Республикалық референдумға дауыс беруге барып, АЭС құрылысына өз көзқарасымды білдіремін деп күтіп жүргенде сәбиі ауырып, аудандық орталық ауруханаға түсіп қалған қала тұрғыны Аяулым Сапарға да комиссия мүшелері арнайы барып, жас ананың дауыс беруіне мүмкіндік жасады. Қос бірдей бүлдіршіннің анасы мұндай маңызды күні ауруханада жатамын деп ойламаған.
Референдум жәшігін арқалаған қызметкерлердің өзін іздеп келуі оны қуантқаны рас. Ол өз сөзінде:
-Құлсарыдағы 3-учаске, 71-үйдің тұрғынымын. Екі сәбиім бар. Қазір кішісінің қызулап ауырғанына байланысты осы жерде ем алып жатқанымызға 1 апта болды. Үйден де тұрғылықты референдум учаскесіне барып дауыс беріп жүргендер бар. Ұялы телефонға келген хабарлама арқылы өзімнің #237 сайлау учаскесіне дауыс беретінімді анықтадым,-дейді ол.
Комиссия мүшелері ауруханада жатқан ана мен баланың аман-есен жазылып шығуына тілектестігін білдірді.
Д. Ізбасар