Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет» екенін атап өтті. Сондай-ақ көктемгі тасқын судан туындаған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыздың егін егу жұмысын дер кезінде аяқтағанын алға тарта отырып, оларға зор ризашылығын білдірді.
Төрт түлік табыс көзіне айналды
Иә, Мемлекет басшысының батыл шешімдерінің арқасында ауданымызда да ауыл шаруашылығы саласының дамуына көңіл бөлініп, ауыл тұрғындарын әлеуметтік қолдау аясында кәсіппен айналысуына барлық жағдайлар жасалуда.
Аудандық ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Сабыровтың берген деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылы мал басының өсуі мен одан алынатын өнімдердің көбеюі осыған айрықша дәлел бола алады. Айталық, 2024 жылы ауданымыздағы шаруа қожалығының саны 459-ға жетсе, «Жаңа-Таң» ЖШС тағы бар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, шаруа қожалықтарынан 20 284 бас мүйізді ірі қара, 97 712 бас қой-ешкі, 21 229 бас жылқы, 11 398 бас түйе малы есепке алынды. Олардан өндірілген өнімнің салмағы тірілей салмақпен алғанда 3145,7 тонна ет пен 1838 тонна сүтті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда мал шаруашылығы саласының ілгері жылжып, ет өнімінің 101,89%, табиғи сүттің 100,1% артық орындалғанын көрсетті.
Кейінгі кезде мемлекетімізде ірі қараны асылдандыру мәселелері жиі талқыланып, бұл салаға сұраныс көбейді. 1928-1932 жылдары шет елдерден аса сүтті ірі қара мал тұқымдарын алғызып, алғаш рет Батыс Қазақстанда асылдандыру жұмыстарының басталғаны тарихтан аян. Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын тауып, әр өңірде асыл тұқымды мал саны көбейіп, сапа артты. Оған дәлел мал шаруашылығына арналған өндіріс көлемі ұлғайып, мол мүмкіндіктер қарастырылып, озық өндірістік жобаларға қолдау көрсетіліп келеді.
Осы тұрғыда ауданымызда да жергілікті мал өнімдерінің саны мен сапасын арттыру мақсатында шаруашылық құрылымдарында мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жыл сайын жүзеге асырылып келеді. Аудан кәсіпкерлерінің үздіксіз ізденісінің арқасында ауданның агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамып, жергілікті ірі қараның көбеюі жылдан жылға арта түсті. Айталық, бүгінде ауданымыздың мал шаруашылық саласында өзіндік орны бар «Жаңа-Таң» ЖШС-де 2722 бас қаракөл қойы мен 372 бас түйе болса, «Достан ата» шаруа қожалығында 4681 бас еділбай қойы мен 907 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара бар. Сондай-ақ талабы таудай «Талап» шаруа қожалығы асыл тұқымды еділбай қойының санын 1291-ге жеткізсе, олардан қалыспай еңбек етіп келе жатқан «Қуанышбек» шаруа қожалығы қазақтың ақ бас сиырын 91 басқа жеткізген.
Еліміз үшін мал қыстату маңызды науқан екенін ауыл шаруашылық егелері жақсы біледі. Бұл ретте біздің өңірдегі малшылардың қылышын сүйретіп келер қыс мезгіліне де дайындығын білдік. Соңғы дерекке сүйенсек, елді мекендерден шалғай учаскелерде барлығы 165 қыстақта мал қыстатылады екен. Оның ішінде «Жаңа-Таң» ЖШС 9 орында болса, өзге шаруа қожалықтары 156 орынға көшіп келіп, қыстың қамына әлдеқашан кірісіп кеткен. Сондай-ақ жыл басындағы жоспар бойынша төрт түліктің қысқы азығына 59 200 тонна жем-шөп дайындалу қажет болса, қазіргі таңда сол есеппен барлық жем-шөп қыстақтар басына тиісті уақытында жеткізілді. Дегенмен өткен жылдан қалған 1722 тоннаны қосқанда алдағы қысқа жиналған қор малшыларға толығымен жетеді деген сенімде. Бұл көрсеткішке қарап аудандағы мал қыстату науқанының ойдағыдай жүріп, олардың жем-шөбінің мол жетіп жатқанын аңғарсақ та болады.
Егіс алқабында: тамшылатып суару, су жаңа техникалар
Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлгенін айта кеткеніміз дұрыс болар. Ол өзінің Қазақстан халқына Жолдауында заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жерлердің оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс екендігін жеткізді. Және пайдаланушы жерге инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керектігін де алға тартып, олардың ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс тауып беріп отырғанын ескеру керектігін айтты.
Егіншілік саласында да аудан бойынша үстіміздегі жылы біраз жұмыстар атқарылып, жиын-терім науқаны сәтті аяқталды. Жыл басынан бері 60 гектар егістік алқапқа тамшылатып суару әдісі мен жаңа технологияның тетігі қолданылды. Бұл салада «Талаптан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманкелді Қарасаев «Теңізшевройл» ЖШС-ның 2024 жылға арналған әлеуметтік инвестициялық бағдарламасына «Су –тіршілік көзі» жобасын ұсынып, қаржылай көмекке ие болғанын айтпасқа болмас. Ауыл тұрғындарын еңбекке шақырып, тамшылатып суару арқылы егіс салуға болатынын дәлелдеген ақкиізтоғайлық тұрғынның жобасы ойдағыдай іске асып, бүгінде ауданның агроөнеркәсіп саласының дамуына мол септігін тигізді. Ал басқа кәсіпкерлерге келсек, сәуірдегі су тасқынына байланысты 3 шаруа қожалығы 175 гектар жерге егін салып, 442 тонна көкөніс пен 1760 тонна бақша өнімдерін алды. Сондай-ақ 40 гектар жерге екпе шөп егіліп, одан 600 тонна жоңышқа жиналды.
Міне, осындай егін мен мал шаруашылығы иелері кәсіптің ілгері жылжуына баса назар аударып, биылғы жылы көлік құралы санын арттырып, қажетті техника көзін де жаңартып үлгерді. Бұл тұста «Дархан Дала» шаруа қожалығы 10 900 000 теңге тұратын МТЗ-82-1 маркалы «Беларус» тракторын өз қаражатына сатып алса, «Мұра» шаруа қожалығы дәл осы көлік түрін лизингтік төлем шартымен иеленіп, шаруасын дөңгелентіп отыр. Осындай белгіленген мерзімге дейін пайдалану үшін жалға беру шартымен «Талап» шаруа қожалығы да DF - 904 маркалы тракторын алып, агроөнеркәсіп саласын дамытуға өз үлесін қосуда. Көлік құралынан бөлек «Мирас» шаруа қожалығы бюджеттік субсидия арқылы 1 250 000 теңгелік шөп шабу құрылғысын сатып алса, «Бірлік» шаруа қожалығы 711 400 теңгеге тамшылатып суару құрылғысын иеленген болатын.
«Дипломмен – ауылға»
Елімізде жыл басында «Дипломмен – ауылға» жобасының бағдарламасы аясында берілетін жеңілдетілген кредиттің сомасы мен жәрдемақының мөлшері өсті. Атап айтқанда, бұған дейін жоба қаржысы 1500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 5,5 миллион теңгені құраса, биылдан бастап оның мөлшері 2000 АЕК-ке, 7 миллион 384 мың теңгеге жетті. Оған дипломын алып, ауылға барған азаматтар мен онда бұрыннан тұрып жатқан тұрғындар қатыса алады. Бұл жоба бойынша білікті маман іздеген ауылдарға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп саласындағы мамандар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілері орнына азаматтар қажет болады. Олар жобаның негізгі талабына сәйкес, кредит алған жағдайда ауылдық жерде өз мамандығы бойынша кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі керек.
Осы «Дипломмен – ауылға» жобасына сәйкес, ауданда да жыл басынан бері көптеген мемлекеттік қызмет көрсетіліп келеді. 2024 жылы мамандарды ынталандыру мақсатында оларға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 15 жыл мерзімге 0,01% мөлшерлемемен, 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бюджеттік кредит және 100 айлық есептік көрсеткішпен бір жолғы көтерме жәрдемақы беріліп келеді. Ауданда 2023 жылы көтерме жәрдемақыдан 17 маманға 5 865 000 теңге, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік несиеден 3 маманға 15 525 000 теңге қаржы бөлініп, толықтай игерілсе, биылғы жылы оның саны сәл өзгерді. Нақтыласақ, биыл республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға екі маманға бюджеттік несие рәсімдеуге 7 384 000 теңге, ал 14 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу үшін 3 692 000 теңге қаржы жоспарланып, жыл аяғына дейін жүзеге аспақ.
- Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары негізінде 382 мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл – 2024 жылдың алғашқы жеті айының көрсеткіші. Оның ішінде тракторларды, олардың тіркемелерін және арнайы техникаларды мемлекеттік тіркеу есебіне алу, тіркеу есебінен шығаруға көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны – 215, ауыл шаруашылығы және арнайы техникаларды, тіркемелерін жыл сайынғы мемлекеттік қарап-тексеру қызметі – 99, машиналардың кепілін мемлекеттік тіркеу қызметі – 8, тракторист-машинист куәлігін беру немесе ауыстыру қызметі 58-ді құрады. Жоғарыда көрсетілген қызметтер мемлекеттік қызмет бөлімінің кеңсесі арқылы қағаз түрінде де, «Е-лицензия» порталы арқылы электронды түрде де толықтай қолжетімді. Бұл мүмкіндікпен мамандарға 69, яғни 18% кеңсе арқылы қызмет көрсетілсе, 313, яғни 82% электрондық портал арқылы мемлекеттік қызмет көрсетілген. Қағаз түріндегі көрсетілетін қызметтерге өтініштер көбіне ауыл шаруашылығы саласында қызмет етуші тұлғалардан келіп түседі. Бұл жағдайды олар интернет жүйесінің нашар болуына байланысты екенін жеткізді. Жыл басынан бері ауданымызда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді орындау мерзімінің бұзылу дерегі, яғни орындалу мерзімінен кешіктірілу оқиғасы орын алған жоқ. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасы мен басқа да орын алған кемшіліктер жөнінде өтініш беруші тұлғалар тарапынан арыздар мен шағымдар түспеген. Дегенмен 2024 жылдың жеті айындағы есеппен барлығы 23 өтініш бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту жағдайы болды. Бұлардың барлығы да заңдылыққа сәйкес болып табылады. Негізгі себептері өтініш берушінің тарапынан ұсынылатын құжаттар топтамасының толық еместігі, жарамдылық мерзімінің өтіп кеткендігі, қолданыстағы қағидалардың талаптарына сәйкес еместігі. Ал бас тарту уәжі өтініш беруші тұлғаға электрондық портал арқылы жазбаша түсіндіріліп жеткізілді,- дейді аудандық ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Раушанұлы.
Ауылдағы мемлекеттік қызмет
Мемлекеттік қызметтен бөлек елімізде 2024-2028 жылдарда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемін ұлғайту мәселесі бойынша облыс көлемінде бекітілген индикативтік тапсырмалар сапалы орындалды. Бұл бағытта ауданымыз машина-трактор паркін жаңарту, пайдалануға жарамсыз ескі ауыл шаруашылығы техникаларын, атап айтқанда, тракторлар, трактор тіркемелері, мал азығын дайындауға қажетті жабдықтар мен құралдарды (орақтар, тырмалар, тайлағыштар және т,б.) мемлекеттік тіркеу есебінен шығару жұмыстарын жүргізуді ұдайы назарда ұстап, тиісті шаралар ұсынды. Осы тұста аудандық ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімі заңды және жеке тұлғаларға бес түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілетінін айта кеткеніміз дұрыс болар. Олар – «Тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнаулы машиналарды жыл сайынғы мемлекеттiк техникалық қарап-тексеруден өткiзу үшін мемлекеттік қызметін көрсету», «Тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерін, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ өтімділігі жоғары арнайы машиналарды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу), тіркеу есебінен алу және олар үшін тіркеу құжатын (телнұсқасын) және мемлекеттік нөмірлік белгі беру жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету», «Тракторларды және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдерді, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды басқару құқығына куәліктер беру туралы мемлекеттік қызмет көрсету», «Тракторлардың және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдердің, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерінің, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерінің, сондай-ақ жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналардың кепілін мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті немесе телнұсқасын беру, немесе машина кепілінің тіркелгені туралы хабарлама беру мемлекеттік қызметін көрсету» болып табылады. Мұның барлығы бөлім мамандарына аз міндеттеме жүктемейді. Ал осындай қызметтің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі арқылы жүзеге асырылатынын көптеген аудан тұрғындары біле бермеуі мүмкін.
Қорытындылай келе, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қолдаулар мен сол көмекті тиімді пайдаланып отырған ауыл шаруаларының тынымсыз еткен еңбегі мен төккен тері ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жол ашады. Өйткені кейінгі жылдары шаруа қожалықтарымен бірге ауылда да кәсіпкерлер саны артып, жергілікті мал бордақылау, ірі қараны асылдандыру жұмыстарына баса көңіл бөлініп жатыр. Бұл дегеніміз - өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің де өзге салалармен қатар өсіп-өркендеп, ауылдардың әлеуметтік жағдайының артқандығын көрсетеді. Түптеп келгенде, жергілікті мал өнімінің етін жеп, сүтін ішу қала халқының денсаулығына да оң өзгеріс әкелері сөзсіз. Д.ІЗБАСАРОВА