«Ауыр халде жатқанда айыппұл арқалатып кетті»

Құрметті редакция! Мен аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ақкиізтоғай ауылының тұрғынымын. Жасым 31-де, бес баланың әкесімін. Жиенай деген жердегі «Құбаш» шаруа қожалығында еңбек етемін.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 16-сы күні мотоциклмен сол шаруашылықтан шығып, кешкісін сағат 20.00-дер шамасында ауыл ішіне кірдім. Қас қарая бастаған уақыт. Күндегі жүріп жүрген Ақкиізтоғай ауылдық округі әкімдігі ғимаратының алдындағы жолмен өте бергенде астымдағы көлігім жерге төгіп тастаған бір машина щебенге соқтығысып, жол апатына ұшырадым. Шебень үйіндісінің айналасы қоршалмаған, сақтық белгісі жоқ екен. Оның үстіне, дәл сол жердегі көше жарығы да сөніп қалған болып шықты. Соның кесірінен мен қараңғыда оны көрмей жылдамдықпен келіп жол-көлік оқиғасына ұшырадым. Оны байқамай қалатын жөнім де бар еді. Осыған дейін бұл щебень үйіндісі жоқ болатын.

Соққының қатты болғаны соншалық, оқиға орнында ес-түсімнен айрылып қалдым. Бір есімді жисам, «Жедел жәрдем» көлігі келіп тұр екен. Сөйтіп кешкі сағат 22.00-дер шамасында Құлсары қаласындағы аудандық орталық ауруханаға жедел жеткізгенін бір біліп, бір білмей, есім кіресілі- шығасылы болып жаттым. Жол апатының зардабынан оң жақ аяғым қара санындағы жіліншік сүйегінен морт сынды және сол жақ артқы бүйір тұсыма зақым келіп, қанталап кетті.

Мен осылай ауруханада жаным көзіме көрініп жатқанда қыркүйектің 18-і күні аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік полиция қызметінің инспекторы палатама келіп «мотоциклді категориясыз басқарды» деп 72 000 теңге айыппұл салып кетті. Оны «бір аптада өтесеңіз 36 000 теңге жартысын төлейсіз. «Казкомсервис» мекемесіне де айыппұл саламыз, сосын азаматтық тәртіппен талап арыз жазып, сотқа бере аласыз» деп түсіндірді.

Өкінішке қарай, полиция инспекторының толтырған хаттамасында жолда төгілген щебень туралы бір ауыз сөз жоқ. Ол Ақкиізтоғай елді мекеніне барып, оқиға орнында хаттама толтырған, бірақ себеп-салдары анық көрсетілмеген. Сонда мен тегіс жерден өзім аударылып құлағанмын ба?

Әрине, мен заңды сыйлайтын, заңға бағынатын азамат ретінде 36 000 теңге көлеміндегі айыппұлды төлеп тастадым. Менің бұл жерде басымның жетпейтіні: адам жол апатына ұшырап, өмір мен өлімнің арасында, алдағы тағдырым белгісіз, ауыр халде жатқанымда, «Көтере алмасаң қосып арқала» дегендей, жол полициясы инспекторының маған айыппұл арқалатып кетуі еді... Бұл адамгершілікке жата ма?

Көп ұзамай, яғни қыркүйектің 20-сы күні дәрігерлер сағат 14.30-дан бастап, кешкі сағат 19.10-ға дейін төрт жарым сағат аяғыма ота жасады. Содан аман-есен есімді жиып, оянып жан сақтау бөліміне, кейін палатаға шықтым. Қыркүйектің 25-інде үйіме келдім. Содан бері «Казкомсервис» ЖШС-нен хал-жағдайымды біліп, ешкім хабарласқан жоқ. Аудандық полиция бөлімінен де сол мекемеге қолданған шара туралы естімедім. Ақкиізтоғай ауылының ішінде бұдан да басқа адам өміріне қауіпті құдықтар, «траншеялар» баршылық. Ешқайсысының айналасында қоршауы, сақтандыру белгісі жоқ. Осы және менің басымнан өткен жағдайды айтып, болған жайды басылым бетіне шығарғанды жөн санадым. Өйткені мұндай оқиғаның арты қайғылы аяқталуы да ғажап емес. Рас, ауылды көркейту мақсатында округ орталығында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ ол, ең алдымен, тұрғындар үшін қауіпсіз атқарылуы керек. Себебі адам өмірі бәрінен де қымбат.

Мейірхан Құбашев,

Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны

Редакциядан: Біз бұл мәселе жөнінде аудандағы құзырлы орган басшыларына хат жолдадық. Онымен бірге жол апатына ұшыраған оқырманның редакцияға жолдаған хатының көшірмесін де қоса тіркеген едік. Біздің қолымызда аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бозжігітовтің М.Құбашевқа жолдаған жауабы бар. Онда «Ақкиізтоғай елді мекенінің ауылішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту» жобасы бойынша тас жолдың құрылыс жұмыстарын «Казкомсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқаны хабарланған. Төменде аудандық полиция бөлімі мен «Казкомсервис» ЖШС басшыларының редакцияға жолдаған жауабын өзгеріссіз сол күйінде жариялағанды жөн көрдік. Бірақ онда ауданның бас тәртіп сақшысы өзі ауыр халде аурухана төсегіне таңылып жатқан науқасқа айыппұл салып, рухани күйзеліске ұшыратқан жол полициясы инспекторы туралы бір ауыз сөз жауап жазбаған.

«Реніші негізсіз...»

Хатты зерделеу барысында Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Құбашев Мейірхан есімді азаматтың шағымы анықталды. Ол 2024 жылғы 16 қыркүйекте «Казкомсервис» ЖШС-нің Ақкиізтоғай ауылы әкімшілігінің қарсы бетінде жұмыстар жүргізіп жатқанын, біздің мекеме жол бойына қиыршық тас қалдығын төгіп кеткенін мәлімдеген. Соның салдарынан М.Құбашев мотоциклмен жол апатына ұшырағанын хабарлаған. Сонымен қатар, аталған азамат мотоцикл құралын заңсыз жүргізгені үшін Жылыой ауданының полиция қызметкерлері тарапынан айыппұл салынып, заңды шара қолданылғаны анық жазылған. Орын алған оқиға бойынша «Казкомсервис» ЖШС-іне ешбір хабарлама келіп түспеген. Сол себепті, біздің тарап бұл жазатайым оқиға туралы хабардар емес. Сондықтан Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны М.Құбашевтің «Казкомсервис» ЖШС-іне деген реніші негізсіз деп есептеуге болады.

Б.Құлтекенов,

«Казкомсервис» ЖШС бас директоры

«Арыз жазудан бас тартты...»

2024 жылдың 16 қыркүйегінде сағат 20.15 минут шамасында Ақкиізтоғай ауылдық округі, Ізбасов көшесі бойында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатырған тас жол бойында азамат Мейірхан Құбашев өз басқаруындағы мотоциклімен жол үстінде жиналып тұрған щебень тастарына соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарынан Мейірхан Дастанұлы әртүрлі дене жарақатымен аудандық орталық ауруханаға жатқызылды.

Аталған оқиғаға қатысты жинақталған құжаттар 16 қыркүйек 2024 жылы аудандық полиция бөлімінің АЕК-на №242336030005394 санымен тіркелді. Азамат М.Құбашев алған дене жарақаты бойынша арыз жазудан бас тартты. Бірақ щебенді жолға төгіп тастаған мекемеге талабының бар екендігін көрсетті. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 32-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жекеше, жекеше-жариялы және жариялы қудалау және айыптау істері, яғни ҚР ҚК-нің 345 (бірінші бөлігінде) – бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер жекеше-жариялы айыптау істері болып есептеледі. Осы ретте «Іс жүргізу жәбірленушінің шағымы бойынша ғана басталады және Қылмыстық кодекстің 68-бабында көзделген жағдайда ғана жәбірленушінің күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен татуласуына орай тоқтатылуға жатады» - деп көрсетілген.

Бұдан басқа, ҚР ҚПК-нің 35-бабы, 1-бөлігінің 5-тармағында: «Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар қылмыстық істе осы кодекстің 32-бабының 4-бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы кодекстiң 32-бабының 2 және 3-бөлiктерiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жәбірленуші шағымының болмауынан, сондай-ақ осы кодекстің 32-бабының 4-бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы кодекстiң 32-бабының 2 - бөлiгiнде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша жекеше айыптаушы айыптаудан бас тартқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жататын адамға қатысты тоқтатылуға жатады» - деп көрсетілген.

Сол себепті қылмыстық құқық бұзушылық туралы іс бойынша жәбірленуші шағымының болмауына байланысты жинақталған құжаттар жинақтау папкасына жолданды. Осы оқиға салдарында әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болуына байланысты құжаттар көшірмесі бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесіне жолданды.

Р.Икласов,

аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT