Жақында ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов келді.
Бұл сапарында ол Қосшағыл ауылдық округі тұрғындарымен кездесу өткізді. Ауылдағы мәдениет үйінде өткен халық қалаулысымен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов, облыстық мәслихат депутаты Айтпай Сисенов, дербес бөлім басшылары мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Сенатор жыл басында кездесіп отырғандықтан барша тұрғындарды жаңа 2020 жылмен құттықтады. Ол өз сөзінде 2019 жылы 2 қыркүйектегі Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалысы туралы баяндады. Өткен жылы Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстарға тоқталып, заңдағы өзгерістер туралы түсіндірді.
Сондай-ақ Жолдауда айтылған әлеуметтік көмек көрсету жүйесін одан әрі дамыту, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауыл тұрғыны Манас Ізтұрғанов Жем өзенін реттеу мәселесін алға тартты. Сенатор бұл мәселе бойынша 2016 жылы Жем өзені бастау алатын Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында 5 күн іссапарда болғанын, Мұғалжар тауынан бастап, Каспий теңізіне дейінгі аумақты тікұшақпен аралап, мамандармен кездескенін әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, өзен суының азаюының бірден-бір себебі - өзен бойындағы бұлақтардың бітеліп қалуы. Ал елімізде көршілес елдердегідей осы бұлақтардың жай-күйімен айналысатын комитет жоқ көрінеді. Сенатор өз тарапынан тиісті орындарға осындай комитет құру жөнінде ұсыныс бергенін жеткізді. «Бота» шаруа қожалығының жетекшісі Қалабай Елемесов төрт түлік мал үшін қажетті су мен жайылымдық жер мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, далада қазығын қағып қойған, бірақ пайдаланылмай бос жатқан жер телімдері бар. Сенатор Президент тапсырмасына сай Жер кодексіне өзгерістер енгізу, бос жерлерді қайтару мәселесі қаралып жатқанын айтты. Жергілікті билік пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, тиісті шарасын алуы тиіс екенін жеткізді. Тұрғындар дін мәселесін де қозғады. Жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамту бойынша қойған сауалына Жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат Омаров түсінік берді. Ол орталыққа тіркелгендер арасында ұсынылып отырған жұмыстан бас тартатындар да бар екенін ашық айтты.
Ауыл тұрғындары балабақшада орын жетіспейтінін айтты. Ауыл әкімі Саян Баселовтың айтуынша, бүгінде ауылда 200-ден астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр екен. Ауылда тағы да 160 орындық бір балабақша құрылысын жүргізу үшін ұсыныс беріліп, құжаттары сараптамадан өтіп тұр. Балабақша салынса, ауылдағы ондаған адамға жаңадан тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Ауыл тұрғыны Қоянақ Теңелбаев бағаны тұрақтандыру мәселесін көтерді. Сенатор Сәрсенбай Құрманұлы мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары қадағаланып отырылатынын, дәрі-дәрмектердің шектеулі бағасы белгіленгені туралы түсіндірді.
«Алтын алқа» иегері Қалампыр Ермұқанова қоғамдық көліктерде тегін жүру, тазалық мәселесін көтерді. Тұрғындар сонымен қатар ауылдың шет жағында орналасқан үйлердің балаларын тасу үшін мектептен автобус шығару қажеттігін айтты.
-Президент Жолдауда Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру жалғасатынын айтты. Шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешу үшін өңірлік стандарттар әзірленіп, үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылдық елді мекендерге енгізілуде. Үкіметке ол үшін қаражатқа қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырған болатын. Бұл көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз етуді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалатын болады,-деді сенатор.
Сәрсенбай Құрманұлы өткен жылдың соңында Премьер-Министр Асқар Маминмен кездесіп, Атырау облысына қатысты 10 мәселені көтергенін жеткізді. Оның бірі Құлсары-Мұқыр тасжолы құрылысы екенін айтты. Бұл жол республикалық маңызы бар жолдардың қатарына енгізіліп, алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Қ.Дүйсенбетов