Ауыл еңбеккерлері еленген күн

Қарашаның үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби төл мерекесі ретінде атап өтіледі. Аз-кем тарихқа көз жүгіртсек, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту дәстүрі 1988 жылдан бастау алады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен осы айдың үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні болып бекітілген еді. Бұл мерекені Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де қалдырмады.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген қағидалы сөзді ұстанған мемлекетіміз 1998 жылы қарашаның үшінші жексенбісін мерекелеу күні ретінде заңнамалық деңгейде бекітті. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі біздің өңірде де жыл сайын ерекше салтанатпен атап өтіліп келеді. Өткен аптада облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен Атырау қаласында салтанатты шараның өтуі – соның айғағы. Салтанатты жиынға аймақ басшысы Серік Шәпкеновпен бірге сала мамандары мен ардагерлері де қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Дала еңбеккерлерін кәсіби төл мерекелерімен құттықтаған Серік Жамбылұлы саланы дамыту бағытында жүріп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алға қарай да ауыл шаруашылығы саласын әкімдік тарапынан қолдау жалғаса беретінін баса айтты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту басым бағыттардың бірі болып келеді. Бұл – азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін ел экономикасының негізгі бағыты. Күнделікті тыныс-тіршілігіміздің күретамыры іспетті отандық аграрлық сектор сала қызметкерлері еңбегінің арқасында дамып келеді. Кең байтақ Отанымыз бен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі тек сіздер арқылы қамтамасыз етіледі. Сарқылмайтын еңбексүйгіштіктің саф алтындай белгісі ретінде әрқашан дастарханымызда береке, шаңырағымызда құт-бірлік шалқысын!-деді С.Шәпкенов.

Алқалы жиында ҚР Президентінің Жарлығымен еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін көптеген атыраулық азамат мерекелік марапатқа ие болды. Олардың қатарында жылыойлық ауыл шаруашылығы саласының мамандары да бар. Айталық осы саланың дамуына зор үлес қосып жүрген аудандағы Қара Арна ауылдық округінің «Ащысай» шаруа қожалығының басшысы Бақтығали Жиенқұлов «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.

Бір қуаныштысы – марапат алған жерлестер қатары жалғыз мұнымен шектелмейді. Серік Шәпкенов осы салада көп жыл аянбай тер төгіп келе жатқан Жем ауылдық округінің әкімі Нұртас Қуатбаевқа, аудандық ветеринарлық стансасы директорының орынбасары Бақтыбай Нұржановқа «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ саланың дамуына үлес қосқан мамандар І.Қарабалиев, Ж.Нұрхатов, Н.Өрбісінов, Н.Ідірісов Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT