Билік пен халық арасындағы алтын көпір – ашық диалог. Осы қағидатты негізге алған аудан әкімдігі тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді тыңдап, нақты шешімдер қабылдауды басты мақсат етіп келеді. Осындай кездесу – Қара Арна ауылдық округінде де өз жалғасын тапты.
Қара Арна ауылдық округі әкімінің аппараты ғимаратында өткен басқосуға аудан әкімінің міндетін атқарушы Гүлнафис Айшуақова келіп, ауыл тұрғындарымен ашық пікірлесіп, халықтың талап-тілегін тыңдады. Сонымен қатар жиынға аудандық мәслихат депутаты Ерлан Нұрланов, аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Кездесу барысында Шоқпартоғай елді мекеніндегі атқарылған жұмыстар мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар кешені кеңінен сөз болды. Кездесу «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетілді.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Г.Айшуақова өз баяндамасында округ бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстарға қысқаша тоқталып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу барысына нақты тоқталып өтті. Оның айтуынша, барлығы 130 мәселе көтерілсе, оның 63-і орындалып, 38 сұраққа кездесу барысында тиісті жауаптар берілген, 27 мәселе орындалу үстінде, ал 2 мәселе орындалмаған.
Гүлнафис Аязберікқызы Шоқпартоғай ауылындағы бірқатар маңызды мәселелерді жеке-жеке атап өтті. Соның ішінде ауылдағы құрылысы аяқталмаған электр желісі мен трансформаторлар бойынша жұмыстар 2025 жылдан бастап жүргізіліп, жобаға түзетулер енгізіліп, жобалау-сметалық құжаттар сараптамадан өткені айтылды.
-Сондай-ақ, 280 орындық балабақша құрылысын бастау мәселесіне тоқталсақ, өздеріңіз көргендей, жұмыстар жақында басталды. Иманқара көшесінің бойындағы тоқ бағаналарын жаңарту үшін "АтырауЖарық" мекемесі яғни Есенғожин, Берекетов, Сатыбалдиев, Молдағалиев көшелеріне 100 бағана орнатты. Биыл мекеме жоспарға сәйкес Иманқара, Таскарина көшелеріндегі бағаналарды ауыстырды. Салынып жатқан жолдың айналасындағы топырақты тегістеп тал отырғызуға дайындау мәселесі бойынша "Казкомсервис" мекемесімен келіссөз жасалған-ды. Алайда ол жерде ауыз су желісі жатқандықтан, тал егу жұмыстары Шоқпартоғай ауылына кіреберіске жүргізілетін болады. Ол жерден 2 гектар жер бөлінген. Газ желілерін сырлау жұмыстарын жүргізу 80 пайызға орындалып отыр. Қалған жұмыстар осы жуырда аяқталады деген сенімдеміз. Атырау-Құлсары, Маңғыстау-Құлсары бағытындағы ауданға кіреберіс жолдың бойындағы баннерлерді жаңарту мәселесі де бар. Жалпы ауданға кіреберістен Құлсары қаласына дейін 30 баннерді жаңартамыз деп едік. Алайда сатып алу процесінде қайшылықтар болып, бұл жұмыстар тоқтап қалды. Құжаттары рәсімделіп, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен конкурс ұйымдастырылады. Ауданға кіреберіс, Құлсары қаласы, Майкөмген, Қосшағылға шыға беріске жалпы саны 30 баннерді орналастыруды жоспарлап отырмыз,- деді өз сөзінде.
Кездесуде №3 мектептің алдына автотұрақ салу мәселесі туралы да айтылды. Ол үшін жер телімі бөлінді. Құжаттары дайын. Сонымен қатар, Атырау-Құлсары тас жолының су шайған жерлерін қалпына келтіру мәселесі де назардан тыс қалмады. Мердігер мекеме анықталды, жұмыстар биылғы жылдың екінші жартыжылдығында басталады деп күтілуде. Кездесу соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Г.Айшуақова:
– Барлық атқарылып жатқан жұмыстар көз алдарыңызда. Әлеуметтік желілерде де ашық көрсетілуде. Әрбір мәселе – біздің бақылауда. Алдағы уақытта да бірлік пен ауызбіршілікте болайық, – деп түйіндеді.
Кездесу еркін форматта жалғасып, тұрғындар жол сапасы, «Жедел жәрдем» көлігі, тоқ желілері сияқты басқа да өзекті мәселелерді көтерді. Барлық сұрақтарға аудан әкімінің міндетін атқарушы, дербес бөлім мен коммуналдық мекеме басшылары тарапынан тиісті жауаптар берілді. Осындай ашық диалог алаңы жергілікті билік пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге бағытталған маңызды қадам болды.
А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ