Аудан халқын алаңдатқан басты мәселенің бірі – ауыз судың сапасы. Мамыр айының орта шенінен бері түсі күрт өзгеріп, күнделікті тұтынып отырған мөлдір судың сары лайға айналғанын байқаған жылыойлықтар әлеуметтік желі арқылы дабыл қақты. Мыңдаған фотосурет пен бейнежазбалар ғаламторға тарап кетті. Әсіресе, жаз айында әрбір үйдің шүмегінен аққан сары судың дәмін татудың өзі қорқынышты еді. Ондай ауыз суды тұрғындар ішпек түгілі, киімін жуып, шомылудан да жиреніп қалғаны рас.
2000-шы жылдарды еске түсірді
Жылыойлықтарға су таратып отырған «Жылыойсу» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Б.Кейкін «Біз тек келген суды халыққа үлестірушіміз» деп о баста-ақ басын ашып алды. Сабылған халық су сататын дүкендер мен қаланың көшелеріне және көпқабатты үйлердің қабырғасына бекітілген сүзгі (фильтр) қондырғысындағы суды құйдырып алуға мәжбүр болды. Тіпті қолына пластикалық құтысын ұстап, кезек күткен тұрғындарды көргенде 2000 жылдардағы құлсарылықтардың күйі еріксіз еске түсті. Ол кезде көп қабатты үйлердің жоғарғы қабатына су көтерілмейтін. Тұрғындар амалсыз үйдің төлесінен шығарып қойған ескі шүмектен 5, 10 литрлік шелегі мен «баклашкілеріне» су толтырып, пәтерлеріне таситын. Әрине, соңғы жылдары ол заман өтті ғой деп қуанып жүруші едік. Арада жылдар өте келе, міне, сол көрініс қайталанып жатқандай күй кешіп, сары уайымға батқанымыз рас. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жылыойлықтардың тарапынан түскен арыз-шағымдардың да саны артты. Мамандар мониторинг жүргізіп, судың сапасын бақылап отырды. Құрамынан, вирус, бактерия табылмаған соң ғана тұрғындар сабырға келіп, әліптің артын бақты.
Құлсарыға «сары су» қайдан келді?
Атырау облысында Қиғаш өзенінен су жеткізетін магистральды су құбыры бар. Құбыр арқылы келген техникалық суды тазартып, ауыз су сапасына дейін жеткізетін Құлсары су тазарту құрылғысы жұмыс істейді. Өндірістік сүзгіден өткен ауыз су Құлсары қаласы мен «Теңіз» вахталық кентіне жеткізіледі. Бұл өндірістік нысанға «ҚазТрансОйл» АҚ еншілес мекемесі «Магистральдық суағызғысы» ЖШС иелік етеді. Серіктестіктің Құлсары қаласындағы су тазарту құрылғысы 1988 жылы салынған. Мұнда Қиғаш өзенінен тасымалданған суды тазартып, сапасын жақсартатын 12 сүзгі бар. Содан өтіп, тазартылған судың әрқайсысы 5 мың текше метрлік резервуарға жиналып, «Жылыойсу» ЖШС-ге жіберіледі. Өткен аптада осы су мәселесіне орай журналистермен арнайы брифинг өткізген «Магистральдық суағызғысы» ЖШС бас директоры Еркін Таңқыбаев «Құлсары» су тазарту құрылғысының жұмысымен таныстырды. Тіпті, ауыз судың сапасының күрт өзгеруіне не себеп болғанын түсіндіріп, мекеменің алдағы жоспарымен бөлісті. Е.Таңқыбаевтың айтуынша, сүзгілер күн сайын тазартылады. Су сапасы арнайы зертханадан тексеруден өтеді екен.
– Міне, суымыз осы сүзгілер арқылы өтеді. Алдын ала натрий, гипохлорид қосамыз. Содан соң тағы сүзгіден шығып, резервуарға барады. Одан кейін сораптарға жетеді. Бұл жерде де хлорид, натрий береміз. Арнайы топырағы болады. Қазіргі таңда соны ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Біздің жылдық бюджетке енгізген тапсырысымыз бойынша, қоспаға қосу үшін тұз сияқты керекті материалымыз болады. Су мына сүзгілерден кезең-кезеңімен өткен соң қазандарға барады. Басқа барлық ауданның өзінің су тазарту қондырғылары бар. Сол арқылы халыққа таза су беріп отыр. Ал «Жылыойсу» мекемесінде су тазарту үшін ауадай қажет қондырғылардың қашан орнатылатыны белгісіз. Бұл мәселе бізді де мазалайды. Өйткені, нысанымыз жаңа емес қой. Құбырлар да ескірген, өндірістік орындар да тозған. Алдымызда жоспарлы үлкен жұмысымыз бар. Соның бәрі судың сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан халыққа су тарататын мекемеде су тазарту кешені болуы керек,-дейді Еркін Таңқыбаев.
Ал судың мамыр айында күрт өзгеруіне 2023 жылы «Астрахан – Маңғышлақ» магистральдық құбыры желісінің 170 шақырымында құбыр ауыстырылғаны себеп болған. – Жаңа құбырдың әсері ғой. Ол болады да, өйткені құрылыс жұмыстары жүргізілгенде судың сапасында өзгеріс болады.
«Жаңа құбырды іске қосайын деп жатырмыз. Судың сапасы өзгеруі мүмкін деген» деген хат жазып, аудандағы құзырлы орындарға жібердік. Бірақ сол хаттың жетпегені, тұрғындардың не үшін құлақтанбағаны түсініксіз. Біз жаңа жылдан кейін ескі желіні жауып, жаңа құбырдан су жібере бастадық. Сол уақытта судың сапасының ластануын күттік. Құбырда жүретін құрылыс жұмыстарына байланысты су уақытша тоқтап, насос қайтадан қосылғанда лайлылық жоғары көтеріледі. Жаңағы жаңа құбыр біраз шақырым жерді қамтыды ғой. Оны тазарту үшін ұзақ уақыт кетті. Судың түсінің қалыпқа келмеуінің 4-5 айға созылғаны да содан. Қазір аяғына жетіп қалдық. Бұрынғы режимге қарағанда суды тазарту бойынша екі есе қарқынмен жұмыс жасап жатырмыз. 12 сүзгіні күнде тазалап отырмыз. Бес қазанымызды бір ай бойы жуып шықтық. Бәрі қалыпқа келеді,-деді Е.Таңқыбаев.
Еркін Бағытжанұлы жаз айларына қарағанда қазір судың тазарғанын айтады. Оның айтуынша, жаңа құбырдың әсері жәймен басылып келе жатыр.
– Судың тұну процесі мен азаю процесі бар. Сондықтан біз алдын ала қамданып, қазанға ерте су толтырып алып жатырмыз. Қазір сүзгідегі кварц топырақтарды ауыстырып жатырмыз. Ертең ағыс екпінімен су келетін болса, оны дұрыстап тазалап, барынша мөлдір су берілетіндей жағдай жасалуы керек. Мен судың тазалығына қатысты әзір ештеңе айта алмаймын. Ең бастысы, жаңадан салынған құбырлар алдағы уақытта ұзақ та сапалы жұмыс жасауы керек. Мұның барлығы соған апаратын жолдар ғой. Құбырларды ауыстырмасқа болмады. Ертеңгі күні ауа райының аптапты ыстығында немесе ақшұнақ аязында желі істен шығатын болса, халық мүлдем сусыз қалады,-деді.
Ал Құлсары су тазарту құрылғысының басшысы Жандос Сарқытов техникалық су мен ауыз суды екі бөлек шыныға құйып көрсетіп, оның сапасы туралы түсіндірді. Техникалық судың лайлылығы 5-те 2 мг.л болса, түстілігі 30 градус көрсетті. Ал тазартылған ауыз судың лайлылығы 11-де 4-ті көрсетсе, түстілігі 73 болды.
– Міне, осыларды 2 есе түсіре аламыз. Қазір түстілігі бойынша нәтиже жақсы, енді лайлылығын түсіру қалды. 5-те 2 мг.л-ды бір жарымға дейін түсіреміз. Енді күн салқындайды. Халықтың суды көп тұтынуы азаяды. Сол кезде тұндыру процесі көп болады,-дейді ол.
«Магистральды су ағызғысы» неге айыппұл арқалады? Брифингке қатысқан Атырау облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақованың айтуынша, ауыз судың құрамынан зиянды көрсеткіштер анықталмаған.
– Мамыр айының 20-сынан кейін судың сапасы күрт төмендегені туралы шағым түсті. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау кодексіне сәйкес, өзіміздің құзыреттілігіміз бар. Яғни, біз, аудандағы, облыс көлеміндегі су қондырғыларына барып, ауыз судың сапасына айына бір рет мониторинг өткіземіз. Мына судың сапасының төмендеуіне байланысты мониторингті өткізуді күшейттік. Яғни, күніне 2 рет тексеріп отырдық. Мамыр айында судың түсі, лайлылығы өте жоғары болды. Түстілігі 200 градусқа дейін барды. Өзінің нормативіне сәйкес келмейтін болғасын, аудандық прокуратураға хат жазып, солардың ұсынымы бойынша «Магистральды су ағызғысы» ЖШС-на айыппұл салдық. Өйткені судың сапасы төмендеген жағдайда 2 сағаттың ішінде телефон арқылы немесе 12 сағаттың ішінде жазбаша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарлауы керек еді. Өкінішке орай, сол хабарлама түспей қалды. Осындай кемшіліктері мен судың сапасының төмен болуына байланысты айыппұл төлеттік,-дейді А.Ысқақова.
Ол тамыз айының соңында ғана аудан тұрғындарынан ұжымдық арыз түскенін айтады. Содан кейін барып, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес прокуратура арқылы арызды тіркеп, осы мекемелерге тексеру жүргізіле бастаған. Тек айыппұл салумен шектеліп қалмай, маман ретінде судың сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар жасау керектігі жөнінде ұсыныстар берген.
-Осы ұсыныстарды біз қазір бақылауға алып отырмыз. «Жылыойсу» мекемесіне қарасты құбырда тұрып қалған суды шығарып, жуып-шайып, залалсыздандыру жұмыстарының жүруін қадағалаймыз. Жалпы судан вирусология және бактериология бойынша талдау қорытындысымен зиянды көрсеткіштер анықталған жоқ. Егер судан қандай да бір залал шықса, жұқпалы аурулардың таралып кету қаупі бар еді. Тек соңғы арыз бойынша алынған судан бактериология бойынша 1 пробадан сәйкессіздік болды. Сол бойда «Жылыойсу» мекемесі қазандықтарын жуып, дезинфекциялады. Суды зертханаға қайта тапсырды. Енді қорытындысы шығады,-деді маман.
Мамыр айындағы судың сапасы төмен болғанын А.Ысқақованың өзі де растап отыр. Ондағы сынамасынан темірдің көп мөлшерде анықталғанын айтады. Ал қазіргі кездегі құрамы нормативке сәйкес келіпті. Түстілігі мен лайлылығы да мамыр айымен салыстырғанда біраз түскен. «Бірақ әлі де гигиеналық нормативке келген жоқ» дейді ол. Су тазарту кешені қашан салынады? Бұл туралы брифингке қатысқан қала әкімі Қадыржан Адинов хабарлады.
-Қазіргі таңдағы күн тәртібінде тұрған мәселе – су тазарту кешенін салу. Оған жер де бөлінді. Қазіргі су айдау станциясының ауласынан жер кеңейтіліп, сол жерден қосымша су тазарту кешенін салу жоспарлануда. Тәулігіне 20 мың текше метр су тазартып тұратын кешен құрылысын бастағымыз келеді. Жалпы бұл жұмысты жоспарлау 2023 жылы басталған еді. «Магистральды су ағызғысы» мекемесімен кеңесіп, осы серіктестіктің су тазарту құрылғысына келетін техникалық судан пайдаланатын болған едік. Тіпті жобаны іске асыру үшін демеуші тауып, құрылысын бір мекемеге тапсырғанбыз. Оның мойнында су тазартатын және кәріздерді тазалау кешенін салу жұмысы болды. Бірақ, түрлі себептермен жобаны аяғына дейін жеткізбеді. Енді, қазір бюджет есебінен жаңа жоба жасақтауды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселенің өзектілігі кешегі су сапасының өзгеруі кезінде де білінді. Жобаны дайындап, сараптамадан өткізсек, өзіміздің су тазалау кешеніміз іске қосылатын болады.
Үш күн су болмайды
Қазан айында құрылғыда үш күндік жөндеу жұмысы жүргізіледі. Құбыр залалсыздандырылады. Бұл қысқы маусымда құрылғылардың тосыннан істен шықпауы үшін қолға алынғалы отыр. Су берудің жоспарға сәйкес тоқтатылып, жөндеу жүргізілетіні туралы тұрғындарға алдын ала хабарландыру жолданды. Өйткені суды қайтадан берген алғашқы кезде құбыр бойында лай болуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай ретінде қарастырылған.
-Құлсары су тазарту құрылғысына жөндеу жүргізу сметасы әзірленіп жатыр. Жөндеу кезінде су сорғыларын ауыстыру, су сапасын одан әрі жақсарту мақсатында жаңадан көмір сүзгілерін орнату ойда бар. Қазанның 15-інен бастап 3 күнге деп жоспарлаймыз. Су уақытша тоқтайды. Бұл жасалатын жұмыс магистральды құбырдың әрі қарай сапалы жұмыс жасауына үлесін қосады. Яғни, трассадағы сырмаларды ауыстырамыз. Тағы да судың сапасы өзгеруі мүмкін. Сол үшін «Жылыойсу» мекемесі 3 күнге жететін таза суды толтырып, су дұрысталғанша жететіндей қор жинап қойса жақсы болар еді,- дейді бас директор Еркін Таңқыбаев.
Осы нысанда орналасқан 7 су қабылдау қазандығының біреуі жөнделіп жатса, тағы бір қазандықтың құрылысы жүріп жатыр екен. Бұл жұмыстарды 2025 жылдың ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта әлі де құбыр ауыстыру жүргізілетін болады.
П.ҚИЗАТОВА