Ауыл саябағын жөндеген жігіт

Тұрғызбада 4000-ға жуық тұрғын бар. Алайда ауылдың орталығында орналасқан жалғыз саябақтың жағдайы мәз емес. Ол 2021 жылы қолданысқа берілген болатын. Бірақ қазірдің өзінде саябақ ескіріп, тіпті кейбір заттары пайдалануға жарамай тұр. Орындықтар жарамсыз, қоршаулары қираған, қоқыс салатын жәшіктері тозған, жарық шамдары сынған, тіпті, ішіндегі турниктер де пайдалануға келмейді. Сондықтан ауыл тұрғындары саябақтың игілігін көре алмай отыр. Бұған жаны ашыған ауылдың жас тұрғыны Асылан Бекболатов бұл мәселені шешуге өзі кірісіп кеткен-ді.

«Ауыл жастарын ауылдық аймақтарды дамытуға тарту» мемлекеттік грантының басым бағыты бойынша «Жастар үлесі» ауыл жастарын қолдау жобасына қатысты. Сөйтіп ол 500 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болып, өзінің туған жері - Тұрғызба ауылының саябағына жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

–Бұл жобаның мақсаты да осы еді. «Айжұлдыз» саябағын ауылдың ерікті жастарымен және жоба қатысушылары көмегімен толық жөндеуден өткізіп, тұрғындарға пайдалануға бердік. Жарықшамдар толығымен ауыстырылды, жаңадан қоқыс жәшіктері қойылды, орындықтар жөнделіп, сырланды. Сондай-ақ сыртқы қоршаулары дәнекерленді. Тіпті саябақтың атауы қайта жазылып, кіре беріске ілінді. Ауылымыздың орталығындағы мектеп және автобус аялдамасына жақын орналасқан соң үлкенге де, кішіге де кез келген уақытта демалып отыруына ыңғайлы болды,-дейді Асыланның өзі.

Жөндеуден өтіп, қайта қалпына келген саябаққа тұрғындар да дән риза. Әсіресе мектеп жасындағы балаларға арналған турник, бруссия құралдары ел ертеңінің денсаулығын нығайтуға септігін тигізбек.

Иә, саябақ салу - сауабы мол іс. Өйткені осы саябақтың саясында халық демалады, шарапатын сезінеді. Патриотизмнің, ең алдымен, туған жерге, өз ауылына, өңіріне және кіші Отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алатынын жүрегімен сезінетін Асыландай жастар көп болса дейміз.

П.ТӘЖІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT