Аудандық бюджет нақтыланды

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXIV сессиясы өтті. Сессия отырысына аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, депутаттар қатысты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқы «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №10-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова баяндама жасады.

Ол ауданның бюджеті 218 млрд. 949,8 млн. теңгеден 219 млрд. 59,4 млн. теңгеге нақтыланғанын, яғни, 109,6 млн. теңгеге өсіру көзделгенін айтты. Бюджеттің басым бөлігі қаланың өзекті мәселелерін шешуге, инфрақұрылымды жақсартуға жұмсалады. Сондай-ақ Жаңа Қаратон кенті мен Жем, Қосшағыл, Ақкиізтоғай ауылдық округтеріне спорт алаңдарын салуға қаражат бөлінгелі отыр.

Жарыссөзге шыққан депутат А.Мұқанов бюджеттің нақтылануына байланысты кейбір жасалып жатқан жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай жатқандығын, мемлекет қаражаты болғасын қадағалану керектігін жеткізді. Халық қалаулылары күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті бөлім басшыларына сауалдарын қойып, өз ұсыныстарын берді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының жалпы бөлім басшысы Б.Сапарбеков мәслихаттың 2024 жылғы 27 тамыздағы №22-2 «Жылыой ауданы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы баяндама жасады.

Сессия жұмысынан кейін депутаттар Жем өзенінің арнасын тазалау, тереңдету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты аудандағы кейбір шаруа қожалықтары иелерінің білдірген наразылығына орай әңгіме өрбітті. Осыған байланысты тиісті орган басшылары мен ауылдық округтер әкімдері де қатысып, мәселені талқыға салды. Талқылау барысында депутаттар қала әкімі Қ.Адиновке «жобалаушы мекеме басшыларын шақырып, өздерінің қатысуымен шаруашылық иелерімен кеңейтілген жиналыс өткізу керек» деген ұсынысын білдірді.

П.ТӘЖІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT