Автоэлектрик - болашағы зор мамандық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Шынында да, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер жоғары бағалануы тиіс деп ойлаймыз. 
Одақ кезінде "көк жигулиге" қол жеткізу көптің арманы болса, бүгінге көлік байлықтың белгісі емес, қажеттілікке айналды. Өйткені әлемдегі әр 3-ші адамда автокөлік бар екен. Сондықтан да сарапшылар автоэлектрик мамандығын болашағы зор мамандықтар қатарына жатқызады. Қазір де автоэлектрик маманына сұраныс жоғары. Мәселен, біздің Индер ауданында автоэлектрик іздегендер алдымен  атақты маман Қожасов Жарас Дәулетұлына жүгінеді. 
Жарас Дәулетұлы жасынан техникаға жақын болып өседі. Кенттегі С.Сейфуллин атындағы орта мектепте тәлім алған ол физика мамандығын қызығып оқыпты. Бала кезінен  моторлы велосипед мінеді. Одақ кезінде мұндай велосипед мінген балалар көшені басына көтеріп дырылтатып жүрсе, істен шықса кәдіуілге велосипед ретінде  теуіп жүре беретін. Әрине ол кезде қазіргідей қадам бассаң көлік жөндеу орталықтары жоқ. Моторынан ақау шықса балалар үлкендерді жағалауларына тура келеді. Ал жұмыстан босамайтын үлкендердің қолы тие қоя ма? Бала Жарас та моторлы велосипеді бұзылса бөлшектерін өзі бұтарлап, жөндеумен әлек болады.  Кейін ел ішінде "Козлик" атанған  "Ковровец"  мотоциклін мінеді.  Істен шықса оның да жөндеуі өзінің мойнында. Әрі әкесінің "ГАЗ 69" қызметтік көлігінің жөндеуіне көмектесіп, әке тәлімін алып өседі. 

 

-Отан алдындағы борышымды Украинаның Винница облысында әскери әуе күштерінде өтедім. Осында ұшақтардың электр жүйелеріне қызмет ететін мамандықта жарты жылдық курсында тәлім алдым. Бұл менің өмір жолымда автоэлектрик мамандығын терең игеруіме үлкен ықпал етті, - дейді ол. 


Жәкең 1984 жылы әскерден соң Индербор кентінде «АТП» аталатын автотранспорт мекемесінде жүргізуші болып еңбек жолын бастайды. Темір тұлпар тізгіндегендердің бәрі электр жүйелеріндегі күрделі ақауды қайдан білсін? Әрі "МАЗ", "КамАЗ", "ЗИЛ" сынды небір жүк көліктеріне  автоэлектрик маманы тапшы болады. Жәкең алдымен достарының өтінішімен бұзылған көліктерін жөндеп беруге көмектесіп жүреді. Оның іскерлік қабілетін көп кешікпей мекеменің механигі Қасқырбай да  мойындайды.

Ол «АТП» мекемесіне автоэлектрик бол деп қолқа салып, ақыры осы мамандықтың жолына түседі. Одақ жойылып, мекеме тарағасын аудан және облыстағы емдеу мекемелерінде электрик болып қызмет атқарып, медициналық қымбат қондырғылардың электр жүйелерін жөндеуге атсалысады.

 
-Маған көлігімнің фары жанбай қалды, магнитофон қондырып берші дегендей,  жеңіл ақаумен келе қоймайды. Болса да өте сирек кездеседі. Қазір кейбір көлік жөндеу орталықтарында автоэлектрик маманы болып іске кіріскендер бар. Соларға жүгінеді. Ал автокөлігін әбден жөндете алмай шаршаған жүргізушілер маған әкеледі, - дейді ол. 


Уақыт озған сайын көліктер де  жаңарып, құрал-жабдықтары да дамып келе жатқаны белгілі. Осы орайда кейіпкеріміз жаңа шыққан көліктердің  электр жүйелері де күрделеніп бара жатқанын, сондықтан да автокөліктердің жаңа маркаларын интернет жүйесі арқылы үнемі зерделеп,  біліктілігін  жетілдіріп отыруға тура келетіндігін айтады. 


-Ауданда  автокөлігіне ұқыпты қарайтын жүргізушілер бар. Бірақ көбі көлік жөндеу орталықтарына сеніп алған. Өздігінен басын қатырып қарағысы келмейді. Тіпті көлігінде бір кілтте  ұстамайтындар  бар. Өткенде біреу даладан көлік тоқтатып, жолдағылардан қарапайым бұрауыш сұрап тұр екен. Ал  көлігі бір-екі бұзылса болды сатып жіберуге ұмтылады.  Өткенде бір жүргізуші көлігінің электр жүйесін әзірге ғана істейтіндей етіп ілдалдап қана  беруін өтінді. Себебі, сатайын деп жүр едім дейді. Ал ертең ол  сатып алған адамға   қиянат емес пе?! Әркім көлігіне ұқыпты қарап таза ұстағанға не жетсін. Қазір көбі көлік жуу орталықтарына барады.  Тіпті жастар жағы маторларын да жуғызуға әуес. Содан жаңа көліктерінің генераторына, электр орамдарына су тигізіп,   істен шығарып алып келеді, - дейді шебер.


Бұған дейін көлік жөндетуге келіп жүргенде арасында көмектесіп жүрген  жас жігіттерді көретін едік. "Шәкірттеріңіз бар ма? Олармен тәжірибеңізбен бөлісесіз бе? деп сұрақ қойдым.


-Шәкірттерімнің ішінен Ержан Русланұлы деген жас жігітті  айтар едім. Ол менен біраз үйренді. Қазір өз алдына көлік жөндеумен айналысып жүр. Білмеген жері болса, сұрап алады. Білгенімді бөлісуден аянбаймын, - дейді кейіпкеріміз. 

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT