АУДАНҒА 6 ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ КӨЛІГІ ТАБЫСТАЛДЫ

Жылыой ауданының 95 жылдық мерейтойына «Теңізшевройл» компаниясы жаңа «А» класты 6 жедел жәрдем көлігін тарту етті.

Жедел-жәрдем көліктерін табыстау салтанатында: «Біз өте қуаныштымыз. Бұл автокөліктер біздің ауданымыздың денсаулық саласын жаңартады деген сенімдеміз. Бұл жедел жәрдем көліктері аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданымызға қарасты кент және 5 ауылдық округке берілетін болады. Мекемеге аудан басшылығы мен халқы атынан алғысымды білдіремін»,-деді аудан әкімінің орынбасары Г.Айшуақова.

«Jac Sunray» маркалы жедел жәрдем көліктері Қазақстанда құрастырылған. Әрбір автокөлік бекітілген стандарттарға сәйкес толық жабдықталған. Оның ішінде 10 литрге дейінгі оттегі баллоны, науқастарды тасымалдауға арналған арбасы және т.б медициналық салонның электр жабдықтарын басқару пульті қосылған. 6 көліктің жалпы құны шамамен 190 миллион теңгені құрайды.

«Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов атап өткендей: «ТШО әлеуметтік жауапты компания ретінде біздің қызметкерлер мен олардың отбасылары тұратын және қызмет атқаратын аймаққа ерекше көңіл бөледі. Ал, Жылыой ауданының 95 жылдығына орай «Теңізшевройл» кәсіпорны «А» класты 6 жедел жәрдем көлігін сыйға тартуды ұйғарды. Осылайша ауданның денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлесімізді қосудамыз. 2023 жылы ТШО Атырау облысы мен Жылыой ауданына демеушілік көмек көрсету үшін шамамен 2 миллион АҚШ долларын бөлді».

Еске салайық, бұған дейін «Теңізшевройл» компаниясы Жылыой ауданына мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арналған инватакси, сондай-ақ 4 арнайы техника, оның ішінде қар тазалайтын көлікті сыйға тартқан болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT