Ауданымызда тұрғындардың белсенділігімен жүзеге асып жатқан игі істердің қатарына биыл 6 бірдей жаңа қоғамдық кеңістік қосылды. «Qogamdyq Keńıstikter» әлеуметтік жобасы аясында бой көтерген нысандар Қосшағыл, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Тұрғызба ауылдық округтерінен бөлек Жаңа Қаратон кентінде де ашылды. Әсіресе ауыл балаларының спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді өткізуді мақсат еткен жоба болашақ спортшылар үшін аралас ойын алаңдарын тұрғызды. Жобаны Орталық Азияның Еуразия қоры жүзеге асырып, қаржылай демеушілікті жергілікті мұнай компаниясы қамтамасыз етті. Ал құрылыс жұмыстары ауыл тұрғындарының қолынан шықты.
Міне, сол нысандардың бірі – Шоқпартоғай ауылдық округіндегі аралас волейбол және баскетбол алаңы. Бұған дейін де ауыл балалары арасынан суырылып шығып, аудан орталығына спорттық додаларға қатынайтын жасөпірімдер үшін бұл үлкен қуанышқа айналғаны анық. Ерекшелігі, оның құрылысына ауыл тұрғындарынан бөлек, мектеп оқушыларының да белсенді түрде атсалысқандығы еді. Ашылу салтанатында оларға жобаны жүзеге асыруға үлес қосқандығы үшін Алғыс хаттар табысталып, көптің қошеметі жауды. Жоба жетекшісі Құрманғали Сисенғалиевтің айтуынша, қоғамдық кеңістіктерді дамыту бастамасы бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Бұл туралы ол:
- «Qogamdyq Keńıstikter» жобасы бізге осыдан бірнеше жыл бұрын келді. Ал спорт алаңы біздің биылға жоспарлаған 6-шы жобамыз. Ойдағыдай аяқтап, халық игілігіне тапсырып жатырмыз. Өздеріңіз көргендей, ашылу салтанатында қаншама азаматты марапаттадық. Олар бұл жерге спорт алаңы салынады деген күннен бастап, бос уақыттары бола қалса осы жерде төбе көрсетіп, нысанның аяқталғанынша толассыз тер төкті. Олардың қатарында мектеп оқушылары да бар. Жасөспірімдердің ата-аналары «Бой көтеріп жатқан нысанның қадірін біле отырып, еңбекке аралассын. Сөйтсе ғана оны аялап ұстауды білетін болады» деп жіберіп отырды. Мұның барлығы түптеп келгенде ауыл тұрғындарын бірлікке шақырған керемет іс болды,-дейді өз сөзінде.
Бұл ретте Қосшағыл ауылында да көптен күткен «Мұнайлы» футбол-волейбол алаңы ашылғанын айта кетейік. Нысанның құрылысы алты айға созылып, межелі уақытында аяқталған. Бүгінде жергілікті тұрғындар алаңға бейнебақылау камераларын орнатуды көздеп отыр. Ал жоба жетекшісі Гүлжан Шәненнің айтуынша, бұл алаңды салуға 20-ға жуық ерікті ауыл тұрғыны қатысқан. «Биыл конкурсқа түсіп, жобаны жеңіп алдық. Қаладан әкелінген материалдармен бірге өз күшімізді біріктіріп, газон кілемін төсеп, құрылғыларды орнаттық. Жұмылған іске инвестор компаниялар да қолдау көрсетті» дейді ол. Ақкиізтоғай ауылында салынған «Толағай» воркаут алаңы да жүйелі жұмыстардың жалғасы. Оның бастамашысы Мұхтар Шолан ауылдағы жастарға арналған спорт орнының жоқтығын айтып, бұл істің маңызын ерекше атап өтті.
-Былтыр балалар ойын алаңын салып едік. Биыл жастарға арналған спорт аймағын қолға алдық. Біздің ынталы топта зейнеткерлерден бастап жастарға дейін 16 адам бар. Әркім қолынан келгенше үлес қосуда. Бұл тек спорт алаңы емес, жастарды біріктіретін орта,-дейді ол салтанатты шараның барысында.
Иә, кейінгі кезде аудан орталығы Құлсары қаласынан бөлек, сол ауданға қарасты ауылдарда да айтарлықтай оң өзгерістер байқалып келеді. Ауылдардың бірінде жарық бағаналары орнатылып жатса, ал бірінде жаңа аллеяның қазығы қағылуда. Бұл ретте «Qogamdyq Keńıstikter» әлеуметтік жобасы аясында Шоқпартоғай ауылдық округі мен Қосшағыл ауылынан бөлек, Тұрғызба ауылының Әбілқайырхан көшесінде «Дана» ойын алаңы ашылса, Ақкиізтоғай ауылының Ғани Мұратбаев көшесінде «Толағай» воркаут алаңы, ал Тұрғызба ауылының Бөкен би көшесі мен Боран Нысанбаев көшелерінде «Сергек» футбол алаңы мен «Достық» воркаут алаңдары ашылды. Бұған дейін жоба аясында Атырау және Маңғыстау облыстарында 150-ден астам нысан бой көтерсе, аудан төңірегінде биылдың өзінде 16 нысан жүзеге асқан. Оның 15-і пайдалануға берілсе, 1-еуі желтоқсан айының соңына дейін халық игілігіне берілмек. Бірі білсе, бірі білмес, қоғамдық кеңістіктердің басты ерекшелігі – тұрғындардың тікелей қатысуымен жүзеге асуы. Грант аясында тек материалдар мен құрылғылар сатып алынса, құрылыс пен абаттандыру жұмыстарының барлығын ауыл азаматтары өздері атқарады. Сол себепті жаңа нысандар кейін әкімдіктің меншігіне өтсе де, халық оған немқұрайлы қарай алмайды. Өйткені ол өз қолымен жасалған еңбек болып қала бермек.
Қылышын сүйретіп қыс та келді. Енді бұл алаңдардың қызығын жастар алдағы көктемде көрмек. Көзді ашып-жұмғанша, Жылыойдың әр ауылында бос жатқан жерлердің орнында балалардың шат күлкісі естіліп, жастар спорт алаңдарында бас қосатын болады. Тек жергілікті тұрғындардың жанына жалау бола білген жобаның жалғасы бола берсін демекшіміз!
Д.ДЕРБІС



