Ауруханаға дәрі-дәрмектер жеткізіліп жатыр

Комиссия бірінші кезекте керекті дәрі-дәрмектерді жеткізумен шұғылданады.

Ауданымызда «Жылыой кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің жанынан арнайы комиссия құрылған еді.

Аталған комиссия өңірде қауіпті індеттің таралуына одан әрмен қарай жол бермеу мақсатында аудандық орталық ауруханаға қажетті құрал-жабдықтар мен бірінші кезекте керекті дәрі-дәрмектерді жеткізумен шұғылданады. Оның құрамында «Өмірзақ-Сервис», «Мұқан-сервис» ЖШС-ның директорлары М.Өмірзақов, А.Мұқанов, қоғамдық бірлестік пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директорлары Қ.Аязбай мен Е.Төлендиев, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Құлсары базасының директоры Т.Майлыбаев секілді ауданға белгілі кәсіпкерлер мен мекеме басшылары, депутаттар бар.

Қазіргі таңда осы комиссияның қорына жинақтаған қомақты қаржысына алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандар үшін аса қажетті жеке қорғаныс құралдары (СИЗ) мен науқастарға дәрі-дәрмектер жеткізілу үстінде. Атап айтқанда, жұма мен сенбі күндері 6 млн. 300 мың теңгенің СИЗ құралдары әкелініп, ауруханаға берілді.

Сондай-ақ, жұма күні азаматтар бас қосып, аурухана төсегіне таңылған барлық науқастардың жазылып кетуі үшін бір ірі қара малды құрбандыққа шалды. Малдың еті аудандық орталық аурухананың асханасына жөнелтілді. Ол, бірінші кезекте, осы емдеу орны мен провизорлық орталықта ем қабылдап жатқан науқастарға және қауіпті індетпен күні-түні күресіп жүрген дәрігерлердің ауқаттануы үшін жұмсалады. Өйткені ауруды жеңу үшін адамға сорпа ішіп, нәрлі аспен тамақтанып, иммунитетті көтеру керек екендігі белгілі.

Комиссияның қорына түсіп жатқан қаражат түсімі жалғыз жоғарыда көрсетілген мекемелермен ғана шектеліп қалмайды. Оған «KZF Service», «Аспар Қашаған», «Казкомсервис» «Мұнайтранссервис» ЖШС-терінің директорлары С.Шалқаров, Ж.Сәрсенов, Қ.Құлтекенов, Б.Төлендиев секілді мекеме басшылары да атсалысып отыр. Соның арқасында ауданға аса қажетті дәрі-дәрмектер мен тепловизор, пульсоксиметр секілді қажетті қондырғылар сатып алып, жеткізу үшін нақты жұмыстарды жүзеге асып жатыр. Оларды орталық аурухананың бас дәрігері, комиссия мүшесі Н.Үкібаевтың өзі қабылдап алып, аурухана төсегіне таңылып жатқан ауыр науқастардың ем-домына, медициналық бақылау үшін жұмсайтын болады.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521