Ауылдағы ауқымды жұмыстар

Өткен аптада ауылдық округ әкімдері 2024 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Осы мақсатта халықпен тікелей байланыс орнатып, әлеуметтік желі арқылы есеп берді. Жыл басынан бері жасалған жұмыстарға шолу жасаған олар байланысқа шыққан ауыл тұрғындарының көкейде жүрген көп сауалдарына жауап беріп, алдағы жоспарымен де бөлісті. Бұл ретте іргетасы 1952 жылы құрылып, 1993 жылы Қара Арна округі болып өзгерген ауыл әкімі Ерболат Елеусінов те желіде брифинг өткізіп, бірқатар мәселенің басын қайырды.

Иә, қазіргі Қара Арна ауылдық округінің территориясы – бұрынғы «Қазақстан» совхозының жері негізінде батысы Мақат ауданымен, солтүстігі Қызылқоға, Ақтөбе облысының Байғанин ауданымен, шығысы мен оңтүстігі Жем өзені және Жем ауылдық округімен шектесетін үлкен әкімшілік аумақ. Ал округ орталығы Шоқпартоғай ауылы қаламыздан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде ауыл аумағы - 5725 га. Халқының саны 3130 адамды құрайды. Оның 1102-і жасөспірім болса, 1645-і - еңбекке қабілетті азамат, ал 269-ы-зейнеткер. Сондай-ақ округте 110 мүмкіндігі шектеулі жан тұрса, оның 26-сы бала екен.

Ауыл әкімі Ерболат Елеусіновтің айтуынша, мұнда әкімшілік, мектеп, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, емхана, мәдениет үйі бар. Ол өз сөзінде:

- Осы мекемелерде ауыл халқының басым көпшілігі жұмыс жасайды. Ауылдық округте 50 шаруа қожалығы, 8 дүкен, бір тойхана, бір шаштараз тіркелген. Қараша айының 1-жұлдызындағы есеп бойынша ауылда 4819 сиыр, 4483 жылқы, 28462 бас қой-ешкі, 1651 бас түйе бар. Бүгінде ауыл түгелдей табиғи газбен, электр желісімен, ауыз сумен қамтылған. 2015 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су айдау стансасы пайдалануға беріліп, ауыл көшелері көше жарығымен толық қамтылды және 3,4 шақырым ауылішілік тасжол пайдалануға берілді. 2024 жылдың жоспарына сәйкес жасалу керек жұмыстардың басым бөлігі сапалы аяқталды. Мысалы, жыл басында басты нысанаға алған зираттарды қоршау жұмыстары толық аяқталды. Атап айтсақ, «Шоқпар ата» зиратын қоршау жұмысын мердігер мекеме «Наурыз» ЖШС атқарды. Ал «Моншақ ата» зиратын «Prof Facade» ЖШС қолға алып, ол да берілген міндеттемені уақытында бітірді. Сондай-ақ мердігер мекеме «Жайық Сити» ЖШС жаяу жүргіншілерге арналған 3,6 шақырымдық төсемтас төсеу жұмыстарын да аяқтады,-деді ол.

Қара Арна ауылдық округінде бұдан бөлек 2024 жылы «Атырау строй стандарт» ЖШС компаниясы балалар ойын алаңын салды. Оның қажетті элементтері алынып, жедел пайдалануға берілген. Жол мәселесіне келсек, ауылішілік 3,4 шақырым жол салу жұмыстарының бірінші деңгейі, яғни тегістеп төсеу жұмыстары 2023 жылы бастау алған. Биыл бұл іске арнайы техникалар жұмылдырылып, 2024 жылдың қыркүйек айында жұмыстар толық аяқталып, халық игілігіне берілді.

Сондай-ақ аудандық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің тапсырмасымен «Болатов» ЖК «Құлсары-Шоқпартоғай» автомобиль тас жолына ақ жолақ сызу жұмыстарын жүргізсе, «Аслим-2008» жеке кәсіпкері тасжолдың екі қапталын шөптен, қоқыстан тазарту жұмыстарын қолға алды. Осы жұмыстар барысында мердігер мекеме «Казкомсервис» ЖШС қолдауымен теміржолдың батыс бетіндегі ауылға автобус қатынасы іске қосылып, бұл жоба негізінде 5 жаңа аялдама салынды.

- Елді мекендерді абаттандыруға 2023 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер "DarZhan" мекемесі ауылдың кірме жолына және мәдениет үйі ауласына 430 түп терек отырғызды. Тұрғындардың сұранысы бойынша ауылдың кірме жолының жиегіндегі 70х12 метр көлемді екі жер қоршалып, онда 150 түп терек егілді. Және 280 шыбық мәдениет үйінің ауласында жайқалып тұр. 2024 жылы «Ұлы дала» мүгедектер қоғамымен талдарды суару, күтіп ұстауға келісімшарт жасақталып, жаз айында жұмыстар жүргізілді. «Эмбаведойл» ЖШС мекемесімен меморандум жасақталып, «Жеңіс бағы», «Достар саябағындағы» талдар жаздай суарылып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қураған талдар кесіліп, өлі топырағы шығарылып, ауласы сырланды. Алдағы 2025 жылдың көктем айында жаңа көшеттер отырғызу, суару жұмыстары жалғасатын болады, - деген әкім келер жылдың жоспарына да тоқталды.

-Жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан оң нәтиже алып және қаражат бөлінген жұмыстың бірі - әмбебап спорт алаңын салу еді. Ол жұмыс басталады. 2025-2026 жылдарға арналған жоспар бойынша құжаттары дайын, сараптамадан оң қорытынды алған екінші бір мәселе - көлемі 50х150 метрді құрайтын ауыл тұрғындарына арналған демалыс саябағын салу құрылысы. Ол да қолға алынбақ. Ал құрылысы аяқталмаған электр желілерін, трансформаторларды іске қосу жұмыстарын аяқтау, 280 орындық жаңа балабақша іргетасын қалау, теміржол көпірі және алма ағашы тұсынан Айғара сайы бағытында Жем өзеніне екі жерден шлюз салу жұмыстары келер жылдың еншісінде. Жаңа жобаларды жасақтап, ауқымды мәселелерді шешіп және күрделі де көлемді жұмыстарды атқару үшін 2025 жылға үлкен күш-жігермен қадам басқалы отырмыз,- деді Қара Арна ауылдық округінің әкімі Ерболат Елеусінов.

«Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілері арқылы ашылған тікелей байланысқа ауылы үшін жаны ашитын тұрғындар мен ақсақалдар, сондай-ақ жастар да қатысты. Олар жыл басынан бері ауылда жасалған жұмыстарды тыңдай отырып, келер жылдан үміті мол екендігін жеткізді. Виртуалды байланыста ауыл келешегіне қатысты сауалдар қойылып, ауыл әкімінен тиісті жауаптар да берілді.

Д.ДЕРБІС

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT