Аялдамалардың аздығы алаңдатады

Ауданымызда жасалып жатқан жүйелі жұмыстар аз емес. Алайда бірінің шешімі табылса, екінші бір нысан жөндеуін күтіп тұрады. Мәселен, бір көшенің асфальты қайта қалпына келтірілсе, тротуар, не аялдамасы жөндеусіз күйі кейінге ығысып қалады. Автобус аялдамасына келдік. Күн тас төбеде шақырайып тұр. Шілденің ми қайнатар ыстығы күйдіріп барады. Жолаушылар жандарын қоярға жер таппай, жақын ғимараттардың көлеңкесін жағалап кетті. Әттең, егер аялдамалар о баста-ақ адамдарға жайлы етіп салынса ғой...

Аудан тұрғындарын бүгінде кей жерлерде аялдамалардың жоқтығы алаңдатады. Өйткені, қытымыр аязда, күннің аптап ыстығында ық пен саялайтын орын болғанға не жетсін?! Оның үстіне, қоғамдық көліктер де уақытылы келе қалса жақсы ғой. Кей кезде автобусты 15-20 минут күтуге тура келеді. Қысқасы, қай уақытта да жылы да жайлы аялдамалар көптеп керек-ақ.

БАҚ халық пен билік арасындағы алтын көпір болған соң, жұртшылық ұсынысын атқарушы билік назарына ұсынуды жөн санадық.

Құлсары қаласында аялдамалардың аздығы қазіргі кезде түйіткілді мәселеге айналып отыр. Оған дәлел: Теміржолшылар ықшамауданының тұрғындары осы жағдайды әлеуметтік желіде көтерген болатын. Сөздерінше, өзі тұратын көшеге 30 жылдан бері бірде-бір аялдама салынбаған. Ол күннің аптап ыстығында жолаушылардың қайда тығыларын білмей ағаштың, дүкендердің көлеңкесін жағалап тұрғанын бейнекамера арқылы көрсеткен. Осылайша өзінің наразылығын білдірген тұрғын мәселені құзырлы орындарға айтудан да шаршаған.

Бұл тек бір ықшамауданға тән жағдай емес. Мәселен, 4-учаскедегі Балуан Шолақ көшесінде де осы көрініске тап боласыз. Қоғамдық көлікті күтуге шықсаң болғаны, көлеңке іздеп әбігерге түсесің. Күннің суық кезінде де ашық аспан астында жел өтінде автобус күтудің қиындығын айтады тұрғындар. Сондай-ақ, жол-жөнекей аялдаманың өзі жоқ, тек белгі ғана қойылған жерлерді де байқадық.

Бұл мәселе аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтылды. Биыл жоспарға сәйкес, Құлсары қаласына жаңадан 80 аялдама орнату жоспарланып отыр. Алайда жұмыстар қашан басталатыны әзірге белгісіз. Өйткені, мердігер мекемелер арасында байқау жарияланғандықтан, жеңімпаз әлі анықталмай отыр дейді Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Жанғазы Еркінов.

Қаламызды көркейту, абаттандыру, сәулеттендіру мақсатында бірқатар жұмыстар жасалуда. Көшелерге асфальт төселіп, бұрынғыдай көлік өтсе шаңы аспанға көтерілетін уақыттан арылып келеміз. Енді қалаға сапалы да көрнекті аялдамалар салынса дейміз. Тұрғындар осыған көңіл бөлініп, мәселенің оң шешімін тапқанын қалайды.

А.Махамбетова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT