Қазіргі таңда ғаламтор мен әлеуметтік желіні пайдаланбайтын адам кемде-кем.
Жас та, кәрі де ертелі-кеш телефонға телміріп, бір-бірімен қандайма қашықтықтан болмасын сымсыз байланыс арқылы «сөйлесіп» отырғаны. Желі көп жұртты таныстырып, достастырып жатқанымен, енді бір пенделерді керісінше араздастырып, тіпті бір-бірін енді көрместей етіп, дұшпанға айналдырып жібереді. Ондайда кейбіреулер «уатсапты» пайдаланып «қарсыласын» неше түрлі балағат сөздермен тұқыртып, «өшін» алып та жатады. Бірақ әлеуметтік желі жазылып қалған «диктофон» секілді.
Ашу үстінде біреуге себепсіз тіл тигізсең, жәбірленуші үшін дайын айғақ құралы саналады. Оның арты қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Айталық жақында аудандық сотта қаралған іс - дәл соның айғағы.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің «Қорлау» деп аталатын 131-бабы бар. Ондағы 2-бапта көрсетілгендей, «басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында... телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әдепсіз түрде кемсіткен» адам «екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл» арқалайды немесе «сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады». Кей азаматтар көп ретте мұны біле бермейді.
Бірақ бір әйел адаммен әлеуметтік желі арқылы сөзге келіспей қалған келіншек бұл заң талабын жақсы білсе керек. Өзін жақсылап тұрып «әдепсіз түрде кемсіткені» үшін жеке айыптаушы ретінде сотқа шағым түсірді. Дәлірек айтқанда, желіде «жаман сөздермен» өзінің абыройы мен қадір-қасиетін қорлаған әлгі әйелді Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, өзінің заңды құқығын қорғауды сұрады.
Сот тергеуі кезінде судья оның талабын қанағаттандыруы тиіс-ті. Алайда араға арашашы болып мәселеге медиатор араласты. «Медиация туралы» заңның талабы негізінде ол әлеуметтік желі арқылы араздасып қалған екі жақты татуластыруға тырысты. Ақыры бұл әрекет өз нәтижесін беріп, жеке айыптаушы әлгі әйелге кешірім беріп, қылмыстық іс жүргізуді тоқтатуды сұрап, айыптаудан бас тартты. Сондықтан сот екі жақтың татуласуына байланысты айыпталушы әйелге қатысты қылмыстық істі тоқтатуға қаулы етті.
Әлеуметтік желі әлегінің арты абырой болғанда осылай бітімгершілікпен аяқталды. Егер медиация болмаса айыпкер айыппұл арқалап немесе заңда көзделген басқа да жазаға тартылып кете барар ма еді, кім білсін?
Ж.ТӨКЕШОВА,
аудандық соттың жетекші маманы,
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ,
өз тілшіміз.