Өткен аптада жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс XVII сессиясы болып өтті. Сессия отырысына аудан әкімі Халел Жамалов және қала, кент, ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері мен жергілікті дербес бөлім басшылары қатысты.
Бұл жолғы сессия күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Алғашқысы – «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жылыой аудандық мәслихатының 2021 жылғы 27 желтоқсандағы №14-1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы болды. Келесі мәселе «2021-2025 жылдарға арналған Жылыой ауданын дамыту бағдарламасын бекіту туралы» Жылыой аудандық мәслихатының 2021 жылғы 15 қаңтардағы №1-4 шешімінің күшін жою туралы. Ал соңғысы, Жылыой ауданы бойынша 2022-2023 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын бекіту туралы еді.
-Ағымдағы жылдың 29 наурызында облыстық бюджет нақтыланды. Осының негізінде аудандық бюджетке де өзгерістер енгізілді. 2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджетті нақтылау бойынша аудандық мәслихат шешімінің жобасы ұсынылды. Жалпы аудан бойынша нақтыланған бюджет 47,9 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде: салықтық түсімдер 47,7 млрд.теңге, салықтық емес түсімдер 30 млн. теңге және негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 219,5 млн. теңге.
Бүгінгі күні, алдын ала есептеулер бойынша бюджеттің кіріс бөлігі 658 млн.теңге көлемінде артық орындалуы мүмкін деп болжануда. Ауданның бюджетін 51 млрд 154 млн 609 мың теңгеден 52 млрд 351 млн. 117 мың теңгеге нақтылау көзделуде. Атап айтқанда, 1196 млн. 508 мың теңгеге өсіріліп отыр. Оның ішіндегі кіріс бөлігі 612 млн. теңгеге салықтық түсімдер жоспарын өсіруден болса, жыл басынан қалған еркін қалдық есебінен 584 млн. 508 мың теңгеге өсіру ескерілуде. Құрылыс бөлімі бойынша барлығы 367 млн. 404 мың теңге Жылыой ауданы Құлсары қаласын электрмен жабдықтау объектілерін салуды жалғастыруға қарау көзделуде. Экономика және қаржы бөліміне 2021 жылы пайдаланылмаған 29 мың теңге трансферттерді облыстық бюджетке қайтару көзделіп отыр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барлығы 37 млн. 484 теңге қарастырылды. Оның ішінде: ересек және бала жастағы мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге- 22 млн. 397 мың теңге, мүгедектерді арнайы автокөлікпен тасымалдау қызметіне- 4 млн. 647 мың теңге, 1-2 топтағы мүгедектерді автокөлікпен тасымалдау үшін әлеуметтік қызметіне – 9 млн. 900 мың теңге қарау көзделуде. Нақтыланатын аудан бюджетінің жобасын сіздердің назарларыңызға ұсына отырып, Қазақстан Республикасының Бюджеттік Кодексінің 109 бабына сәйкес осы сессияда бекітулеріңізді сұраймын - деді алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ж.Амангелдіқызы.
Ал Жылыой ауданы бойынша 2022-2023 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын бекіту туралы мәселе бойынша аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ізім Қайруллин баяндама жасады.
Ш.ХАМИТОВА