Автокөлік жүру құралы ретінде біздің өмірімізде өте қажет.
Жыл басынан бері аудан көлемінде автокөліктердегі орын алған өрт оқиғасының 5 жағдайы тіркеліп, салдарынан 10 автокөлік жойылып отыр. Соның ішінде өздеріңізге мәлім 05.03.2021ж Жылыой ауданы, Теңіз вахташылар қалашығында орналасқан «ССЕР» компаниясына қарасты 4 бірлік және аталған компанияға жалданып жүрген 1 бірлік автобустарының өртену оқиғасы орын алған.
Автокөліктерде орын алатын өрт оқиғаларын азайту мақсатында, Жылыой ауданының Төтенше жағдайлар гарнизонымен ауқымды профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Ай сайын жүргізілетін рейдтік шараларға, аудандық Төтенше жағдайлар гарнизоны мен полиция бөлімі қызметкерлері, «Жастар ресурстық орталығы» КММ еріктілердің қатысуымен бірлескен түрде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.
Рейд барысында автокөліктер полиция бөлімінің инспекторларымен тоқтатылып, бөлім мамандарымен көлік құралын басқарушыларға бірінші кезекте адам өмірі екендігі түсіндіріліп, сонымен қатар алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану, өрт шыққан кездегі іс-әрекет және автокөліктегі өрттердің жиі пайда болу себептері бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, жаднамалар таратылады. Автокөліктердегі жие орын алатын өрт себептеріне келер болсақ олар
- Электр сымдарының қысқаша тұйықталуы;
- Жанар-жағар май жүйесінің ақауы;
- Автокөлікке орнатылған газ қондырғы жүйелерінің ақауы;
- Дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау;
- Автокөлікті жылыту кезінде отпен абайсыз болу;
Автокөлік жүру құралы ретінде біздің өмірімізде өте қажет, бірақ ол өрт қауіпті болып саналады. Автокөліктердегі өрттер көптеген материалдық шығын әкеліп қана қоймай, адам өміріне үлкен қауіп тудырады. Өрт оқиғасы орын алғаннан кейін жөндеу жұмыстарына шығындалып, немесе жаңа көлік алуға қарағанда автокөлігіңізді уақытылы техникалық жағдайын қарап, дұрыс пайдалану әлдеқайда арзанға шығады. Автокөлік жүргізушілеріне ескертеріміз, өрттің алғашқы кезеңінде жүргізушінің алғашқы әрекеті автокөлікті сақтап қалуға мүмкіндік туғызады.
Алғашқы әрекеттердің бірі ол сабырлық сақтау, сонымен қатар автокөліктегі алғашқы өрт сөндіру құралын пайдалана білу. Сонымен қатар мобильді телефон арқылы 101 немесе бірыңғай кезекші – диспетчерлік қызметтің 112 шұғыл нөмірлеріне қоңырау шалып, өрт сөндіру бөліміне хабар беру қажет.
Жылыой ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі