Ауыл – ұлттың қаймағы, ұйытқысы. Еліміздің даңқын асырған талай таланттар сол ауылдан шықты. Олар алғаш мәдениеттің мәйегі – ауылдық клубтарда өнер көрсеткені анық. Бірақ, көпшілігі өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тоқырауда талан-таражға түсті. Ондай оңтайландырудан тұрғызбалықтар да тыс қалған жоқ. Тұрғындар ауыл клубын көрмегелі 30 жылдан асты. Сондықтан көктемнің алғашқы мерекесі 1 наурыз - Алғыс айту күнінде округ орталығынан мәдениет үйінің есігі айқара ашылғанда қуанған мұндағы ағайын алғысын жаудырып жатты.
Салтанатты сәт соның айғағындай, кимешек киген әжелер қонақтарды шашу шашып қарсы алса, үлкендер көктемнің алғашқы күнімен қатар келген салтанатты сәтпен бір-бірін құттықтады. Мәдениет үйінің ашылуына келген аудан әкімі Жұмабек Қаражанов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.
-Өздеріңіз көптен күткен мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, бүгін міне, ел игілігі үшін пайдалануға беріліп отыр. Мәдениет - біздің ең басты салалардың бірі десек те болады. Болашағымыз – жастарымыз тек қана тәрбие мен сапалы білім алып қана қоймай, мәдениетті болып, өзіміздің ұлттық руханиятымызды дәріптеп өсуін қалыптастыруымыз керек. Жаңа мәдениет үйі еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бас қосатын орынға айналатыны сөзсіз. Болашақ өнер саңлақтарының алғашқы сахнасы болсын. Қолданысқа беріліп жатқан осы мәдениет үйінен елдің мәдениетіне үлес қосар жастар шығады деген үміттеміз. Ендеше, баршаңызды бүгінгі мәдениет үйінің ашылу салтанатымен құттықтаймын! -деді аудан әкімі.
Бұдан соң ауыл тұрғыны, ардагер Нұғыман Балғынбаев сөз сөйлеп, тұрғызбалықтардың атынан ризашылығын жеткізді. Ғимараттың символикалық кілті жаңа мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы Думан Байғалиевке табыс етіліп, алқызыл лентасы қиылды.
Айта кету керек, Тұрғызба мәдениет үйінің құрылысы 2022 жылдың мамыр айында басталған болатын. Мердігер мекеме - «Integrated Construction Group» ЖШС. Бірінші қабатында 200 орындық концерттік зал, киім бөлмесі, 16 орындық асхана және касса, жуынатын бөлме бар. Ал екінші қабатта қызметтік кабинеттер, үйірме және оқытушы бөлмелері, 12 орындық оқу залы бар кітапхана, 4 орындық медиатека, кітап сақтау бөлмелері қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 800 шаршы метрге жуық екен.
Алғашқы мерекелік концерт
Жалпы ырымшыл халықпыз ғой. Жаңа мәдениет үйінің іші той-думанға толсын деген ниетпен аудан орталығында өтуі тиіс 1 наурыз - Алғыс айту күніне арналған «Алғысым шексіз» атты мерекелік шара да осы жерде өтті. Оған жиналған ауыл тұрғындарының қарасы көп болды.
Концерт «Көңілашар» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Б.Айсыновтың «Наурыз» күйінен бастау алды. Кейін Ғ.Құрманғалиевтың «Сүйген жар» және Т.Жахинның «Бабалар мекені – Алтай» атты туындылары орындалды.
Мерекелік шарада аудан басшысы Жұмабек Қаражанов ауыл тұрғындарын Алғыс айту күнімен құттықтады. Сондай-ақ республикалық, Азиялық және әлемдік додаларда топ жарып жүрген оқушылар мен спортшыларды, олардың ұстаздарын және аудандық Аналар кеңесінің мүшелерін арнайы марапаттады. Атап айтсақ, Разия Жұмағалиқызы, Гүлфара Жолдасқызы, Мейірхан Шарғынқызы, Үндістан мемлекеті Гоа штатында өткен бүкіләлемдік робототехника чемпионатында «Team model» номинациясын жеңіп алған оқушылар Көшім Әлихан, Жақия Дәулет, Ибраһим Жұмахмет, Нұрислам Максотұлы мен басқа да талантты оқушылар ұлығыланды.
Шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
П.ҚИЗАТОВА