Ауыл шаруашылығы – экономиканың тірегі

Кейінгі кезде ауданымызда ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ерекше атап өтті.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, биылдың өзінде шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлінген. Қажетті несиелер уақытылы беріліп, шаруалардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік жасалды. Ол өз сөзінде:

– Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған. Бірақ агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе – қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы, оны тиімді пайдалану қажет. Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірқатар ірі жобалардың жүзеге асып жатқанын жеткізді. 
    Әрине, бұл іске отандық және шетелдік инвесторлар тартылған. Инвестицияның жалпы көлемі – 2 миллиард доллардан асады. Соның нәтижесінде үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өндірілген өнімдер тек ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де экспортталады.
– Әр аймақта дайын өнімді өндірістен дүкен сөресіне дейін жеткізетін, өңірдің ерекшелігіне қарай біртұтас желі қалыптасуы қажет. Көптеген аймақта өндірістің барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар бар. Олар цифрландыру тәсілдерін енгізу арқылы тиімділікті арттырып отыр. Осындай тәжірибелерді кеңінен тарату үшін барлық жағдай жасалуы керек, – деді бұл жөнінде Президент.
      Иә, Президенттің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқару жөніндегі тапсырмалары өте өзекті және дер кезінде айтылған бастама деп санаймыз. Жайылым тапшылығын шешу, жерді тиімді пайдалану, заңсыздық пен қағазбастылықты жою – біздің саладағы ең өзекті мәселелердің бірі. Жер қатынастары саласындағы цифрлық форматқа көшу, электрондық конкурс арқылы жер бөлу әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етіп, жер ресурстарын тиімді басқаруға жол ашады. Сонымен қатар, жерді тиімді пайдалану үшін жасанды интеллект негізінде спутниктік мониторинг жүргізу – жердің нақты жағдайын талдауға мүмкіндік беретін заманауи қадам. Бұл қадам біздің күнделікті жұмысымыздың тиімділігін арттырып қана қоймай, жер ресурстарын басқаруда жаңа сапалы деңгейге көтерілуге ықпал етеді. Жер қойнауын пайдаланушылар мен инфрақұрылым деректері енгізілген бірыңғай цифрлық картаның жасалуы да үлкен мүмкіндік. Ол жер ресурстарын толық әрі нақты көруге жағдай жасап, мемлекет пен халықтың мүддесіне қызмет ететіні сөзсіз.Жолдауда айтылған бастамалар біздің жұмысымыздың нәтижелілігін арттырып, ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарының жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдіміз.
      Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Сондықтан бұл бағытта жасалып жатқан қадамдар тек шаруаларға ғана емес, бүкіл халыққа тиімді болмақ.

Жәнібек Сабыров
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT