ken-zhyloi.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуді тапсырған-ды. Өте жақсы ұсыныс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Қазақстан бойынша 800-ге жуық ауыл әкімдерін сайлайтын боламыз.
Ауыл әкімін сайлау 1999 жылы алғаш Шамалған ауылында өтті. 2001жылы Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының 28 ауылында эксперимент ретінде осындай сайлау ұйымдастырылды. Жергілікті әкімді сайлау демократиялық дамудың даңғыл жолына түскен еліміз үшін жақсы бастама, өзін-өзі билеудің алғы шарты. Халық та өз ауылының әкімін сайлай отырып, болашақта мемлекеттік басқару ісіне араласа алады. Ауылының мәдениетінің, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына жол ашылады. Сондықтан бұл саяси науқанда қарапайым ауыл халқы белсенділік көрсетуі керек. Тек ағайыншылыққа, рушылдыққа салынбай, ауыл үшін жұмыс істей алатын іскер азаматты таңдай білуі тиіс. Өйткені ақылды да патриот, іскер азаматқа бәрі ағайын, бәрі дос! Сонда ғана бұл сайлау елімізді демократияландыруға, жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі үлес қоса алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл мұқият, әрі жүйелі түрде қарастыруды талап ететін қадам. Бұл жүйенің қалай істейтінін нақты түсінуміз керек» деген еді. Президенттің Жолдауында айтылған ұсыныстардың орындалуы халық үшін пайдалы. Сондықтан бастаманы кеңінен қолдайық!
Наурызбай Төлеуов,
ҚР халық ағарту ісінің үздігі