгі, “Таңдау” республикалық премиясы және ҮЕҰ арналған сыйлықақы табысталды.
Атырау облысынан қайырымдылық саласындағы құрметті атаққа “ЖайықБетонКонстракшн” ЖШС-нің директоры Ибрагим Алипов, қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов, “Сабазов А.Ж” жеке кәсіпкері Амандық Сабазов, “Фатимагрупп” ЖШС-нің басшысы Фатима Төлеева және “Исатай аяла” қайырымдылық тобының жетекшісі Анар Шугупан ие болып, төсбелгі табысталды.
“Таңдау” республикалық премиясы түрлі номинациялар бойынша берілді. Сондай-ақ ҮЕҰ арналған сыйлықақыға Атыраудан “Фатимагруп” ЖШС-нің басшысы Фатима Төлеева (форумдағы екінші марапаты) мен Ләйлә Сұлтанбаева ие болды.
“Таңдау” премиясына 12 ҮЕҰ ие болса, қайырымдылық саласындағы құрметті атақты 100 адам жеңіп алды. Олардың арасында 55-і бизнес, 23-і ҮЕҰ өкілдері және 22 волонтер бар. Үкіметтік емес ұйымдарға арналған премияға еліміздің түрлі аймақтарынан келген 79 ҮЕҰ ие болды. Олардың ішінде сегізі аудандық үкіметтік емес ұйымдар.
Назар аудара кететін жайт – атыраулық үкіметтік емес ұйым өкілдері салтанатты шара кезінде марапаттау бойынша үздік 5 облыстың қатарынан көрінді. Олар облыста ҮЕҰ-ның жан-жақты жұмыс істеп, қоғамның дамуына үлесін қосып отырғанын тағы да дәлелдеді. Форум барысында дүйім жұртшылықтың алдында еңбегі бағаланып, жұмысқа деген құлшыныстары еселене түсті.
Айта кетейік, 18-19 қазан күндері Астана қаласында Қазақстанның XI Азаматтық форумы өтті. Оған Атырау облысынан 17 делегат қатысты. Әр екі жыл сайын өтетін форумның биылғы тақырыбы “Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін - Азаматтық қоғам дамуының басты бағыты” деп аталды.
Жиынға еліміздің түкіпір-түкпірінен делегаттар қатысты. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Пәкістан және басқа да елдерден қонақтар келді. Жалпы 600 адам офлайн, ал 2000-нан астамы онлайн форматта қатысуға мүмкіндік алды. Бірінші күні алты панельдік сессия өтіп, спикерлер ой-пікірлерін ортаға салды.
Азаматтық форум елімізде 20 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазір Қазақстанда 23 мыңнан астам Үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Алғашқы форум Талдықорған облысында бастау алды.
Жиын аясында 1000-ға жуық ұсынымдар келіп түскен. Соның негізінде 2024-2025 жылдарға арналған ұсынымдарды іске асыру жоспары әзірленбек.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА