Биыл 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. Осы айтулы датаға орай аудандық кітапханада жерлестеріміз, жат жерде соғысқа қатысқан ержүрек ардагер ағаларымыздың құрметіне арнап «Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбында кездесу кеші өткізілді.
Көпшілік іс-шараны өткізудегі мақсат: болашақ ел қорғаны болар жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, жауынгер ағалар ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа, ерлікке баулу. Кеш қонақтары Ауғанстан жеріндегі әскери қызметі үшін Құрмет грамотасының иегері, "Жауынгер-интернационалист", "КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл", "Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылуына - 20 жыл", "Ауған соғысы аяқталуына - 25 жыл", "Ұрыс әрекеттерінің ардагері" т.б. медальдарының иегері, Жылыой аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Әділов Досан Рашидұлы мен КСРО және Тәуелсіз Қазақстан Республикасы медальдарының иесі подполковник Қонаров Сисен Атыраубайұлы, сондай-ақ Б.Момышұлының "Батыр шапағаты", армия генералы С.Нұрмағамбетов медальдарының иегері ардагер Тасболатов Нұрлан Бәйімбетұлы еді. Ардагерлер қан майданда, тау шатқалдарында болған шайқастар, өрімдей жастардың алмағайып тағдыры, қарулас достары туралы естелік әңгімелер айтты.
Кездесуге «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жылыой ауданындағы өкілі Б.Масалимова, қоғам мүшелері Е.Сүйешовтер қатысты. Олар ардагерлердің құрметіне "Ауылға барамын", "Нурикамал", "Ағаларым", "Жамалым", "Менің елім" әндерін тамаша орындап берді. Жас кітапханашылар Асмандиярова Бибінұр, Асмадиярова Карина, № 1 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Жандос Жаннұр Ауған соғысы туралы өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Т.Құлтумиев атындағы №1 саз мектебінің оқушылары Алдоңғар Арсен, Халел Нұрмұхамед Құрманғазының "Балбырауын", Ә.Желдібаевтың "Ерке сылқым" күйлерін тамылжыта орындады.
Кітапхананың жас оқырмандары ардагердің ерлігінен тәлім алып, отансүйгіштік сезімдерін нығайта түсті.
С.БАҚТЫҒАЛИ