Өткен аптада ауданда «Мерген» спорт клубы іске қосылып, клубтың ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, болашақ спорт саласының үздіктеріне, чемпиондарға сәттілік тіледі. Одан бөлек, аудандағы спорт саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Жекеменшік әріптестік шеңберінде іске қосылған спорттық нысан – Атырау қаласында орналасқан «Мерген» спорт клубының филиалы болып саналады. Спорт клубының ашылуына мұрындық болып, қаржылай демеушілік көрсеткен, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен облыс орталығындағы «Мерген» спорт клубының басшылары, жылыойлық кәсіпкерлер болатын. Ал нысанның аудандағы иесі – бірнеше дүркін әлем чемпионы, көптеген республикалық жарыстарда жүлделі орындармен оралып жүрген спорт саңлағы, аралас жекпе-жек шебері жылыойлық Талғат Жұмағалиев. Спортшы жас та болса, бас болып өзінің осы саладағы жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен үйренгенін аудандағы жас спортшы жеткеншектердің бойына дарытсам деген ниетпен, осыдан бірнеше жыл бұрын өзінің жекеменшік үлкен спорт залын ашқан болатын. Алайда жас кәсіпкерге көрсетілген жан-жақты қолдау болмаған соң, бастаған ісі ұзаққа бармай, нысан жабылып қалған еді. Міне, арада көп уақыт өтпей-ақ, ол өзінің арманынан бас тартпай, демеуші азаматтардың қолдауымен кәсібін қайта жалғастыруға бел буыпты.
- Осы спорт саласына 2005 жылдан бастап келдім. Ал аралас жекпе-жекпен 2010 жылдан бері айналысып келемін. Мен ауданның спорт саласының болашағы жарқын боларына сенімдімін. Себебі біздің жерімізде спортқа қызығушылық танытып жүрген жастар жетерлік. Тек олардың бойындағы дарыны мен қабілетін шыңдайтын арнайы орындар мен рухани қолдау керек. Бұдан бұрын да спорт зал ашып, келушілерді қабылдадық. Дегенмен, мемлекет тарапынан болсын, басқалай да қолдау көрсетілмегеннен соң, ол залды жауып тастауға тура келді. Қазір балаларды 6 жастан бастап ақылы түрде қабылдаймыз. Ересектер де жаттығу үшін келе алады. Ғимаратты жалға алып отырмыз - дейді нысан иесі Т.Жұмағалиев.
Спорт клубына келушілер аралас жекпе-жек және грэпплинг спорт түрімен айналыса алады. Клубта аптасына ауысыммен 100-ден жас спортшылардың ақылы түрде қатысуына мүмкіндік бар. Балалармен 3 кәсіби жаттықтырушы жұмыс істейді. Онда келушілерге арнап барлық қолайлы жағдай жасалған. Атап айтсақ, киім ауыстыруға арналған бөлме мен душ бар. Оған қоса, бапкерлер мен медбикелерге арналған бөлмелермен қамтылған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда 5 мемлекеттік және 2 жекеменшік спорт мектебі халыққа қызмет көрсетеді. Олар спорттың 8 түрінен жастарды баулып келеді.
Ш.Хамитова