Ауыз су сапасы қандай?

СУСЫЗ ТІРШІЛІК ЖОҚ. СУ КӨЗДЕРІНІҢ АЗАЙЫП БАРА ЖАТҚАНДЫҒЫНА ПЛАНЕТА ТҰРҒЫНДАРЫ ДА АЛАҢДАУЛЫ. СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ДЕГЕНДЕ, ТЕК АУЫЗ СУДЫ ҒАНА ЕМЕС, ЖАЛПЫ ЕЛІМІЗДІҢ ЭКОНОМИКА САЛАСЫНЫҢ, ТАБИҒИ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ СУҒА ДЕГЕН СҰРАНЫСТАРЫН ДА АЙТУҒА БОЛАДЫ.


Ал ауданымызда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жайы нешік? Өткен аптада аудан тұрғындарының өтінішімен аудандық мәслихат депутаттары “Жылыойсу” мекемесіне қарасты нысандардың жұмысын тексеріп, саралаған болатын. Аталған мекеме аудан тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Аудандық мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов, тұрақты комиссия төрағасы Сайлауғали Кенжеғалиев Құлсары қаласындағы су айдау станциясына (ВОС) барып, су құбырлары мен қазандықтарының тазалығын бақылап қайтты. Нысанды аралау кезінде, “Жылыойсу” директорының орынбасары Шаттық Исмухашев жоспар бойынша 2-ші су қазандығының тазартылып, сынақтан өткенін айтты.
Қалаға ауыз су “Магистральдық суағызғысы” ЖШС-не қарасты су тазарту станциясынан (ВОС) тазартылған күйінде алынып, “Жылыойсу” МКК-ның су айдау станциясымен беріледі. Мекемеде күзгі-қысқы маусымда жылу, ауыз су және кәріз сулары жүйелерінде апаттық жағдайлар орын алған жағдайда оны тезірек жөндеп, іске қосу үшін тәулік бойына бригадалар жұмыс жасауда.
“Жылыойсу” мекемесі басшылығының мәліметінше, су айдау станциясында (ВНС) әрқайсысының сыйымдылығы 5000 м3 екі су сақтау қазандары бар. Алдағы уақытта су қорын жинайтын қазандарды көбейту үшін қосымша 4 дана резервуарлар салу жоспарланып отыр. Мекеменің ауыз су айдау және кәріз суларын айдау станциялары қысқы маусымға толықтай дайындалды және олар жеткілікті су насостарымен жабдықталған. Өткен қазан айында және күні бүгін қалаға ауыз су 5000 м3-көлемінде, 2,6 кгс/см2 қысыммен беріліп отыр. “Ұлттық сараптама орталығы” ШЖҚ Атырау облысы филиалымен екі жақты жасақталған келісім-шарт бойынша әрбір тоқсан сайын оның бөлімшесіне Құлсары қаласы және Жаңа Қаратон кентіндегі су айдау станцияларынан ауыз су сынамалары алынып, биологиялық және химиялық зерттеулер жүргізілді. Алынған су құрамы нормативтік көрсеткіштерге сай келеді.
Бұдан бұрын қала әкімдігі мен аудандық мәслихат депутаттары, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары нысандарды аралау барысында магистральды жылу беру құбырларын да зерделеген болатын.
Ауыз су – қазіргі таңда ауданымыздағы күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу, су беру мекемесінің қыс мезгіліне дайындық шаралары басты назарда. Аудан тарапынан аталған мәселелерді шешу үшін түрлі жұмыстар атқарылуда.

Азамат ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521