Қазақ ешқашан жетімін жылатпаған...

Комиссия отырысы

Жуырда аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіровтің төрағалығымен аудан бойынша кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Ауданымыздағы №13 мектептің директоры Майра Таңатарова жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, сәйкесінше жұмыс атқарылып жатқандығын айта келе, аудандық полиция бөлімінің есебінде тұрған 1 жасөспірімге қатысты атқарылған жұмыс барысын баян етті:

-Мектеп әкімшілігі оқушыны қадағалау мақсатында сабақтарына қатысып, білім алушының қазіргі уақытта офлайн форматтағы сабаққа уақытылы келіп, жеке пәндер бойынша берілген тапсырмаларды орындауына, ата-анасымен тығыз байланыс орнатылып, тұрақты түрде бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Мектеп психологының зерттеуі бойынша мінез-құлқы тұрақты, сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста. Мектепте өтіп жатқан шараларға және футбол үйірмесіне қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Анасына да педагогикалық-психологиялық көмектер, яғни жеке кеңестер беріліп, түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады, - деді М.Әбуғалиқызы.

Осы секілді аудандық полиция бөлімінің есебінде №8 мектептен 1 жасөспірім тіркеуде тұр. Бұл туралы аталған мектеп директоры Күләш Шығанбаева баяндама жасады:

-Бұл оқушы мектеп шараларына белсенді қатысып қана қоймай, мектеп өміріне жауапкершілікпен қарайды. Сыныптастары мен ұстаздарының құрметіне бөленіп жүрген оқушы. Наурыз-сәуір айларында өткен ҰБТ байқау сынағынан шекті балл жинады. Мектепішілік өткізілген тәрбие сағаттарында, кездесулерде өз ой-пікірін ашық айтады. 8 наурызға байланысты мектепте өткен шарада жасөспірім өзінің жүргізушілік қырын да таныта білді. Өзіне жүктелген тапсырмаларға асқан жауапкершілікпен қарайды, достарынан көмегін аямайды, мұғалімнің айтқанын бұлжытпай орындайды. Болашағынан зор үміт күтеміз, - дейді К.Қосайқызы.

«Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң» демей ме осындайда?! Жасөспірімнің балалықпен шалыс басқанын ұғынғаны, онысына ұялып, қайталамауға серт еткенінің өзі көңіл қуантты.

Пандемияның кесірі дейміз бе, бар бала телефонға телміріп отыр. Ата-анасы сабағын оқып отыр дейді, қайсыбірі баласының ғаламтордан нендей ақпаратты қарап, қандай ойын ойнайтынынан да бейхабар. Ол ойын немесе әлеуметтік желідегі «достардың» баланың психикасына кері әсер етіп, агрессиясын тудырмасына кім кепіл?!

Комиссияда ата-анасының қабақ шытқанын көтере алмай, көп мөлшерде дәрі ішіп қойған 16 жасар жасөспірімнің мәселесі қаралды. Абырой болғанда өміріне төніп тұрған қауіп жоқ, дегенмен қатысушылардың көкейінде бала неге мұндай қадамға барды деген сауал тұрды. Мектептің педагог-психологтары да бұл сұраққа жауап таппай әлек. Сонымен қатар комиссияда анасы дүниеден өткен соң сергелдеңге түскен 14-тегі жасөспірімнің мәселесі қаралды.

Уақытша Атырау облысы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған жасөспірім ол жерден шыққанда қайда барады, кімді паналайды, оны кім қарқорлығына алады деген сан сауалдың бір жиынмен шешімі табылмасы анық. Комиссия шешімімен аталған орталықтың психологтары ақыл-ойы әлі толыса қоймаған жасөспіріммен біраз жұмыс жасау керек екендігі және ол 6 айға дейін сол жерде болатыны белгілі болды. Жарты жыл уақыт ішінде әкесі де бір шешім қабылдар, жасөспірім де ата-ананың қадірін түсінер десті комиссия мүшелері.

Ж.ЖЕТКІЗГЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT