Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауылдық округ әкімдерін сайлау мәселесіне арнайы тоқталған екен.
Бұл – сөз жоқ, бүгінде пісіп-жетілген, халықтың көкейінде жүрген орынды ұсыныс. Жасыратыны жоқ, қазіргі ауыл экономикасы, ауылшаруашылығы өзге салалардан көп артта қалды. Оның басты себебі – ауыл әкімдерінің жоғарғы жақтан тағайындалуы. Өйткені аудан әкімінің қойған адамы сол жердің проблеммасын білмейтін, тіпті сол округтің тұрғындарында танымайтын, тек билік баспалдағы арқылы көтерілу үшін келген жоғарғы жақтағы бір «көкесінің» еркесі болып шығады. Мұндай басшысы бар ауыл қайтіп көркейеді, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қалай дамиды? Сондықтан Мемлекет басшысының «Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерін сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр» деген сөзін қолдаймын. Ауылдық округтерде әкім болуға лайықты қолынан іс келетін азаматтар аз емес. «Жас келсе – іске» дегендей, әсіресе жастар жағын тарту керек деп есептеймін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: өз әкімін жергілікті халық өзі сайлап алуы тиіс. Тек азаматына қарап қана емес, әкімін де көріп, ауылын тани алатын деңгейге жетуіміз керек.
Асхат Иманқұлов,
Майкөмген ауылы