Ауылдың жайы алаңдатады

Жуырда аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, кент және ауылдық округ әкімдерінің есебі тыңдалды. Мұнда бір жақсысы өзге басқосулар секілді әкімдер ұзын-шұбақ баяндамаларын оқыған жоқ. Керісінше, ауыл басшылары кеңес мүшелерінің қойған сауалдарына жауап беріп, кездесу еркін форматта өтті. Мәслихат аппаратының мәжіліс залында өткен тыңдалымға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов пен аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Теміржанов қатысты.

Онда кеңестің 11 мүшесі шалғайда тұратын тұрғындардың мұңын жеткізді. Алақандай ауылдардағы өзекті мәселелерді ортаға салып, сағызша созылған құрылыстардың жауабын білуге тырысып бақты. Бұл жолғы отырыс қоғамдық кеңес төрағасы Ерлан Нұғманның кенеттен сырқаттанып қалуына байланысты ешкімнің басқаруынсыз-ақ басталып кетті. Оның орнына бұған дейін ауылдарды аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп келген коғамдық кеңесшілер сөз бастап, алдымен, Жем ауылдық округі әкіміне сол ауылдың күрмеуі қиын мәселелерін тарқатып бастады. Тұрғызбалықтарды толғандырған төрт-бес жайтты теріп әкелген сол ауылға қарасты кеңес мүшесі бірден сөзге көшіп:

- Біздер 23 сәуір күні Жем ауылдық округіне барып қайттық. Әкім ол кезде еңбек демалысында болды. Аяқтай барғандықтан көп дүниені көзіміз шалса да, ең ірі деген мәселелерді түртіп алдық. Сіздің ауыл тұрғындарының айтуынша, Тұрғызба ауылындағы зираттар қоршалып, 2024 жылы толықтай аяқталған екен. Оны «S.ALEM construction» мердігер мекемесі салыпты. Алайда, бетон таспен емес, қарапайым тормен қоршалған. Ал қазір ол құлай бастаған. Одан бөлек ауыл тұрғындарынан «әкімді ауыстырсақ жақсы болар еді» деген сияқты ұсыныстарын да құлақ шалып қалды. Жалпы жергілікті халықпен байланысыңыз қалай?-деді ойын жеткізіп.

Оған жауап берген Жем ауылдық округінің әкімі Нұртас Қуатбаев: - Бұл зиратты қоршау кезінде, яғни 2020 жылы Тұрғызба ауылында басқа әкім болды. Қабылдаған сол кісі. Сондай-ақ бұл мен әкім ретінде сайланғанша аяқталған іс. Дегенмен, әрине, құрылыстан хабарым бар. Бұл енді, жобаның басында шешілген дүние ғой. Алғашында таспен салынады десе таспен, бетонмен десе бетонмен, ағашпен салынады десе ағашпен тұрғызылады. Сол секілді жобада «тормен қоршалу керектігі» жазылып тұрса, демек тормен қоршалады деген сөз. Ал «құлап жатыр» дегенге өз басым келіспеймін. Оны нақтылау қажет. Халықпен, иә, байланысым жақсы. Жиі кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап отырамын,-деп мәселені шешуге тырысты.

Жиындағы келесі сауалдар Майкөмген ауылдық округінің әкімі Нұржарық Сауытовқа қойылды. Ол ауылға табан тіреген қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, Майкөмгенде қоғамдық әжетхана жоқтың қасы. Және жол мәселесі мен құмырсқаның бір түрі «термиттің» көбею мәселесі де әлі күнге өз шешімін таппай келе жатқан көрінеді. Бұл мәселелер төңірегінде есеп беруге еңсесін тіктеген Майкөмген ауылдық округінің әкімі де нақты-нақты ойын жеткізіп:

- Алдымен, әжетхана жөніндегі сұрағыңызға жауап беріп кетейін. 2023 жылы «Қазавтожол» мекемесі дәретхана салып бергісі келді. Мен бірден бұл жобаға қарсылық білдірдім. Не үшін қарсы болғанымды халыққа да түсіндірдім. Ол әжетхананы салады екенбіз, сосын оны кім тазалайды? Кәріз құдығы 1 жылда толады да қалады. Одан шыққан иіс алақандай ауылдың ішін улап, жел тұрған сайын деміміз тарылады ғой. Салса, ауылдан Құлсарыға шығаберіс бетке немесе ауылдан Боранқұлға шығаберіс жаққа салсын. Оған қарсылығым жоқ. Бірақ біз әлі оны өздігімізден таза ұстайтын уақытқа жеткен жоқпыз. Сондықтан ауылды ірі қалалармен салыстырудың керегі жоқ. Ал келесі сұрағыңыз аясында жолдың тоқтап қалған құрылысы жалғасқанын айтқым келеді. Оны «Атырау-Армандастар» мердігер мекемесі жасап жатыр. Мекеме басшысы Амандық Иманбаевтың сөзінше, ауылдың оң жақ бетіне 3 шақырым тас жол төселетін болады. Ал «жыр» болған «термит» мәселесі әлі шешімін таппағанын жасырмаймын. Оған ғылыми зерттеу қажет. Мен бұл мәселе төңірегінде байланысуды қажет деп таныған адамдардың бәріне де хабарластым. Соңында «өз қалтасынан қаражат шығаратын үй ғана термитке қарсы дезинфекцияланады» деген жауап алдым. Оған қазір екінің бірінің қалтасы көтермейді ғой. Оның үстіне, ол тазалық жұмыстарынан кейін де ұсақ жәндіктердің біржолата жоғалып кетеріне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан, бірінші бұл жәндіктердің бастауы болған Боранқұл әкімдігімен байланысып, олардың бұл мәселеге қандай шешім шығарғанын анықтағанымыз дұрыс болар,-дейді сауалдардың бәріне толыққанды жауабын беріп.

Жиынды Қаратон кентіне қарасты қоғамдық кеңес мүшесі жалғастырды. Ел ішіндегі өзекті мәселелер аясында сөз сөйлеген ол Қаратон кенті әкімі Сансызбай Баймұратовқа сұрақ қойып бірнеше мәселенің басын шешіп алғысы келді.

- Сіздердегі мәдениет үйінің құрылысы тым созылып кетті. Оған жауапты мердігер мекемелер де ауыса береді. Бұл құрылыс жұмыстары не үшін сағызша созылып, не үшін бітпей жатыр? Ауыл жастары қашанғы мәдениет ордасынсыз күн кешеді? Бұл бірінші сұрақ. Қаратондықтарды толғандырған келесі мәселе – мектептің қазіргі жағдайы. Білім ордасына баратын балалардың жарық, таза жерде білім алғанын қалайтын тұрғындар «Мектеп ғимаратына жөндеу жұмыстары жасала ма?» деген сауалын жиі қояды,-дейді қоғамдық кеңес мүшелері. Бұл мәселе төңірегінде Қаратон кенті әкімі Сансызбай Баймұратов:

- Біріншіден, мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылы басталды. Және сол жылы тоқтады. Алғашында жобаны «Ақмешіт Миллиардер» мердігер мекемесі қолға алды. Оларға аудандық құрылыс бөлімі нысанды толықтай аяқтау үшін 18 ай уақыт берді. Бірақ олар алғашқы 7 ай уақыты аралығында құрылыстың тек іргетасын аяқтаудан әрі аса алмады. Жұмысты аудан әкімі де келіп қарап кетті. Нәтижесінде құрылыста ешқандай өзгерістің болмауына байланысты мердігер мекемемен келісім шартты біржақты бұзуға тура келді. Және сотқа талап арыз жолданды. Одан кейін бұл жұмысты кері қолға алу үшін конкурс жарияланып, «Орлан» ЖШС 2024 жылдың шілде айында мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес жеңімпаз атанды. Енді осы жерде тағы бір мәселе туындайды. Кезінде жұмысты бастаған алғашқы мердігер, яғни «Ақмешіт Миллиардер» өзінен кейінгі «Орлан» мекемесіне өздерінің сатып алған құрылыс материалдарын қабылдап алуды сұраса, «Орлан» басшылығы одан бастарын ала қашып тұр. Себебі, құрылыс материалдары бірнеше ай су астында қалған. Оны пайдалану алдағы уақытта құрылысқа зиянын тигізе ме деген алаңдаушылық та бар. Бұл орынды деп ойлаймын. Қазіргі таңда аудандық құрылыс бөлімі мен «Ақмешіт Миллиардер» мердігер мекемесі арасында сот процесі жүріп жатыр. Сол себепті мәдениет үйінің құрылысы созылып кетті. Ал «Орлан» мекемесінің басшысымен сөйлескенімде ол осы мамыр айының соңына қарай құрылыс жұмысын бастайтынын жеткізді. Екінші сұрақ: мектеп жөнінде болды. Бұл жөнінде оқу орнының жөндеу жұмыстарына арналған жобалық-сметалық құжаттың 120 күнде дайын болатынын жеткізгім келеді. Яғни, жоспарда бар, мектептің жағдайымен аудан әкімдігі де хабардар. Жеңімпазы анықталып тұр. Енді сараптамадан оң қорытындысын алғаннан кейін мектеп бюджеттен қаражат сұрап, күрделі жөндеуден өтеді,-дейді кент ішіндегі мәселелерден өзінің жақсы хабардар екенін жеткізіп.

Қоғамдық кеңестің кезекті мәселесіне Қосшағыл ауылдық округі әкімі Жанғазы Берікұлының жауап беруіне тура келді. Себебі ауылдағы электр желісі мен Қарағай елді мекеніндегі жуырда ғана ашылған медициналық пунктің жұмысы, сондай-ақ электр желілерін жаңғырту мен жұмыссыздық мәселесі ондағы жұртшылықтың басты мәселесіне айналса керек. Бұл жөнінде Қосшағыл ауылы әкімі:

- Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен ауылымызда электр желілерін қайта жаңғырту жұмысы 2025 жылы басталды. Алайда қазір сот процестері жүріп жатыр. Ол аяқталуына байланысты ол жұмыс өз жалғасын табатын болады. Жалпы ауылда 25,7 шақырым көше жарығы жүргізілді. Ал жұмыссыздық мәселесіне келетін болсақ, бұл енді тек ауыл емес, аудан емес, республика төңірегіндегі өзекті мәселе ғой. Десек те, осы көктем мезгілі кірісімен ауылымыздан 4-5 азаматты болса да жұмысқа орналастыруды қарастырып жатырмыз. Қарағай елді мекеніндегі медициналық амбулаторияның құжаты әлі де қаралуда. Қалай құжаты дайын болады, халық игілігіне берілетін болады. Иә, түсінемін, ол нысанды қарағайлықтар осыншама уақыт күтті. Енді сәл шыдаса, жаңа ғимаратты пайдалануына болады,-дейді сөзін қорытындылап.

Аудандық қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысы шалғай ауылдардың шынайы тынысын ашып, ел ішіндегі шешімін күткен мәселелерді ашық айтуға мүмкіндік берген алаңға айналды. Кеңес мүшелері ауыл әкімдеріне нақты сауалдар қойып, халықтың аманатын жеткізсе, әкімдер тарапынан жауаптар мен түсіндірмелер де берілді. Инфрақұрылым, құрылыс, қоғамдық байланыс, экологиялық жағдай мен тұрғындардың әлеуметтік түйткілдері төңірегінде көтерілген мәселелер ауылдардағы жұртшылықтың қазіргі жағдайын ашық көрсетті. Әр әкімнің жауабы әртүрлі болғанымен, олардың ортақ мақсаты өз тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру екені байқалды. Дегенмен, бұл жиын тек пікір алмасу емес, нақты іске ұласуы тиіс. Себебі айтылған әрбір түйткіл ертеңгі күні міндетті түрде түйінін тарқатуды қажет ететін күрделі мәселелер. Ендігі міндет: күн тәртібінде көтерілген проблемалардың жүйелі түрде бақылауға алынып, жауапты мекемелер тарапынан нақты әрекет жасалуы. Сонда ғана қоғамдық кеңес жұмысының нәтижесі көрініп, оның мүшелері елдің сенімін ақтайтыны анық.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT