Адам өмірінде ең маңызды және ерекше орын алатын тіршілік көзі су болып табылады.
Судың санитариялық-эпидемиологиялық сапасының адам денсаулығының қалыптасуында маңыздылығы зор, ал ауыз судың санитариялық-эпидемиологиялық сапасы төмен болуы адам денсаулығының нашарлауына, халық арасында әртүрлі аурулардың таралуына себеп болады. Алдымен, бұл бактериалдық жаратылысының ішек инфекциялары: А және В паратифтер, дизентерия, түрлі энтериттер және энтероколиттер, жұқпалы гепатит А, тырысқақ ауруы. Сондықтан адам ағзасына зор маңыздылығы үшін және халық арасында санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында тұрғындар тұтынатын судың сапасына және қауіпсіздігіне Жылыой аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандарымен жүйелі бақылау жүргізіліп отырады.
Күні бүгін су тазарту қондырғылары ерекше тәртіп бойынша жылына 1 рет тексеріледі. Жоспарлы тексерілген объектілерден санитариялық-химиялық және бактериологиялық зерттеуге сынамалар алынады. Тексерулер қорытындысымен санитариялық-гигиеналық талаптардың бұзушылығы анықталған жағдайда айыппұл салынып, анықталған кемшіліктерді жою үшін ұйғарым беріледі.
Тұрғындарды сумен қамтамасыз етудің негізгі шарты - ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігі, яғни бактериологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша санитариялық талаптарға сәйкес болуы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 16 наурыздағы №209 қаулысымен бекітілген «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға, суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларының 158- тармағына сәйкес су сапасын бақылауды су қондырғысын пайдалануға беретін мекеменің өндірістік зертханасы жүргізуі тиіс. Ауыз су эпидемиологиялық және радиациялық тұрғыдан қауіпсіз, химиялық құрамы бойынша зиянсыз және жағымды органолептикалық қасиеттерге ие болуы тиіс. Ауыз суда жай көзге көрінетін организмдердің және жұқа қабық бетінің болуына жол берілмейді.
Лиза Садыхова,
аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен
қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы