«Ауғанстан – мәңгі есте»

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толу мерекесінің салтанаты Жеңіс саябағында Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Оған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, аудан және қала әкімдігі қызметкерлері, Ауған соғысы ардагерлері, Германия кеңес әскери тобы мен Варшава келісім-шарт әскери тобының ардагерлері, еріктілер, жат жерде қаза болған Ерболат Омаров пен Болат Ербосыновтың жақын туыстары, ардагер азаматтар келді.

Майдандас достарын еске алған қарулас жолдастар бір минут үнсіздік жариялады. Жиылған жұртшылық алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Аязберікқызы:

-Ауған соғысына қатысқан барлық ардагерлерді біз ұмытпаймыз. Батыр ағаларымыз мәңгілік ел жадында сақталмақ. Олардың ерлік ісінен келешек ұрпаққа қалдырар өнегесі мол,- деді.

Аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов келген барша қауымға алғысын айтып, ауған соғысы ардагерлерінің жауынгерлік жолын әлі де көптеп дәріптеу керектігін жеткізді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, батырларды еске алуға халық көп жиналды. Шараның соңында Орталық мешіттің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы қаза тапқан боздақтар аруағына құран бағыштап, дұға арнады.

Мерекелік шара қаладағы «Кең Жылыой» мәдениет үйіндегі «Ауғанстан – мәңгі есте» атты мәдени шарамен жалғасты. Жеңіс саябағынан шыққан жұрт солай қарай ағылды.

Шара Ауған асуларында от кешкен боздақтар жайлы деректі фильммен басталды. Сахнада бір сәт жүрек тебірентерлік «Өмірді қайта жалғаңдар» атты мұңлы өлең жолдары оқылды. Бұл - «Мұқағали – Фариза» аудандық көркемсөз оқу шеберлері байқауының І-орын иегері Жаңбырбай Ерназ бен Сағынбай Бейбарыс еді.

Ардагерлермен бірге жылыойлықтар жат жерде жанқиярлықпен қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алысты. Сахна мінбесіне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова құттықтау сөз сөйледі:

-Кешегі кеңестік дәуірде Ауғанстан елінде болған қатыгез қақтығыстар мен сұрапыл соғыстар талай бейбіт тұрғындарды жер жастандырды. Ауған халқын жаудан азат етуге бел буып, сапқа тұрған сарбаздар қатарында 23 мыңға жуық қазақстандық жауынгерлер де болды. Соның ішінде біздің ауданнан 50 жауынгер аттанып, оның екеуі жат жерде жанқиярлықпен жау қолынан қаза тапса, бір сарбаз «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тақты. Бүгінде олардың 38-і арамызда. Ерлеріміздің ерен ерлігі мен жауынгерлік жолына, қайсарлық рухына тағзым етер бүгінгі ұрпақ сіздерге әрқашанда құрметпен қарайды!

Қадірлі ардагерлер! Берекесі мен бірлігі жарасқан Тәуелсіз елімізде ұзақ та бақытты ғұмыр кешіңіздер. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуы мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, - деді ол. Аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Досан Әділов 15 ақпанның Ауғанстандағы он жылға созылған соғысқа қатысып, от пен оқтың ортасынан оралған ардагерлер үшін қаншалықты маңызды күн екеніне айрықша тоқталды.

-Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды. Қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары, жақын туыстары мен таныстарының қайғысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ауған соғысының ардагерлері ұрыста қаза тапқан қаруластарын жүректерінде мәңгі сақтайды. Иә, өлгендер қайтіп келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз.

Әрине, бәзбіреулер үшін бұл күн қатардағы күннің бірі ғана шығар, ал біз үшін – тарихи күн! Тағдырлы күн! Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар мен өткелегі мол өткенді естелік қылып және оны көңілге кесте қылып тоқу ғана емес, сол кездегі ана сүті аузынан кеппеген түбіт иек бауырларымызды еске алар күн!   Бұл күн – сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні! Бұл күн – жанары жасқа толы жесірлер мен жетімдердің, қара жамылған аяулы аналарымыздың жалғыз ұлын жоқтаған күні! Бұл күн – бақи болған қаһарман бауырларымызды қатардан іздеген күн! Бұл күн біздер үшін қайғы болып қатталып, қасірет болып жатталып қалса да, тәуелсіз Қазақстанның әрбір күні бейбіт өмірдің бесігінде тербетіліп әрбір үйдің түтінінің түзу шыққанын тілейтін біз үшін санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қала бермек!-деді Досан Рашидұлы үлкен тебіреніс үстінде.

Осындай жүрек тебірентерлік құттықтау сөзден кейін мәдени шара концерттік бағдарламаға ұласты. «Жем аруы» халықтық би ансамблі «Тойбастарды» мың бұралтса, жас әнші Жандарбек Ералиев «Зеңгір көктің қыранын» шырқап рухты бір көтеріп тастады. Ауған соғысының ардагері Тұрсын Әлімжановтың орындауындағы Ауған соғысында қаза болған сарбаздар мен сардарларға арналған Александр Розенбаумның «Черный тюльпан» әні жанарға жас үйірді. Бір сәт көңілі мұңға тұнған көрерменді республикалық байқаулардың жүлдегері Қайрат Жұмағалиевтың қоңыр домбырада күмбірлеткен халықтың «Ақсақ құланы» мен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйлері бір серпілтіп тастады. «Ұшар» би ансамблінің қыздары мың бұралтқан орыс биі «Забава» да көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бауыржан Жиенбаев пен Әсет Дүйсенбайұлының шырқауындағы «Офицеры» және «Отан - Ана» әндері жүректі тебірентсе, шара Жайна Нұрханованың орындауындағы патриоттық «Қазақстан» әнімен өз мәресіне жетті.

Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ,

Ерназ АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521