Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың кезекті тұрғындармен кездесуі сәрсенбінің сәтімен Қара Арна ауылдық округінде жалғасты. Ауылдың жаңа мәдениет үйіндегі кездесуге қатысушылар қарасы көп болды. Тұрғындардың талап-тілегіне кезек берілмес бұрын аудан басшысы бұған дейінгі айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалу барысын баяндап өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары, жергілікті бөлім басшылары, құқық қорғау орган өкілдері және коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелер басшылары қатысты. Кездесуді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерлан Нұрланов ашып, жүргізіп отырды.
Аудан әкімі екі жыл ішінде қараарналықтармен 4 мәрте кездескен. Онда барлығы 86 мәселе көтерілген, оның ішінде: орындалғаны 24, объективті түрде жауап берілгені де 24, орындалмағаны 4-еу екен. Қалғаны қаралу үстінде. Әкімнің баяндамасына сүйенсек, округте өзге ауылдар секілді жолға, жарыққа, суға қатысты көптеген мәселелер шешілген. Шоқпартоғай мен Тұрғызба ауылының тұрғындарына талас болған Жем өзені мәселесіне де қатысты біраз шара атқарылыпты.
Қысқаша хабарламадан соң, кезек тұрғындарға берілді.
Ауылдың дәл орталық көшесінде тұрған жекеменшік аялдама тұрғындарды толғандырған маңызды мәселеге айналып отыр. Сылағы түсіп, түсі қашқан ескі нысанның көркі қашып, жан-жағы қоқыс төгетін орынға айналыпты. Орындығы жоқ, ауыл ажарын едәуір алып тұрғанға ұқсайды. Мәселені көтерген тұрғын Б.Жұмақұлова бұл мәселемен ауыл әкіміне де барып, иесімен келісіп, ескі нысанды бұзып тастап, орнына жаңа автобус аялдамасын орнатуды сұраған. Әкімнің айтуынша, бұл жерді нысан иесі кәсіптік мақсат үшін 50 жылға жалға алған екен. Ал заң бойынша жеке кәсіпкердің мүлкіне тиісуге құзырлы органның құқығы жоқ. Ауыл жанашырларын алаңдатқан аялдама тақырыбына аудан әкімі жауап беріп, кәсіпкердің заңды құқығы қорғалғанын, ескі нысан тұрған орынды анықтауды, жалпы заң бойынша әрекет ету жолдарын қарастырамыз деді. Алайда, біреудің кәсіптік ғимаратын қанша ескі болса да бұзып тастауға әкімдердің құқығы жоқ екенін баса айтты.
Одан бөлек жиын барысында саябақ сынды тұрғындардың демалыс орнындағы талдарды отап жүрген қараусыз мал мәселесі де сөз болды. Айталық, ауыл тұрғынының бірі С.Қожиев ауласының алдына өрістен айдап әкеліп, екі-үш сиырын жайғап қояды. Өзінің айтуынша, ол малын бос қоймаған, қора маңынан ұзатпаған. Бірақ қандай дәлел себеп болғаны белгісіз, құзырлы орган өкілі аула маңында ұстағаны үшін иесіне айыппұл салып кеткен. Тұрғын заңға бағынып айыппұлды төлеген. Десе де, аудан басшысы келгенде бұл мәселеге қатысты базынасын айтып қалудан қаймықпады. Ал ауыл әкімінің сөзінше, ол ауылдағы саябаққа кіріп, талдарды жеп жүрген сиырларды көріп, фотосуретіне, бейнежазбасына түсіріп, учаскелік полицияға шарасын алу үшін тапсырма берген.
Таяуда ауданға 850-дей «Сергек» камерасы келген. Оның белгілі бір данасы ауылдарға орнатылып жатыр. Камералар жыл басында іске қосылмақ. Бірақ кездесуге келген ер-азаматтардың басым бөлігі оған қарсы болып отыр. Өйткені, ауылдағы теміржол өткелі талапқа сай емес, кейбір автомобиль жолдарының сапасыздығы да дау тудырып отыр. Ал халық болса «дәл сол жерге камера орнатып, халықтың қалтасына салмақ түсіруді көздеп отырсыңдар» деп ашулы. Бірақ аудан әкімі орнатылған камералардың басым бөлігі автокөліктерді емес, ауыл ішіндегі тәртіпті қадағалап, төбелес, ұрлық, мектеп оқушылары мен балабақша балаларына төнетін қауіптің алдын алу үшін қойылғанын жеткізді. Әрине, бұл камералар автокөлік жылдамдықтарын да қадағалап тұрады. Өйткені, күре жолдың жол - көлік оқиғалары да аз емес.
Жиын кезінде халыққа коммуналдық қызмет көрсетіп, жарық, жылу, ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекемелер тарапына да сауалдар жолданды. Күннің ыстық мезгілінде ақшаңдақ болып тұратын ауыл ішін жасыл желекке айналдырып, тал егу жұмыстарын да қолға алуды сұрады халық. Әкім бұл сұраққа да жауап беріп, көгалдандыру бағытындағы жұмыс жоспарының барын айтып, алдағы уақытта жүзеге асатынын хабардар етті. Кездесу кезінде өзге де көптеген мәселелер көтеріліп, заң аясында жауап берілді.
Сондай-ақ, Facebook және Instagram әлеуметтік желі парақшасынан келіп түскен ауыл тұрғындарының қойған сауалдары да оқылып, жиын барысында жауабы берілді.
Ш.ЖАУҒАШТЫ