Ауданда сайлауға дайындық жұмыстары пысықталды

2025 жылғы 26 қазанда өтетін шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлауға дайындық мақсатында елімізде ұйымдастырушылық жұмыстар қызу жүріп жатыр.

Сол көштен ауданымыз да қалыс қалмады. Атап айтсақ, бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманқұмов пен Комиссия аппаратының бас консультанты Жанатқали Жакеев жұмыс сапарымен Жылыой ауданына келді. Іс-сапар барысында мониторинг тобы өңірдегі мәслихат депутатын сайлау бойынша №3 бірмандаттық округ пен №96 учаскелік сайлау комиссияларының қызметімен танысып, алдағы сайлауға дайындық барысын пысықтады.

Бұл сайлау – аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына өткізіледі. Кездесу аясында сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері кеңінен қарастырылып, жергілікті сайлау комиссияларының дайындық деңгейі бағаланды. Сонымен қатар, сайлау заңнамасының сақталуы, үгіт-насихат жұмыстарының тәртібі, дауыс беру үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету жолдары да талқыланды. Танысу шарасынан кейін “2025 жылғы 26 қазанға тағайындалған шығып қалған аудандық мәслихат депутаттарының орнына сайлауды өткізудің ерекшеліктері” тақырыбында АСК, ОСК және УСК мүшелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды.

Еске салсақ, бүгінде облыс көлемінде сайлауға байланысты ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, осы уақытқа дейін 10 140 шақыру парағы таратылып, 11 баннер орнатылған. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде 44 хабарлама, интернет-ресурстарда екі тілде 124 ақпарат жарияланып, кандидаттардың 15 ақпараттық плакаты ілінді.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT