Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аудан көлемінде де жалғасып келеді. Мал мен егін шаруашылығы, өңдеу саласына қатысты жобалар мен басқа бағыттағы бизнеске шағын несие ұсынатын бағдарламаның аудан кәсіпкерлеріне тиімді болғаны рас. Дегенмен оның негізгі шарттарының бар екендігін де ұмытпаған абзал. Бұл тұста бірқатар кәсіпкер азаматтар жоба басында шартпен толық таныспай, бағдарлама шеңберінде міндетті түрде бір адамды жұмыспен қамту керектігіне аса мән бермеген. Осыған орай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесу өтті.
Филиал директоры Ерлан Нұрланұлының ұйымдастыруымен өткізілген жиынға кәсіпкерлермен бірге аудандық «Мансап» орталығының басшысы Ақылбек Едігеев қатысып, жиналған жандардың көкейтесті сұрақтарына толыққанды жауап берді. Былтыр аудан көлемінде жобаға 24 адам қатысып, оларға мемлекет тарапынан 2,5%-бен 180 млн.теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бүгінде олардың 70%-ы мал шаруашылығымен айналысып, жұмыс жасап жатыр. Бірақ кәсіпкерлердің айтуынша, шағын ғана кәсіпке қосымша адамды жұмысқа алып, қызмет ұсыну айтарлықтай қажет емес. Жоба қатысушыларының кейбіреуіне жұмысқа адам алу пайдалы болса, өзгелеріне тиімсіз. Атап айтсақ, көлік жуу орталығы немесе сұлулық салоны бар жандарға қосымша қызметкер алу аса қиындық туғызбаса, бір үйір жылқымен шаруашылығын бастаған азаматтарға бұл талаптың қажеті шамалы. Бұл жөнінде еңбекке жарамды жандарға жұмыс ұсынатын «Мансап» орталығының басшысы Ақылбек Едігеев:
-Кәсіпкерлер арасында мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс жасап жатқан жандар бар. Бірақ қазір біз «Бірінші жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі» және «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты үш бағдарламамен қызмет ұсынамыз. Осы бағдарлама аясында ешқашан еңбек етіп көрмеген жастарды сіздерге жібере аламыз. Олар тек 35 жасқа дейінгі азаматтар болуы керек. Және оның жалақысы 90 000 теңгеге жуық тағайындалатын болады. Бұл іс enbek.kz порталы арқылы жүзеге асады. Алайда, оларды бірден жібере салмаймыз. Ол үшін, ең алдымен, кәсіптеріңізді сараптан өткіземіз. Сіздер шынымен де жұмыс жасап отырған кәсіпкерсіздер ме, ай сайын мемлекетке есеп тапсырып отырсыздар ма, соны анықтап және ай сайынғы кіріс-шығыстарыңызды есептеп қарайтын боламыз. Себебі кәсіптеріңізді Үкімет қолдағаннан кейін, сіздердің де мемлекетке беретін пайдаларыңыз болуы керек қой.
Егер шынымен қызмет атқарып тұрған кәсіпкер болсаңыз, бірауыздан қолдаймыз, көмектесеміз. Яғни, «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасымен де, «Жастар тәжірибесімен» де қызметкерлер тауып береміз. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнын немесе колледж аяқтап келген жас мамандарды өз мамандығы бойынша жіберуге тырысамыз. Оларға да солай, жалақысын да, зейнетақы қорының қаражатын да мемлекет төлеп береді. Сіздер тек ай сайын еңбеккүн табелін біздерге жіберіп отырасыздар. Сондай-ақ «Әлеуметтік жұмыс орны» жобасының да бар екендігін айтқым келеді. Мұнда жұмысқа кірген азаматтың жалақысының 35%-ын ғана біз өтейміз. Қалған 65%-ы сіздің мойныңызда. Ол үшін 1 жыл келісім шартқа отырамыз. Бірақ қолыңызда «Жұмысшыма осындай жалақы беріп отырмын» деген дәлелді құжаттарыңыз болуы керек. Ол да enbek.kz сайты арқылы іске асады. «Күміс жас» деген бағдарлама да бар. Бұл жоба 50-ден жоғары жандарға арналған. Яғни, 50 жастан асқан аға-апаларға кез келген мамандық бойынша тұрақты жұмыс орнын ұсына аласыздар,-деді толықтай таныстырып.
«Мансап» орталығы мамандарының айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа алынған адам да жиі назарда болады екен. «Қаладан тыс қызметке орналастым, жалақыны үкімет төлеп отыр, жұмысқа қашан барып, қашан келетінімді өзім шешемін» деген сынды қитұрқы әрекеттер бұл жерде жүрмейді. Себебі қызмет ұсынған орталық ай сайын жұмысқа алынған адамды тексеріп, кәсіптің барысын көзбен көріп, бақылайды екен. Әрине, заң шеңберінде бұл да қажетті іс. Оның үстіне, «тәртіпке бағынған құл болмайды». Орталық басшысы кездесуде кәсіпкерлерге ой салғандай болды. Расында да, аты айтып тұрғандай, бағдарлама бойынша аманат ретінде берілген несиенің шарттарын орындамай, қиянат жасау – іскер азаматқа жараспайтын әрекет. Сондықтан ортақ тұжырымға келіп, жоба шартын орындау мақсатында алға қарай «Мансап» орталығымен байланысып, жұмыс жасайтынын жеткізді.
Д.ДЕРБІС